Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа қоғамда жиі талқыланатын діни ахуал жайында депутаттық сауал жолдады.
«Елдің бәрі хиджап пен ниқаб киюі керек» деген талап Ата заңға  қайшы келеді – Нұртөре Жүсіп
1,249
оқылды

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Дархан Қыдырәлі, Руслан Рүстемов деструктивті күштер ақпараттық кеңістіктің барлық мүмкіндіктерін өз қызметінде оңтайлы пайдаланып отырғанын алға тартты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Сізге өте маңызды мәселе бойынша депутаттық сауал жолдағалы отырмыз.

Рас, Қазақстан – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет.

Конституцияға сәйкес бізде ар-ождан бостандығы бар.

Иман – жүректе. Ізгілік – тілекте.

Азамат қай дінді ұстанады? Оның сенім-нанымы қандай? Әркімнің өз еркі. Бұған Ата заңда кепілдік берілген.

Бірақ солай екен деп өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды ала тайдай бүлдіруге, өз діни ұстанымын өзгеге таңуға, топ құрып, жік-жікке бөлінуге жол беруге болмайды. «Домбыра – харам, сәлем салу – харам, елдің бәрі хиджап пен ниқаб киюі керек» деген талаптар Конституциямызға қайшы келеді.

ХХІ ғасыр – жаһандану заманы. Өркениет көшін бастап келе жатқан мемлекеттер қайда? Біз қайдамыз? Озық жұрт қазір Жасанды интеллектпен, технологиялық жетістіктермен айналысып жатқанда біз елімізді орта ғасырдағы деңгейге сүйремекпіз бе? 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Интернет арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі», – деп атап өткен болатын.

Ұлттық құндылықтар – қазіргідей жаһандану кезеңінде жастарды түрлі гибрид, суб мәдениеттердің ықпалына түсіп кетуден қорғайтын бірден-бір иммунитет.

Біздің ата салтымыз бар. Халықтық қалпымыз бар. Қанша дәуірден бері қалыптасқан Ұлттық құндылықтарымыз бар. Солардың бәрін тәрк етеміз бе? Ата дінімізді ардақтаудың, салт-дәстүрімізді сақтаудың орнына бүкіл қоғам болып өзге ағымдардың жетегінде кетеміз бе?

Мәселе дабыл қағарлық деңгейге жетті.

Елімізде дінге қызығушылардың орташа жас мөлшері жасарып келеді. Бейресми деректерге сәйкес, діни білім ізденушілердің 75%-ы ашық интернет ресурстарды пайдаланады. Өз кезегінде деструктивті күштер ақпараттық кеңістіктің барлық мүмкіндіктерін өз қызметінде оңтайлы пайдаланып отыр.

Бүгінде ашық интернет ресурстар арқылы, ислам дінінің кейбір ұстанымдарын алға тартып, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығаруға тырысқан контенттер көбейді.

Соның салдарынан өз азаматтарымыз тарапынан салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызға, дәстүрлі мәдениет пен өнерге қарсылық білдіру, мемлекеттік рәміздер мен кейбір мерекелерді құрметтемеу, заңмен белгіленген әскерде қызмет ету, орта білім алу сияқты ортақ міндеттерден, медициналық рәсімдердің кейбір түрлерінен бас тартуы секілді зайырлы қоғам талаптарына сай келмейтін қарсылықтар анық байқалуда.

Сондай-ақ жастардың фокусын жалпыға ортақ оқу-білімнен, парасатты пайымнан, заманауи құндылықтардан бұрмаланған таяз діни түсініктерге бұрып әкету әрекеттері ашық жүріп жатыр.

Радикалды идеология жетегінде жүрген азаматтар қоғамның барлық саласында қызмет етіп жүр. Олар сырттай ашық қарсылық танытпағанымен, іштей сол ағымда. Қазір сыртқы күштер түрлі қоғамдық қорлар, бірлестіктер ретінде құрылып, ағарту, білім беру, әлеуметтік қолдау көрсету, қаржылай гранттар бөлу сияқты бір қарағанда «жанашырлық» шаралармен айналысып жүргендей. Яғни,  «Жұмсақ күштер» теріс пиғылдарын жүзеге асырып, «әлеуметтік», «қайырымдылық» шаралар арқылы олар өз жақтастарын көбейтуде. Бұлардың отбасында өсіп келе жатқан балалардың саны мен олардың айналасындағы адамдарға ықпалын ойлаудың өзі қорқыныш туғызады.

