Ұстаздар күнін мерекелеу қарсаңында «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының конференц-залында "Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет" форумы өтті.
«AMANAT»: Ұстаз болу – ұлы қызмет
1,020
оқылды

Форум жұмысына депутаттық фракцияның мүшелері, облыстың білім басқармасының өкілдері, сондай-ақ Ертіс өңірінің қалалары мен аудандарынан педагогтар мен білім беру саласының қызметкерлері қатысты. 

Форум "AMANAT" партиясының сайлауалды бағдарламасы, "Ардагерлерді ардақтайық", "Ұлттық мұра", "Кедергісіз келешек", "Бақытты отбасы" және "Жастарға жұмыс" партиялық жобалары аясында өтті. 

Форумға қатысушыларға Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова құттықтау сөз сөйледі: 

"Өңірде 30 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. Біз Павлодар – Білім астанасы екенін мақтанышпен айтамыз. Бұл Павлодар облысының Білім саласындағы жетістіктерімен расталады. Бұл жеңістердің артында біздің ұстаздарымыздың асыл еңбегі жатыр. 2022 жылғы 5 қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Павлодар облысына келді. Абай атындағы облыстық гимназияның 85 жылдығына орай, ол оқушылармен және педагогтермен кездесті. Дәл осы кездесуде, Дүниежүзілік педагогтер күнінде Президент осы мамандықтың маңыздылығы, рөлі, педагогтердің асыл жолы туралы айтып, Павлодар облысы бойынша барлық мұғалімдерге, білім беру саласының барлық қызметкерлеріне сапалы жұмысы үшін алғысын білдірді", – деді Айзада Құрманова.

"AMANAT" партиясы Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Маликова ол үшін мұғалімдер мерекесінің ерекше маңызы бар екенін атап өтті. 

 

"Мен мұғалімдердің әулетіне жатамын, менің бүкіл отбасым өзін білім беру саласына арнады. Әр жылдары мұғалім, мектеп директоры болып жұмыс істедім, сіздердің еншілеріңізде үлкен жауапкершілік жатыр, өйткені ұстаздар еліміздің болашағын қалыптастырушы ұлы қызметтің иесі болып табылады. Жас ұрпақты тәрбиелеу және оларға білім беру оңай емес, бірақ өте маңызды міндет. «AMANAT» партиясы әрқашан мұғалімдердің мүдделерін қолдайды және қорғайды", – деді Айгүл Маликова.

Сондай-ақ, облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы «AMANAT» партиясының "Халықпен бірге!" Өңірлік сайлауалды бағдарламасы аясында биыл облыс бойынша 20 оқу орнында күрделі жөндеу жоспарланған болатын. Барлық нысандар мерзімінде тапсырылды. Қазіргі уақытта екі мектеп салынуда, ал 4 қазанда Железин ауданы Моисеевка ауылында жаңа мектеп ашу жоспарлануда. Бұл мәселе "AMANAT" партиясының ерекше бақылауында.

 

Бүгінгі таңда қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап тұрғандығы айқын. Сол бір алшақтықты қысқарту – өзекті мәселе. Бірақ мектептегі білім беру сапасы мен мектептің жағдайы қаланікінен кем түспесе асып түсетін жақсы бір мысал бар. Ол Май ауданындағы Малайсары ауылының орта білім беру мектебі.

«Материалдық-техникалық базасы мен оқу базасын нығайту және жетілдіру мақсатында 2017 жылы мектеп түлектері, ауылдың шаруашылық қожалығының басшылары, кәсіпкелерден тұратын қамқоршылық кеңес құрылды. Мұғалім мен ата-ана бірлесе жұмыс атқарғанда, оқу-тәрбие үрдісі нәтижелі болады. Мектепте ең алғаш Әкелер кеңесі ашылды. Әкелер мен мектеп арасындағы коммуникацияны жақсарту үшін ашық есіктер, тренингтер, тақырыптық ата-аналар жиналысы, спорттық жарыстар ұйымдастырамыз», – деді мектеп директоры Анара Жетібаева.

2015 жылы оңтүстіктен «Серпін-2050» бағдарламасымен келген А. Байтұрсынов атындағы инновациялық үлгідегі жалпы орта білім беру мектебінің мұғалімі Абдулла Нұрлан Павлодар өңіріне ұстаздық мамандықты қуып қоныс аударғанын айтып, жас ұстаздардың қазіргі жағдайы тақырыбында сөз сөйледі. 

«Ұлттың тағдыры – ұстаздың қолында деген сөз бар. Ертіс-Баян өңіріне алғысым шексіз. Неліктен, алғашқыда «Серпін» бағдарламасымен оқуға келгенде қиындықтар болды. Қуанышыма орай, бұл жерде маған ең ұнағаны нақтылық, қаталдық және жұмыста жүйелілік бар. Аталған артықшылықтар жас ұстазды шыңдайды. Біз қай мамандыққа түссек те ұстазға бағыныштымыз. Тәлімгерлікті қолға алып, жас ұстаздарға бағыт-бағдар беріп жатқан ұстаздарға мың алғыс», – деді ол. 

Форумның жалғасы мерекеге орай салтанатты марапаттау рәсімімен ұласты. Партияның орталық аппараты, облыс әкімдігі және облыстық мәслихат атынан алғыс хаттармен асыл мамандықтың иелері марапатталды.