Соңғы бірнеше жылдан бері қоршаған ортамызға үлес қосқысы келетін адам­дардың басын біріктіретін жақсы дәстүр қалыптасты.
Тәрбиеге үндейтін дәстүрлі акция
467
оқылды

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» демекші, өсіп келе жатқан өскіндерге үлгі-өнеге боларлық ағаш отырғызу нау­қанына қатысушылардың қарасы артып отырғаны қуан­тады. Жақында Астана қа­ласы әкімдігінің жанын­дағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен «Жанұя» орталығының ұйытқы болуымен Әлеумет­тік қорғау жүйесі қызметкер­лері күніне орай «Өз аға­шыңды отырғыз» әлеуметтік акциясы өтті. 

Бұл орталық көпбалалы, то­лық емес, жағдайы төмен от­басыларға, мүгедек бала тәрбие­леп отырған отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға кешенді кеңес беру қызметтерін көрсету, отбасы институтын ны­ғайтуға бағытталған шараларды ұйымдастыру және жүзеге асыру мақсатында құрылған еді. Бүгінде орталық әлеуметтік жағынан қолдау ғана емес, игілікті істердің ұйымдастырылуына да атсалы­сып келеді. Бұл күні де қиын өмір­лік жағдайға тап болған от­ба­сылардағы балаларды эколо­гия­лық тәрбиелеу арқылы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты жақсарту, ортақ істе отбасының бірлігін арттыру, ба­лаларды еңбекке баулу және де қоршаған орта мен табиғатты аялау әр адамның жауапкершілігі екенін сезіндіруді мақсат тұтып отыр.

Іс-шараға Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комис­сия мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары мен көпбалалы отбасылар қатысты.

«Мұндай акцияның берері мол. Себебі осындай тәрбиелік мәні зор қоғамдық акциялар отбасыларды қоғамдық іске араластыру, балаларды еңбекке баулу, табиғатты құрметтеу, жауап­кершілікті сезінуге мүм­кіндік береді. Қазіргі еккен тал-шыбық, ертең жапырағы жай­қалған ағаш, одан әрі көрікті орман болатыны белгілі. Осыдан бірнеше жыл өткен соң бұл ағаш­тардың саясын немере-шө­берелеріміз көретін болады. Таза экология, таза қала – жарқын болашағымыз үшін, келешек ұрпағымызға қалады. Дана қазақ «Атадан мал қалғанша, тал қал­сын», деп ағаштың адамзатқа берер пайдасын ерекше атап өткен», – деді Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демогра­фиялық комиссиясының хат­шысы Қарлығаш Саркенова.

Акцияға қатысушылар бір мезетте 70-ке жуық ағаш отыр­ғызды. Жер бөліп, ағаш отыр­ғызуға Сарыарқа ауданы әкімдігі қолдау көрсетті. Өз кезегінде акцияға қатысушылар қоғамды қоршаған ортаны аялауға үндей­тін осындай дәстүрлі іс-шараға атсалысқандарын мақтаныш етті. Олардың айтуынша, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қаты­насты жақсарту, ортақ істе от­ба­сының бірлігін арттыруда мұндай шараның маңызы зор. Өйткені осы арқылы балаларды еңбекке баулу және қоршаған орта мен табиғатты аялаудың жауапкерші­лігі жоғары екенін сезіндіруге болады. 

 

Ж.МҮСІЛІМ