Аманжол Әлтаев жат діни ағымдарға заңмен тыйым салуды ұсынды
Аманжол Әлтаев: Дәстүрге қайшы дін – ақымақтың қолына ұстатқан қарумен тең
1,012
оқылды

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев діни фанатизмге жол бермеу мақсатында теріс діни ағымдарға заңмен тыйым салуды ұсынды. Осы мәселеге қатысты ҚР Премьер-министрі мен ҚР ҰҚК төрағасына ресми сауал жолдады.

Осы тұста депутат, «AMANAT» партиясының фракциясы ұлтты бөлетін, араға жік салатын қозғалыстарды ретке келтіру мақсатында жұмыс жүргізетінін айтты.

«Дүрбелеңі көп, бүгінгі аласапыран қоғамда ұлттық асыл мұраларымыз – салт-дәстүрлерімізге деген шабуыл көбейіп барады.

Әсіресе, жастарды соқыр фанатизмге, радикализмге итермелейтін жат ағымдардың қатары күн санап артуда. Бұл тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызға төнген қауіп!

Қасиетті домбырамыздан бастап, шашу, тұсау кесу, беташар мен сәлем салу сияқты дәстүріміздің барлығын «харам» деп бас тартуға уағыздау – ұлттың тамырына балта шабудың қауіпті көрінісі. Тіпті, ұлыстың ұлы күні саналатын «Наурыз» мейрамын да қаралаушылар көбейіп барады. 

Соқыр сенімнің, білімсіздіктің, діни фанатизмнің, радикалды ағымның кесірінен Сирияға кетіп, қыршынынан қиылған, құнсыз мишеньге айналып оққа ұшқан ұлдардың тағдыры, содырлардың қолжаулығына айналып, апта сайын талақ болып абыройынан айырылған қазақ қыздарының тағдыры бүгінгі қоғамға сабақ болуы тиіс еді» - деп атап өтті А.Әлтаев.

Депутаттың сөзінше, халықты аздыратын осындай шабуылдарға заңмен тыйым салу қажет.

«Мемлекет діннен бөлекпіз деп, жат-ағымдардың тайраңдауына жол берілді. Өкінішке қарай, етек-жеңімізді жинап, есімізді жия алмай келеміз. 

Меніңше, біздің мемлекет ретінде араласып, жөнге салатын уақытымыз келді. Дәстүрге суарылмаған, білімге бағытталмаған дін – ақымақтың қолына ұстатқан қару секілді» - деді ол.