Полицияға бағынбаған жолаушыны пойыздан түсіріп тастауға тура келген.
«Маңғыстау – Атырау» пойызында жолаушы жанжал шығарды
8,834
оқылды

«Маңғыстау-Атырау» пойызында мас жолаушы жанжал шығарған, – деп хабарлайды Aikyn.kz Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 56 жастағы жолаушы мас күйінде балағат сөздер айтып, өзгелердің мазасын алған. Қауіпсіздік мақсатында ер адам пойыздағы полиция бөлмесіне жеткізілді. Алайда ер адам тынышталудың орнына, одан бетер ашуланып, пойыз басшысы бұзақыны жақын маңдағы станцияға түсіріп кетуге мәжбүр болған.

Медициналық сараптама қорытындысы нәтижесінде, ұсталған азаматтың орташа дәрежеде мас болғаны анықталды. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің үш бабы бойынша әкімшілік материал жинақталды. 440-бап (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу), 434-бап (Ұсақ бұзақылық), 667-бап (Құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау) және 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Маңғыстау аудандық сотының шешімімен ер адам ұсақ бұзақылық пен бағынбағаны үшін 50 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.