Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындары аяқталуға жақын. Спортшылар біртіңдеп елге оралып жатыр. Мысалы, боксшылардың бір бөлігі Астанаға келсе, екінші жартысы Алматыға келіп қонды. Ерлер құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов, команда капитаны Асланбек Шымбергеновті Алматы әуежайынан күтіп алғандар көп, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Біз басым болсақ та, жеңіс қарсыласта кетті – Айтжанов Азия ойындарынан кейін мәлімдеме жасады
4,754
оқылды

Qaz365.kz тілшісі де  арасында болып, Азия ойындарына қатысты пікірін сұраған еді. 

«Азия ойындарында жоғары мақсат қойған едік. Бірақ кейбір жағдайларға байланысты жете алмадық. Оны тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем көрді ғой. Жігіттеріміз жақсы дайындықпен барды. Ешқайсысы аянып қалған жоқ. Ел үшін рингте қолдарынан келгенін жасады. Алайда басымдық бізде болса да, жеңіс қарсыластың еншісінде кеткен жағдайлар бар. Оған да еңсемізді түсірмей,басқа жігіттерді шығарып, соңына дейін тырыстық. Дегенмен нәтиже осындай болды. Бір күміс, екі қола медаль – біз үшін ең төменгі көрсеткіш. Олимпиадаға кемі төрт жолдама аламыз деп барғанбыз», – дейді бас бапкер Мырзағали Айтжанов.

Бокстан ерлер құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов 71 келіде қола жүлде алды. Бірақ оның жартылай финалда жапон боксшысы Севон Окадзавамен жекпе-жегі біразға дейін айтылып жүретіні сөзсіз. Отандасымыз қарсыласын соққының астына алса да, жеңіс Окадзаваның еншісінде кетті. Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев «Бұл Азия ойындарының тарихындағы ең әділетсіз шешім» деп айтты. Ал боксшы өзіне қысастық алғашқы жекпе-жегінен басталғанын жеткізді.

«Бірінші кездесуім  қытайлықпен болды. Сол кезден бастап, төрешілер тарапынан қысым күшейді. Не үшін олай болғанын өзім де түсінбедім. Өзбек боксшысымен кездесуді өздеріңіз көрдіңіздер. Бірінші-екінші раундта төрешілер ұпайды қарсыласқа беріп отырды. Тек үшінші кезеңде бар күшімізді жинап, нокдаундармен ұтып кеттім. Қазақ еліне алтын сыйлағым келген. Мақсатым орындалмады. Өкінішті, бірақ жеңілдім деп ойламаймын. Енді бір емес, екі бас жоғары деңгейлі бокс көрсету керек шығар. Дайындаламыз, еңбек етеміз. Ең бастысы, мойымаймыз», – дейді Асланбек Шымбергенов.

Айта кетейік, бокстан ерлер құрамасы 1 күміс, 2 қола медаль еншіледі. Күміс – Қамшыбек Қоңқабаевқа тиесілі. Қола медальдың біреуін Шымбергеновтен бөлек, 92 келідегі Сағындық Тоғамбай еншіледі.

Фото: Sports.kz