Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әкімдігінің ғимараты отқа оранып, қаңқасы ғана қалды.
Қаңтар оқиғасы: 17 миллиард теңгеге жөнделген Алматы әкімдігінің ғимараты жер сілкінсе құлап қалмай ма?
1,499
оқылды

Дүрбелеңнен кейін құрылысшылар ғимаратты қалпына келтірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

КТК арнасының дерегінше, Қаңтар оқиғасы кезінде әкімдік ғимаратының 80 пайызына зақым келген. Бір жарым жылдан астам жөндеу жұмысы жүргізілгенмен, әзірге төрт павильонның тек үшеуі дайын. 17 миллиард теңге жұмсалған тарихи нысанның сәулеттік келбетін сақталған.

Ғимараттың сыртында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Тек қасбетке шаңырақ қағылған. Қаңтар оқиғасында ғимараттың кіреберіс есігінің бір бөлігі ғана жанбай аман қалған. 

Алты қабатты ғимарат 1980 жылы бой көтерген. Ол уақытта Алматыда бұдан еңселі нысан болмаған. Бұрын да, бүгін де жалпы аумағы – 35 мың шаршы метр. 

Тәуелсіздік алған алғашқы үш жылда Президент резиденциясы болды. Одан соң алты жылдай Үкімет отырды. Ал 1999 жылдан бері Алматы қаласының әкімдігіне өтті. Қаңтар оқиғасында барлық қапталы мен қабаты отқа оранып жарамсыз күйге түскесін әкімдік уақытша көшкен еді. 

 2022 жылдың ақпан айында басталған жаңғырту жұмысы енді ғана бітуге таяды. «Өрт болғаннан кейін бетон бағаналар, темір тіреулер бұрынғыдай ғимаратты ұстайтындай беріктігі жоғалады. Сондықтан бұл жерде сейсмикалық бекіту жүргізілді. Сондықтан, қазіргі күні жер сілкінісі болса, бұл ғимарат 9,10 балға дейін шыдайды», – дейді Алматы әкімі аппаратының басшысы Бейбіт Шаханов.

Бір жарым ай көлемінде ғимаратты жөндеу толық аяқталады. 

Бұған дейін Бас прокурор Қаңтар оқиғасының басты ұйымдастырушылардың бірі – Кәрім Мәсімов деген еді.