Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ұстаздар қауымының кәсіби мерекесіне орай педагогтерді құттықтап, алғысын білдірді. Іс-шарада ардагер-ұстаз Әлима Әбдіхалықова Қызылорда облысының Құрметті азаматы атанса, “Орта білім беретін үздік ұйым” облыстық байқауының жеңімпазы Ә.Мүсілімов атындағы № 101 мектеп-лицейге 34 миллион теңге табысталды.
Қызылордада үздік мектепке 34 миллион теңге табысталды
5,442
оқылды

Салтанатты шарада аймақ басшысы мұғалімдердің қоғамдағы рөлі мен өңірдің дамуына қосып жатқан сүбелі үлесін ерекше атап өтті. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында «Болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – маңызды міндет» деп ерекше атап өтті. Бүгінгідей өзгерістерге қадам басқан уақытта жас ұрпаққа сапалы білім беріп, тәрбиелеуде ұстаздардың еңбегі ерекше, мәртебесі биік. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірімізде 100 млрд теңгеге  12 300 орындық 21 мектеп салынуда. «Білімді қолдау қоры» есебінен  7,9 млрд теңгеге физика-математика бағытындағы мектеп-интернат құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жаңа оқу жылында Қызылорда қаласындағы 4 іргелі мектептің жанынан қосымша ғимараттар пайдалануға берілсе, «Бәйтерек» шағын ауданы тұрғындары асыға күткен 600 орындық жаңа мектеп бүгін салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне табысталды», – деді Н.Нәлібаев.

Мерекеде ұлағатты ұстаздар марапат төрінен көрінді. Сыр елінің үлгілі ұстаздары ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімінің  марапаттарына ие болса, Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған № 4 облыстық мектеп-интернатының мұғалімі Әсемкүл Жақсылықова «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталды. Бірқатар педагогтер ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» құрметті атағын, Құрмет грамотасын, «Орта білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломын, облыс әкімінің Алғыс хатын алды.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы