Алматыдағы Ұлттық кітапханада бұрын-соңды болмаған ерекше кеш өтті.
Жоғалған жыр жарты ғасырдан соң халқымен  қайта қауышты
4,613
оқылды

 «Ерекше» деуіміздің өзіндік жөні бар. Себебі аталған қарашаңырақта осы уақытқа дейін танымал тұлғалардың шы­ғармаларының тұсауы кесіліп келсе, бұл жолғы қазалылық ақын Ынтызар Әбішевтің жөні мүлдем бө­лек. Оның есімі бұған дейін жалпақ жұртқа беймәлім болып келген. Тағдыры қасіретке толы. Сондықтан да болар, руханият ордасының Роза Бердіғалиева атындағы залында өткен ақынның «Өмірде өлең ғана – бар асылым» кітабы мен ол туралы «Жоғалған жыр» фильмінің тұсаукесер рәсімінде толқымаған, көзіне жас алмаған жан кемде-кем.

Жиналған жұрттың мұндай сезім мен көңіл күйді бастан кешуіне бір­­неше себеп бар. Өйткені Ынтызар Әбі­­­­шев – іздеусіз қалған ақын. Жыр­лары жоғал­ған, тоналған. Тауқымет ар­қалап, ар­манда өткені тағы бар. Не­бәрі орда бұ­зар 30 жасында ауру алып тынған, сүйегі туған жерінен алыста, сонау Қы­рымда қалған, «Қазалының Пуш­­кині» атанған ақынның көзі тірі­­­сінде ғана емес, өмірден өткен соң да тарт­­­­қан қа­­сіреті аз емес. Артында ұр­пақ қал­­­маған ақынның бар байлығы – өлең­дері, қолжазбалары талан-та­ражға түс­­іп, тіпті, кейбір пысықайлар өз аты­­­нан кітап та шығарып үлгерген. Міне, осы­­дан кейін-ақ оның кітабын құрас­тырған немере інісі Нұршайық Әбду­әли мен досы Нұрсұлтан Мық­тыбайға ақын­ның ұстағанның қо­лында, тісте­­­ген­нің ау­­зында кеткен өлеңдерін жи­нап, бас-ая­­­ғын бүтіндеу оңайға соқпа­­ғанын көруге болады. Осы себептен де аз ғана ғұмы­­­рында өлеңге ғана мұң ша­­­­­­­­­­­­­ғып, қаламы ғана шынайы жан жол­­­­дасы болған Ын­тызар Әбішевтің бел­­­гілі, белгісіз, жоғалған, табылған туын­­ды­­­­­ларының увертюрасындай осы­нау жинағы – оны білетін көзкөрген­­­дерден бөлек, өзі туып-өскен тұтас бір ауыл­­­­дың асыға күткен жаңалығы болған­­­дығы даусыз.

– Бүгін аруаққа тағзым ретінде үл­кен кеш өткізіп отырмыз. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген халық­­пыз. Шын мәнінде, қазақтың көптеген мықты ақыны өмірден ерте озып кетті. Дауылпаз ақын Төлеген Айбергенов 30 жасында келмеске аттанды. Та­лант­­ты досымыз Бауыржан Үсенов 31 жа­сында қош айтысып кете барды. Кеше­гі Шоқан Уәлиханов, Сұлтан­махмұт Торай­­­ғыровтар қыршын кетті. Біреуле­рі­­­нің өмірі заманына, екіншісінің ғұмы­­­ры өмір сүрген ортасына, үшін­шісі дертіне байланысты қысқа болды. Осын­­­дай дүниеден ерте кеткен ақын­дар «Жыр елі» атанған Сыр өңірінде де көп болған. Сыр сүлейлері өмірге келген осынау топырақта қан­шама талантты әдебиетшілер, ақын-жазу­­шылар, сыншы-сатириктердің үлкен шоғыры қалыптасты. Солардың ішінде ақын Ынтызар Әбішевтің есімін ерек­ше атауға болады. Ол – ауыр дерттің кесірінен небәрі 30 жасында өмірден өтсе де, соңында қаншама жыр қал­дыр­ған ақын. Оның өлеңдері жазылған дәптерлері, қолжазбалары 52 жылдан кейін табылып, бүгін жыр жинағы жа­рық көріп отыр. Менің жанымда отырған журналист Нұ­рсұлтан Мықты­­баев бауырым осы ақынға жанашыр болып, жырларын іздемесе, соңынан түспесе, мұндай мықты ақынның хал­қы­­­мен қайта қауышуы екіталай еді. Ын­тызар ақын­ның туған жері Жан­кентте үлкен кеш өтіп, тойы Қазалыда жалғасып, сонда кітабының тұсауы ал­­­ғаш кесілген екен. Бүгін, міне, қ­­­зақ­­­тың құтханасына айналған Ұлттық кітапханамыздың төрінде өмірден ерте кеткен қазақтың талантты ақыны Ын­­тызар Әбішевтің «Өмірде өлең ғана – бар асылым» кітабының тұсаукесер рәсімін тағы бір мәрте жасағалы отыр­­­мыз. Олай болса, қазақ поэзия­сының алтын қоры тағы бір мықты ақынмен толықты, әде­­биетіміздің асыл қорына осындай жаңа кітап, жаңа есім келіп қо­сылды деп қуанып тұрмыз. Олай айтуымызға толық негіз бар. Бола­шақта Ынтызар ақынның есімі, шы­ғарма­­­шылығы жазыла, айтыла береді. Келе­­шекте бұл ақынды көбірек зерт­теуге, ай­туға тиіспіз. Бүгінгі кеште Қа­зақстан Жазушылар одағы бас­қар­масының атынан бір ауыз сөз айтып, осында отыр­­ған, сонау Сырдан келген туған-туыс­­қандарын, оқыр­мандарын құттық­тауға рұқсат етіңіздер! Тұсауы кесілгелі тұрған жаңа кітапқа ақ жол, сәт-сапар тілейік! Ақынның та­лан-таражға түскен жыр­ларын тір­нектеп жинап, жарыққа шығарған Нұрсұлтан мен немересі Нұршайық атты аза­мат­­тарға алғы­сымыз шексіз! Ынтызар ақын­­ның шығармашылығы қазақ елі­мен мәңгі жасай берсін! Ол кісінің жат­қан жері жәннатта, топы­рағы торқа бол­сын! – деді шараны ашқан Қазақ­­стан Жазу­шылар одағы басқарма тө­рағасының орынбасары, ақын, про­фес­сор Бауыр­жан Жақып.

Әдеби кеште Бауыржан Өмір­­жан­­ұлы бастап, қадірменді меймандар – жазушы Мағира Қожахметова, таны­мал дәстүрлі әнші, белгілі композитор Сәуле Жанпейісова, әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университеті Жур­налистика факультеті деканының мін­детін атқарушы, халықаралық Еу­­­­­­­­­­р­­­­а­­­­зия­­­­­лық телерадио академиясының ака­де­мигі Мәншүк Мұқашева ақын­ның «Өмірде өлең ғана – бар асылым» кітабының тұсаукесер рәсімін жасап, лентасын қиды. Ақынның немере інісі Нұршайық Әбдуәли Ұлттық кітапхана қорына 10 кітапты сыйға тартты. Ар­­тынша, жиналғандар Ынтызар Әбішев туралы «Жоғалған жыр» фильмін тама­­шалады. Идея және сценарий авторы – Нұрсұлтан Мықтыбай. 45 минуттық аталған фильмде ақынның өмірге кел­ген күнінен бастап, ғұмырының соңы­на дейінгі тауқыметке толы тағдыры баяндалады. 

Аталған шараның Ұлттық кітап­­ханада өтуінің өзіндік мәні бар. Себебі арманда өтіп, шерменде кеткен ақынды жарты ғасырдан кейін халқымен қайта қауыштыруға Бақытжамал Оспанова бастаған ұжымның сіңірген еңбегі зор. Осы кітапхананың Анықтамалық-ақ­параттық қызмет көрсету бөлімінің қыз­меткерлері Ы.Әбішевтің өлеңдері жарияланған газеттерді тауып, оның жоғалған жырларын қалпына келтіруге, жинағының шығуына қомақты үлес қосқанын ерекше атап өткен ләзім.

– Бүгін Ұлттық кітапханада ерекше кеш өтіп отыр. «Парасат ордасы» атан­ған осы шаңырақта қаншама шара өтіп келеді. Бірақ бүгінгі кештің орны бөлек. «Жоғалған жыр» фильмін қарап оты­рып, менің көкейіме өксік тығыл­ды. Терең ой үстінде отырдым. Есімі ұмытылған ақынды қайта тірілткен екі бауырымызға алғысым шексіз. Ынты­зар ақынды халқымен қауыштыруға аз да болса үлес қосқанымызға қуанып отырмыз, – деді кітапхана директоры Бақытжамал Қайырбекқызы.

Бұл кеште ақын туралы фильм мен жыр жинағы ғана емес, оның азапты тағ­дырына арналған «Ынтызардың зары» атты әннің де тұсауы кесілді. Нұр­сұлтан Мықтыбайдың сөзіне жа­зылған әннің авторы, дүлдүл әнші Сәу­ле Жанпейісова ақынның қасіретті тағдыры өзін бейжай қалдырмағанын жеткізді.

– Біз сөз еткелі отырған қазалылық ақын Ынтызар Әбішевтің есімін, өкі­нішке қарай бұған дейін естіген жоқ­пыз. Өзінің баласындай болған жыр­ларын халқына қалдыра алмай, жеткізе алмай арманда кеткен ақынды 52 жыл­дан кейін арманына жеткізу, халқымен қайта қауыштыруды мен ұлылық қа­сиет дер едім. Аз ғана ғұмыр кешіп, көп дүниесі желге ұшқандай болған тұл­ғаны қайта тірілту – екінің бірінің қо­лы­­нан келмейді. Қазақ – талантты ха­лық. Небір дарындарға кенде емес. Бір өкініштісі, сол дарындардың көбінің ар­тын­да іздеушісі жоқ. Сондықтан да көп таланттың есімі ұмыт қалған. Фильм бәрімізге өте қатты әсер етті. Оны көрудің өзі оңай емес екен. Сүйегі жат­та қалған ақынды қайта тірілткен, керемет кітапты дүниеге әкелген осы екі баламыз болмаса, Ынтызардай ақын ортамызға оралар ма еді? Әрине, жоқ. Бұл, біріншіден, әке-анасының ұлы­на осы істі аманаттап, ықпал еткені бол­­са, екіншіден – осылардың арасын­­дағы достығы. Ал «Ынтызардың за­ры» – елдің зары. Ақындарын іздеген бүкіл Сырдың зары, – деді С.Жан­­пейісова.

– Жат жерде қалған баба­лары­мызды іздей жүріп, Қырымға да бар­ғанмын. Сол Қырымда қазақтың ханы Нұралы, Кеңес Одағының батыры және Севас­­то­­­поль қаласының ко­мен­данты болған 1 рангты капитан атамыз жатыр. Ақын Ынтызар Әбішев Қы­рымда сүйегі қал­ған төртінші қазақ болып менің «Жат жерде қалған қа­зақтар» атты энцик­ло­педияма еніп отыр, – деген Қазақ­­стан­­­­­­ның Құрметті журналисі, Халық­­­аралық Ақпараттар академиясының академигі Ермек Жұмахметұлы өзінің сүйінші жаңа­лығымен бөлісті.

Салтанатты шарада ақынның 5 кі­­­табы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­­­тық университетінің кітапханасына да сыйға тартылды. Филология ғылым­­дары­ның кандидаты, профессор Мән­шүк Тынышқалиқызы алдағы күндері Ынтызар Әбішевтің шығармашылығы аталған оқу орнында оқитын студент­­тердің диплом жұмыстарының тақы­ры­бына арқау болатынына сенім білдірді.

Осы шараға сонау Сыр елінен ар­найы келген ақынның немере інісі, атал­­ған кітаптың жарыққа шығуына себепші болған Кәмен Әбішев пен зайыбы Рабиға Қайып, ақынның көзін көрген ауылдасы, бүгінде Алматы қала­­­­сында тұратын Набат Оспанова, не­мересі Нұршайық Әбдуәли түрлі есте­ліктер айтып, Ынтызар Әбішевтің ауыр да азапты тағдыры туралы әңгі­меледі. Сәуле Жанпейісованың шә­кірттері Жай­на Барахатова, Дидар Шонаев, Нұрсұлтан Өтеген ақынның сөзіне жа­зылған әндерді орындап, жиналған қауымға ерекше көңіл күй сыйлады.

Қорыта айтқанда, бұл күн – өшкені жанып, өлгені қайта тірілген халықтың тойы, арманда өтіп, шерменде кеткен ақынның тойы, ғасыр тойы, жыр тойы, өлең тойы, арман тойы, әділдіктің сал­танат құрған күні болып тарихта қалды.

 

Серік АҚМЫРЗА, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі