Жиында елдің қай өңірінде мұғалім жетпейтіні айтылды.
7 мұғалім «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын алды
4,674
оқылды

Мемлекет басшысы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бірқатар мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын берді, – деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

 

Аталған марапат мына мұғалімдерге салтанатты түрде табысталды:

  • Еңбек ардагері Майра Мәмбетова (Алматы қаласы);
  • Қожаберген жырау атындағы орта мектеп мұғалімі Айжан Қапезова (Петропавл қаласы);
  • С.Әбдіжаппаров атындағы жалпы орта мектеп-интернатының мұғалімі Роза Салимова (Түркістан облысы);
  • А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназия мұғалімі Сәбира Күлпейісова (Қарағанды қаласы);
  • Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу-тәрбие кешенінің мұғалімі Сәбит Ибадуллин (Павлодар облысы);
  • Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің мұғалімі Айгүл Ержанова (Астана қаласы);
  • Ақтөбе облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының мұғалімі Баян Базарғалиева.

Қазақстанның білім беру саласында – мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 500 мыңға жуық педагог жұмыс істейді.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, бүгінде Қазақстан мектептерінде 340 958 мұғалім жұмыс істейді. Оның 274 мыңы – әйелдер, 66 мыңы – ер адамдар. Еңбек өтілі 10 жылға дейінгі мұғалімдер – 139 мың, 10 жылдан 20 жылға дейін – 98 мың, 20 жылдан 30 жылға дейін – 64 мың, 30 жылдан жоғары 39 мың мұғалім бар.

Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру нысандарында 36 315 оқытушы қызмет етеді. Оның 24 мыңы әйелдер болса, 11 860-ы ерлер. Еңбек өтілі 10 жылға дейінгі мұғалімдер – 19 мың, 10 жылдан 20 жылға дейін – 8 мың, 20 жылдан 30 жылға дейін – 5 мың, 30 жылдан жоғары 3521 оқытушы бар.

Мектепке дейінгі ұйымдарда педагогтер саны – 97 188. Оның арасында 94 648 әйел, 2 540 ер адам бар. Еңбек өтілі 10 жылға дейінгі педагог – 64 мың, 10 жылдан 20 жылға дейін – 20 мың, 8 жылдан 30 жылға дейін – 5 мың, 30 жылдан жоғары 4 мың тәрбиеші бар.

Сонымен бірге Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, Қарағанды, Атырау, Ақмола, Алматы, Ақтөбе облыстарында мұғалімдердің тапшылығы байқалады. Пәндер бойынша елімізде математика, бастауыш сынып, орыс тілі және әдебиеті, физика, химия және ағылшын пәндерінен мұғалімдер жетіспейді.

Фото: Ақорда