Өткен жұма күні Алматы облысы Чапаев ауылында «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушылары­мен кездесу өтті.
50 мың адам қаржылық сауатын арттырды
604
оқылды

Өткен жұма күні Алматы облысы Чапаев ауылында «AMANAT» партиясы халық­тың қаржылық сауатын арт­тыру мақсатында Halyk Bank-пен бірге жүзеге асырып келе жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушылары­мен кездесу өтті. Іс-шарада пар­тияның облыстық фи­лиа­лы­ның төрағасы Қуат Бай­ғоджаев модератор болды. Бүгінде өңірдің 6 мыңнан астам тұрғыны жоба аясында оқуын аяқтады. 

Өздеріңіз білетіндей, Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жол­дауында азаматтардың қаржылық сауатын арттырудың маңызын тілге тиек етіп, биыл мамырдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасының тиімділігін атап өтті. Бүгінде осы жоба асында 50 мыңнан астам отандасымыз қаражатын тиімді басқаруды және шығындарды оңтайландыруды үйренді.

Бұл ретте, жоба түлектерінің 90 пайызы оқу процесі кезінде ғана алған несиесінің артық төлем мөлшерін біліп жатады. Несиені қай банкте рәсімдегені немесе несие шартының түпнұсқасы қай­да жатқаны көп адамның есінде жоқ. «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, қаржы технологияла­ры­ның қарқынды дамуы мен ха­лықтың қаржылық сауатсыздығы елдегі әлеуметтік проблемаларды шиеленістіре түсті.

«Көп адамның шығыны кірі­сінен асып түседі. Адамдар айыр­ма­шылықты несиемен өтеуге ты­рысады. Көп жағдайда бір не­сиенің қарызын екінші несиемен жабады. Жобаға қатысушылардың бірінде бір мезгілде 26 несие бол­ды. Яғни, адамдар қарызды «жеңіл ақша» ретінде қабылдайды. Сондықтан Мемлекет басшысы жоба игілігін бүкіл еліміз көруі үшін оның ауқымын кеңейтуді тапсырды. Мәселен, келесі жылдан бастап барлық ауданда қаржы сарапшылары жұмыс істей бастайды. Оларға кез келген уа­қытта барып, кеңес алуға болады. Алайда мәселенің тек салдарымен ғана емес, сонымен бірге себебі­мен де күресу керек. Осы мақсатта, партия мектептерге, колледждерге және жоғары оқу орындарына қар­жылық сауаттылық сабағын енгізу үшін оқу құралын әзірлеуге кірісті», – деді ол.

Еңбекшіқазақ ауданы Нұра ауылының тұрғыны Махаббат Әлиева «Қарызсыз қоғам» жо­басына қатысудан алған әсерімен бөлісті. Ол жеті бала өсіріп отыр. Оның бірі – І топтағы мүгедек.

«2022 жылы банктердің бірінен 735 000 теңге көлемінде несие алдым. Күйеуім екеуміз оны біраз уақыт төлей алмадық. Өсімақы пен айыппұлдар жинала бастады. Бұл ретте, жоба заңгерлері банкке хат жолдап, соның нәтижесінде ай сайынғы төлем 47 мың теңгеден 40 мың теңгеге дейін төмендеді», – деді ол.

Ал М.Түймебаев ауылының тұрғыны Жеңісгүл Дәулетова мү­гедектігіне қарамастан бизнеспен айналысады. Кәсіпкер қазақтың ұлттық киімдерін, көрпелер мен киіз бұйымдарын тігеді. Оқу ба­рысында салық есебін жүргізуді, ШОБ-ты мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысуды үйрендім. Жоба сарапшылары кәсіпкерге бизнес-жоспар құруға көмектесіп, енді ол тігін цехын ашу үшін жеңілдікпен берілетін несие алуды жоспарлап отыр.

Эльдар Жұмағазиевтің ай­туынша, микро және шағын бизнес өкілдерінің базарлар мен сауда орталықтарындағы тауар өткізу нүктелеріне қолжетімділігін қамтамасыз етіп, өңірлік әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпора­циялармен ынтымақтастықты жолға қоюы керек.

Өз кезегінде «Қарызсыз қо­ғам» жобалық кеңсесінің басшысы Ақмарал Бекмұрзаева қазір елдің экономикалық белсенді өкіл­дерінің 77 пайызы несие алғанын, ал 1,5 млн адамның мерзімі өтіп кеткен берешегі бар екенін атап өтті.

«Жобаны жүзеге асыру кезінде жиған тәжірибеме қарап, несие қарызы отбасындағы қарым-қа­тынасқа да теріс әсер ететінін ай­тар едім. Тіпті, кей жағдайда мұн­дай қарыздар ауық-ауық естіп жататын қайғылы оқиғаларға да себепкер болады. Жоба қатысушы­лары көбіне-көп кіріс көлемін арттыру үшін жеке кәсіп ашу жол­дары туралы сұрайды. Жоба ая­сында сарапшылар жеңілдікпен берілетін несие мен грант алуға қажет бизнес-жоспар құруға кө­мектеседі. Бұл жұмыс та ақысыз негізде жүргізіледі. Қаржы маман­дарының дәрісінен бөлек, оқу процесі барысында қатысушы­ларға заңгер көмегіне кепілдік беріледі. Олар әр қарыз алушының несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша тәжірибелік кеңес береді», – деді ол.

Еске сала кетейік, биыл сәуірде «AMANAT» партиясы Halyk Bank-пен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасының басталғанын жариялап, тиісті меморандумға қол қойған болатын. Жобаны Halyk Bank қаржыландырады. Жобаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының қаржылық сауа­тын арттыру. Жыл соңына дейін 60 мыңға жуық адам «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында оқудан өте алады. Курсқа жазылу үшін тұр­ғылықты жері бойынша «AMANAT» партиясының аудан­дық филиалына хабарласу қажет. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Оқу процесінің ұзақтығы – 

5 жұмыс күні. Бүгінде курстар Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түр­кіс­тан облыстарының тұрғындарына қолжетімді.