Халқымыздың өткенінен сыр шертетін қастерлі мұра тарихи-мәдени жәдігерлер – өткен тарихтың куәсі. Олар кейінгі ұрпаққа аманат. Оны зерттеп, зерделеу, ғылыми айналымға енгізу, кейінгі ұрпаққа сыны мен сырын жоғалтпай жеткізу – парыз.
Тарихи-мәдени ескерткіштер —  ұлт байлығы
2,415
оқылды

Бүгінде Батыс Қазақстан облысында жалпы саны 2 143 тарихи және мәдени ескерткіш болса, соның ішінде респуб­лика­лық маңызы бар 30 ескерткіш, жер­гілікті маңызы бар 2 111 ескерткіш мемле­кеттік тізімге енгізілген. 

Ұлттық тарих пен мәдениеттің құнды жәдігерлері болып есептелетін бұл байлы­ғы­мызды қалай қорғап жүрміз? Біз осы сұрақты БҚО-ның Мәдениет, тілдерді да­мыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсеновке қойдық. 

– Айрықша тарихи-мәдени мұра нысандарын қайта қалпына келтіру мен сақтау, музейлендіру  мәселелері отандық мәдениет саласы үшін қашанда өзекті екені белгілі. Өңірде 1996 жылдан бастап та­рихи-мәдени мұраны есепке алу, қорғау және сақтау бағытында басқармаға қарас­ты облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспек­ция жұмыс істейді. 2022 жылы мекеме ғимаратына  жөндеу жұмыстары жүргізілді, сонымен бірге бөлінген қаражат шеңберінде материалдық-техникалық базасын жабдықтау жалғасуда, – дейді басқарма басшысы Сайран Дүйсенов. 

Еліміздің заңмаларына сәйкес тарихи және мәдени ескерткіштердің бес түрі бар. 

Біріншісі, археология ескерткіштері. БҚО-да 1945 археологиялық нысан бар. Мәдени-тарихи ескерткіштердің екінші түрі – қала құрылысы және сәулет ескерт­кіш­тері. Аймақта бұл тізімге 135 нысан кіреді. Үшіншісі, ансамбльдер мен ке­шен­дер. Батыста 26 нысан осы тізім бойынша қорғауға алынған. Төртіншісі – киелі объектілер. Облыс бойынша Қазақстанның жалпыұлттық киелі нысандар тізіміне 9 нысан енгізілген. Олардың қатарында Жайық қалашығы, Хан Ордасы музей-қорығы, Тақсай қорғандар кешені, Жұмағазы Хазірет кесенесі (Дәдем ата), Ғұмар Қараш кесенесі, Дәулеткерей кесенесі, Алашорда музей, Сегізсай және Қырықоба қорғандар кешені кіреді. 

Тарихи-мәдени ескерткіштердің бе­сін­ші түрі – монументтік өнер құрылыс­тары. 

– Біздің өңірде ондай 37 нысан бар, –  дейді басқарма мамандары. 

Ескерткіш —  ұлттық тарих пен мәде­ниеттің құнды жәдігері. Олар елдің өт­ке­нінен сыр шертетін халықтың байлы­ғы ғана емес, тәрбие берудің құралы.  Ес­керт­кішті қорғау мен насихаттау мемле­кеттік деңгейдегі шара болғанмен, оған жергілікті билік пен тұрғындар барынша атсалысуы керек.

– Орал қаласының тарихи-сәулет тірек жоспары  жасақталды. Бұл жергілікті жер­дегі тарихи және мәдени ескерткіштердің аумағы мен орналасқан жерін тіркейтін құжат.  Аталмыш жоспар республика бо­йын­ша облыста ғана жасақталғанын және салалық министрлікпен келісілгенін атап өтеміз. Биыл республикалық бюджет есе­бінен 4 нысанға, соның ішінде Орал қала­сындағы 1901 жылғы бұрынғы көпес А. Каревтің үйі, қазіргі Ғ. Құрманғалиев атын­дағы облыстық филармониясы мен  1896 жылғы бұрынғы әскери шаруашылық басқармасы, қазіргі Х. Есенжанов атын­дағы балалар және жасөспірімдер кітап­хана­сы ғимараттарын ғылыми-рестав­рациялау жұмыстарына 252 млн теңге қаражат қарастырылған. Аталмыш жұмыс­тар 2024 жылы аяқталатын болады. Ал  1872 жылғы Хан Ордасы музей-қорығы құ­ра­мындағы Аурухана-амбулатория ғима­раты мен 1842 жылғы  мемлекет және қоғам қайраткері А. Оразбаева үйіне 170 млн теңге қаражат қарастырылған және биыл қайта қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау жоспарлануда, –  дейді БҚО-ның Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсе­нов. 

Хан Ордасы музей-қорығында келуші­лерді қабылдауға арналған  визит-орталық пен әкімшілік ғимаратының құрылысына 432 млн теңге жұмсалды. Жұмыс  «Қара­шыға­нақ Петролеум Оперейтинг б.в.» ком­паниясының инвестициялық қара­жаты есебінен жүргізілді.  Қазан айында салтанатты ашылуы жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде музей-қорықтың инфра­құрылымын жақсартып, туристік әлеуетін арттыруға себеп болары сөзсіз деп отыр мамандар. 

Облыс аумағында ғылыми-рестав­рация­лау жұмыстарын жүргізуді қажет ететін тарихи-мәдени ескерткіш баршы­лық. Оларды реставрациялау үшін үлкен көлемді жұмыс істелуі тиіс. 

Мәселен, Орал қаласының тарихи бө­лігінде орналасқан бұрынғы 1864 жылғы орыс-қазақ мектебі. Ол қазір облыстық тарихи музей болып тұр.  Ал кезінде атамандар үйі болған ғимарат 1823 жылы салынған. Ол жерде қазір облыстық Полиция департаментінің емханасы бар госпиталі және бұрынғы типтік қалалық тұрғынжай бар. Бұдан бөлек, 1878 жылғы қазіргі Орал гарнизонының әскери про­куратурасы ғимараттарына жедел түрде ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу қажет. Осы жұмыстар үшін қазір мүдделі мемлекеттік мекемелермен келіс­сөздер жүргізіліп жатыр, – деп мәлімдеді басқарма басшысы Сайран Темірғалиұлы. 

Бүгінгі ғаламдану процесінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен өзінің бет-бейнесін, ізгі дәстүрлерін сақтау жолын­дағы күрес – ұлттық сананы сақтау күресі. Ұлттық сана тек ұлттық құндылықтар арқылы қалыптасады. 

Қарапайым тілмен айтқанда, ұлттық мәдени құндылықтар – белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән зат, адами қадір-қасиет, яғни халық ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құн­дылықтар. Бұл ретте біздің кешегі жүріп өткен жолымыздың куәсі тарихи ескерт­кіш­тердің келесі ұрпаққа аман-есен жетуі, аманатталуы аса қажет екенін ұғындырса керек. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы