Атырауда салмағы жарты келі болатын нәресте өмірге келді. Бес ай бойына жансақтау бөлімінде қарқын­ды ем қабылдаған сәби жақында Атырау облыстық балалар аурухана­сына ауыстырылды.
Ең кішкентай адам: кювез артындағы өмір
443
оқылды

Бес ай ішінде небәрі екі келі салмақ қосқан шақа­лақтың өмір үшін күресі әлі жалғасып жатыр. 

500 грамнан басталған оқиға

Атырау перзентханаларының тарихында ең кішкентай сәби атымен енген нәресте 22 аптасында өмірге келді. Әрі анасының құрсағына жасанды ұрықтандыру нәтижесінде бітіпті. Ерекше жағдайда дүние есігін ашқан бүлдіршіннің анасы Анаргүлдің айтуынша, ол балалы болу үшін бірнеше рет ЭКО көмегіне жүгінген. 

«Осы уақытқа дейін басты арманымыз сәби сүю болды. Шыны керек, бес рет ЭКО-ның көмегіне жүгіндім. Жүктілігім сәтті болып, енді сәби күтіп жүргенімде 22 аптада ауырып, перзентханаға түстім.  Дәрігерлер­дің бақылауында болып, 22 аптада табиғи жолмен босандым. Өмірге егіз әкелдім. Сәбиімнің біреуі төрт сағаттан кейін шетінеп кетті. Қатты  күйзелісте бол­ғасын, бұл қызымның да аман қалуына сен­бестік танытқан едім. Қатты қорыққаны­мнан сүтім тартылып кетті», – дейді 35 жас­тағы Анаргүл.

 Дегенмен дәрігерлердің кәсіби шебер­лігінің арқасында егіздің сыңарын аман сақтап қалудың сәті түсті. Дәрігерлер ша­қалақтың жағдайы қалыпты екенін айтады. «Алайда шала туғандықтан, сәби оттегіге тәуелді, сол себепті әлі де түтікшесіз  оттегі бе­ретін аппаратқа қосылған», – дейді дә­рігерлер.

Мамандардың айтуынша, сәби біраз уақыт аппаратта болады. Өйткені өмірге келгенде  өкпесі өте кішкентай болған. Сол себепті оңалып, қалыпқа келуі үшін уақыт керек. 

Бір қызығы, алақанның көлеміндей болып, ең кішкентай салмақта дүниеге келген нәрестенің «қарын шашын алу», «қырқынан шығару» секілді ырым-жорал­ғы­ларын дәрігерлер перзентханада дәстүрге сай атқарған. «Біреуі тырнағын, екіншісі шашын алып, шақалақтың үлкен өмір жо­лына ізгі тілектерін жолдап, жақсы сөздерін арнады. Жас ананың ендігі арманы – сә­биінің тыныс алу аппаратынан ажырап, өз еркімен дем алғанын көру», – дейді Атырау облыстық перинаталдық орталы­ғының ресми өкілі Нұргүл Исмағұлова.

 

Мақсот балақайдың оқиғасы

Осыдан алты жыл бұрын Атырау облыстық перзентханасында 1 келі 260 грамм салмақпен өмірге келген Мақсот жақында 1-сыныпқа барды. 

«Мақсот – біздің екінші ұлымыз. Бөпем­ді алғаш көргенде қатты қорықтым. Кіп-кішкентай шақалақты қалай ұстаймын дейтінмін. Шыны керек, арманым – бөпемді қолыма алу болатын.  Қазір сол ұлым 6 жасқа жетті. Салмағы – 26 келі. Кейбір қатарластарынан да шымыр болып өсіп келеді, спортты жақсы көреді. Тәубе деймін. Бірінші Алла, екінші Атырау облыс­тық перинаталдық орталығының дәрігер­леріне алғысым шексіз»,  – дейді балақайдың анасы Гүлзира.

Атырау қаласындағы №5 Ғ. Мүсірепов атындағы орта мектептің бірінші сыны­бында оқып жатқан балақай болашақта атақты футболшы болуды мақсат етіп отыр.

Оларға ерекше күтім керек

Жыл басынан бері Атырау облысында 287 нәресте мерзімінен бұрын өмірге кел­ген. Дәрігерлер мұндай нәрестелер ерекше жағдайда медициналық және әлеуметтік күтім көрсетуді талап ететінін айтады.

Күнделікті тәжірибе көрсетіп отырған­дай, мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбилердің көпшілігінде физикалық әрі психологиялық даму жағынан проблемалар болады. 

«Шала туған нәрестелердің тыныс алу, ас қорыту, көру және есту қабілетінде проб­лемалар болуы мүмкін. Соның салдарынан мұндай нәрестелерде демікпе немесе жүрек қызметінде созылмалы аурулардың даму қаупі жоғары. Кей жағдайда мұндай ба­лалар­дың тілі кеш шығып жатады. Сон­дық­тан мерзімінен бұрын туылған нәрестелер көбіне медициналық және психологиялық сүйемелдеуді қажет етеді», – дейді Атырау облыстық перинаталдық орталығының ресми өкілі Нұргүл Исмағұлова. 

Мамандар сәбидің мерзімінен бұрын тууына нақты не себеп болатынын дөп басып  көрсету қиын екенін айтады.

«Ана бір баласын өмірге мерзімінен бұ­рын әкелген болса, келесі жүктілік сце­нарийінің де осылай қайталануы әбден мүмкін. Әдетте мұндай проблемалар ананың саулығында қиындықтар болған кезде туындап жатады.  Кейде шамадан тыс артық салмақтың немесе жеткіліксіз сал­мақ­тың болуы, қан қысымының жоғары болуы, стресс, дене жарақатын алу, қант диабеті, инфекциялық аурулар да нәресте­нің мерзімінен бұрын өмірге келуіне себеп болуы мүмкін. Мұндайда сәби аман-есен болса, ол әрине олжа. Дегенмен дүниеге сәби әкелу – үлкен жауапкершілік. Сон­дықтан аналарымыз денсаулығын күтуге көп көңіл бөлуі керек», – дейді Нұргүл Исмағұлова.

Жыл сайын 15 миллион сәби ерте туады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы­ның мәліметі бойынша, әлемде жыл сайын 15 миллион бала мерзімінен бұрын, яғни жүктіліктің 37-ші аптасына жетпей өмірге келеді. Бұл  –  әрбір оныншы бала ерте туылады деген сөз. Бүгінде әлемде мерзімінен бұрын босану деңгейі шамамен 15%-ға жетіп отыр. Жаһандық статистика көрсетіп отырған­дай, сәби өлімінің 70 пайызы негізінен шала туған шақалақтар арасында тіркелуде. 

Әрине, жүктілік барысында аналар дәрі­герлік тіркеуге алынып, арнайы бақылаудан өтіп жатады. Бірақ бұл жағдайдың өзі нәрес­тенің мерзімінен бұрын өмірге келуінің алдын-алуға көмектесе алмай жатады. Сон­дықтан мамандар болашақ аналарға жүкті­лікке мұқият дайындалуды және жоспарлау кезеңінде ерте босанудың алдын алу үшін денсаулықты толық тексерістен өткізіп алуды ұсынып отыр.

Баян Жанұзақ

фото: egemen.kz