Кейінгі 9 айда мемлекеттік бюджеттің шығыстары – 99,3% болған.
Қаржы министрі бюджет қаражатын игере алмаған министрліктер мен әкімдіктерді атады
788
оқылды

Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бүгінгі Үкімет отырысында бюджет қаражатын ең көп игере алмаған министрліктер мен әкімдіктерді атады, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Министрдің мәліметінше, 9 айда мемлекеттік бюджеттің шығыстары – 99,3, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,6, жергілікті бюджеттердің шығыстары 99,5 пайызға орындалды. Республикалық бюджет бойынша сомасы 16 трлн теңгеге шығыстар жүргізілген.

«Атқарылмау 70 млрд теңгені құраса, оның ішінде үнемдеу – 16 млрд теңге. Игерілмегені – 54 млрд теңге. Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Экология және табиғи ресурстар, Туризм және спорт, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді ұзақ мерзімде өткізу; шарттарды, қосымша келісімдерді жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу; шот-фактуралар мен атқарылған жұмыс актілерін уақытылы ұсынбау және басқалары», – деді министр.

Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, жергілікті бюджеттердің шығыстары 9 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны – 49 млрд теңге.

«Биыл өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 қазанға 1 трлн 112 млрд теңге бөлінген. Оның 98,5 пайызы игерілген. Атқарылмағаны – 17 млрд теңге, оның ішінде 1 млрд теңге – үнемдеу, 16 млрд теңге игерілмеген. Ең көп игерілмеу Астана қаласы, Маңғыстау, Атырау және Қарағанды облыстарында қалыптасты», – деді министр.