Сарапшылар деструктивті діни идеологияның жетегінде кетудің бірден-бір факторлары бұл – білімнің таяздығы, жұмыссыздықтың  белең алуын атайды. Сондай-ақ осыларды еңсеруге бағытталған әлеуметтік бағдарламаларға қол жетімсіздігін айтып отыр. 

Бүгін де осындай сырт күштерден азматтарды арашалап алуға көмек көрсететін сауатты теологтер мен имамдар да тапшы. Себебі елімізде имамдарды дайындайтын 9 медресе мен бір ғана университет жұмыс істейді (Нұр-Мүбарак). Нәтижесінде, Иордания, Египет, Түркия, Сауд Арабиясы және тағы басқа шетелдерден бейресми өз бетімен барып оқып жатқан азаматтар аз емес. Олардың білімінің идеологиялық бағыты мен дәстүрлі дінімізге сәйкестігі сұрақ тудырады.

Жоғарыда аталған жағдаяттардың алдын алуға, осы саладағы құзырлы органдардың арасында өзара үлестірудің және тәукелдерді басқаруда жүйелі, бірізді жұмыстардың болмауы да бірден-бір себеп.

Мәселен, өткен жылдарда өңірлерде дін істері басқармалары ашылып, көп уақыт өтпей «оптимизация» деген желеумен жабылды. Тек 2021 жылғы мамырдағы Президенттің тапсырмасынан кейін жеке басқармалар болып қайта құрылды. Соған қарамай Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстарында бұл басқармалар әлі күнге ашылмай отыр.

Тағы бір мысал, 2019 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы Парламентте қаралып, бірқатар жақсы норма ұсынылды.  Алайда заң бастамашысы Үкімет, заң жобасын кері қайтарып алды. Көріп отырғанымыздай біз өзімізге келер қауіпті байқасақ та, онымен күресте табандылық көрсете алмай отырмыз.

Құрметті Әлихан Асханұлы! Қазақстан тәуелсіздік алған тұстан бастап өзін әлемге толерантты, көпұлтты, көпконфессиялы, зайырлы ел ретінде танытты. Алайда бұл жастарды түрлі деструктивті ағымдардың жетегіне салып беру деген сөз емес.

Бүгінгі жастар  – ертеңгі Қазақстанның келбеті. Оларды заманауи құндылықтарды жоғалтып, тар түсінік пен пайымның шеңберіне кіргізбеудің алғышарттарын жасау бойынша келесі кешенді шараларды қабылдау қажет деп санаймыз.

Бірінші, шетелдердің озық тәжірибесін зерделей отырып, қолданыстағы заңнаманы ұлттық дүниетанымды ескере отырып жетілдіруді;

Екінші, ұлттық құндылықтарды мемлекеттік деңгейде насихаттау, БАҚ-та, мектеп және отбасында, қоғамдық институттарда кеңінен таным-түсінік жұмыстарын жүргізу;

Үшінші, Дін істері басқармаларын барлық өңірлерде бөлек басқарма ретінде қайта ашу және олардың кадрлық әлеуетін күшейтуді;

Төртінші, өңірлердегі Діни проблемаларды зерттеу орталықтарының материалдық-техникалық әлеуетін арттырып, қызметкерлерінің жалақыларын көтеруді;

Бесінші, өңірлердегі Жастар ресурстық орталықтарының әлеуетін көтеріп, жастарды деструктивті ағымдардың ықпалынан сақтандыру және алдын алу бойынша кешенді іс–шаралар ұйымдастыру нысаны ретінде пайдалануды;

Алтыншы, шетелдерден өз бетінше діни білім оқып келіп жатқан азаматтарды, қайта даярлықтан өткізетін және дипломдарын аккредитациялайтын ұлттық дәстүрге негізделген орталық құруды және де Үкімет, бұл өзекті мәселелерді қатаң бақылауда ұстауы керек.

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес, Сізден, жоғарыда көтерілген  мәселелер бойынша толық жазбаша жауап беруді сұраймыз.