Ел аумағындағы мектептерде 2027 жылға дейін 1,5 млн ыңғайлы оқушы орны құрылып, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешіледі.
«AMANAT»-тың сайлауалды бағдарламасы аясында Қазақстанда 77 мектеп салынды
834
оқылды

Ұстаздар күні қарсаңында «AMANAT» партиясында «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының білім беру саласындағы басым бағыттары айтылды.

Мәселен, биыл 80 мыңға жуық оқушы орнына арналған екі ауысымда жұмыс істейтін 77 мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін бас-аяғы 130 мыңнан астам оқушы орнына негізделген 165 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, 53 мектепте күрделі жөндеу жұмысы, 435 мектепте ағымдағы жөндеу жұмысы аяқталды. Бұған қоса, 346 мектепте 317 пәндік кабинет ашылып, 387 мектептің жиһазы, 406 мектептің кітапханасы жаңартылды.

Сайлауалды бағдарлама аясында 2025 жылға дейін шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда бас-аяғы 3 мың мектепті жаңғырту жоспарланып отыр.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанда сапалы әрі мазмұнды білім беру жүйесі жолға қойылуы тиіс екенін атап өткен еді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында сапалы білім әр баланың мызғымас құқығы, осыған сәйкес білім сапасы еңбек нарығының сапасына байланысты  тұтастық қажет  екенін айтқан болатын. Осы салаға жауапты орталық мемлекеттік ведомстволар Мемлекет басшысы Жолдауда міндеттеген тапсырмалар мен партиямыздың сайлауалды бағдарламасында қамтылған бастамаларды жүйелі жүзеге асыруы өзекті. Ең бастысы, Президент айтып өткендей, еліміздегі білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы тиіс. Қазақстанда сапалы әрі мазмұнды білім жүйесі жолға қойылуы керек», – деді ол.

Тұрғындар саны аз кейбір ауылдарда мектеп мүлдем жоқ. «AMANAT» партиясы осы мәселені шешу үшін сайлауалды бағдарламаға мектеп автобустарын сатып алуды көздейтін тармақ енгізді. Бүгінде 314 автобус жеткізілсе, жыл соңына дейін тағы 82 автобус жеткізіледі деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, биыл 500 мектепте бейнебақылау камераларын, турникеттер, дыбыстық ескертулер және дабыл түймелерін орнату арқылы қауіпсіздік жағдайы жақсартылды. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы Динара Зәкиева балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін партиялықтар барлық өңірде мектептерге тексеру жүргізетінін атап өтті.

Алдағы бес жылда білім беру ұйымдарының 58 мыңнан астам педагогы зорлық-зомбылықтың, оның ішінде кәмелетке толмағандар арасындағы әлімжеттіктің (буллинг) және суицидтің алдын алу бойынша оқытудан өтеді. Бүгінде 5,2 мыңнан астам педагог оқытудан өтті.

Сонымен қатар, биыл бірінші жартыжылдықта патронат тәрбиешілердің жалақысы екі есе өсті. Бұл қадам, бірінші кезекте, патронаттық тәрбиеге берілген балаларды қамту аясын ұлғайтуға, сондай-ақ баланы интернат мекемесіне қайтару қаупін азайтуға мүмкіндік береді.