Ұйымның қызметін үйлестіру мен бірыңғай бақылауды Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жүзеге асырады.
Қазақстанда жетім балаларды қабылдайтын кәсіби отбасы институты пайда болмақ
1,084
оқылды

Қазақстанда жетім балаларды қабылдайтын кәсіби отбасы институты енгізіледі. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, – деп хабарлайды Aikyn.kz

«Баланы қабылдап алушы ата-аналардың баланы асырау, тәрбиелеу және оқыту бойынша жүктелген міндеттердің орындалуын бақылауды қорғаншылық және қамқоршылық органдары жүзеге асырады, сонымен бірге қабылдап алушы ата-аналарға балалардың өмірі мен тәрбиесіне қажетті қалыпты жағдай жасауға көмек көрсетеді. Заңға сәйкес, қабылдап алушы ата-аналар бала он сегіз жасқа толғанға дейін қорғаншылық және қамқоршылық органдарына қабылдап алынған баланың тұрмыс жағдайы, білімі, тәрбиесі және денсаулығы туралы есеп беруге міндетті», – деді Үкімет басшысының орынбасары өз жауабында.

Оның айтуынша, жетім балаларды отбасына орналастыру мәселелері бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органдарының және жетім балаларға арналған ұйымдардың қызметін үйлестіру мен бірыңғай бақылауды Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жүзеге асырады.

«Қазіргі таңда Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан «Білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында жетім балаларды отбасыға орналастырудың баламалық нысаны ретінде қабылдаушы кәсіби отбасы институты енгізіледі. Заң жобасына сәйкес, қабылдаушы кәсіби отбасылар психологиялық дайындықтан, қорғаншылық және қамқоршылық органдарынан аккредитациядан өтіп, балалар анықталғаннан кейін тәуліктің кез келген уақытында денсаулық жағдайына қарамастан бірден қабылдайды», – деді Тамара Дүйсенова.

Премьер-министр орынбасарының сөзінше, қабылдаушы кәсіби отбасыларды енгізу балаларды қолдау орталықтарындағы тәрбиеленушілер санының төмендеуіне ықпал етіп, олардың қызметі балаларды тәрбиелеу мен күтіп бағудан кәсіби отбасыларды сүйемелдеуге және осы отбасыларға берілген балаларды бақылауға бағытталады.