МӘМС жүйесіне түбегейлі реформа қажет екенін айтты.
"Әдемі сөз бен жаттанды жауаптарға халық тойды": Елнұр Бейсенбаев елдегі өзекті мәселелерді айтты
890
оқылды

Мәжілістің пленарлық отырысында депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев бүгінде халық арасында өзекті болып отырған мәселелер жайлы айтты. Сонымен қатар ол халықтың мұң-мұқтажын көтеру, өңірдің мәселесін айту депутаттардың маңызды міндеті екенін еске салды.

Бүгінде Мәжілістің жанында «Қоғамдық қабылдау» жұмыс істеуде. Депутаттар күнделікті ең кемі 20 адамның мәселесімен танысып, жеке қабылдау өткізеді.

"Бүгінгі сұрақ-жауап дәстүрлі түрде тағы да ұйымдастырылып отыр. Халықтың мұң-мұқтажын көтеру, өңірдің мәселесін айтудан депутаттар тайынбас. Бұл өзгермейтін – аксиома. Үкімет мүшелері осыны нақты білуі тиіс.

Дегенмен, Үкіметтің кейбір мүшелері, министрліктер әлі де жұмысын жүйелендіре алмай келе жатқанын көріп отырмыз. 

Сұраққа жауаптары жүйелі болуы мүмкін, бірақ артында маңызды шешім жоқ. Шешім болса, оны қабылдайтын мінез жоқ.

Мысалы, Атырау – Астрахан, Омбы – Майқапшағай, Астана – Алматы тасжолдарын салып жатқанымызға ондаған жылдар болды. 

Президенттің өзі осыдан 2,5 жыл бұрын Үкіметке Астана – Алматы трассасын 2023 жылы аяқтау қажеттігін тапсырды. 

Астана – Алматы жолын салу үшін 5 жылда жарты триллион қаржы жұмсадық. Биыл бұл маңызды тасжолы аяқталады ма, әрине аяқталмайды. Президенттің тапсырмасы орындалмады", – деді депутат.

Сонымен қатар ол МӘМС мәселесіне де тоқталып, түбегейлі реформа қажет екенін айтты.

"Медициналық міндетті сақтандыру – жыры мен сыры бітпейтін жоба болып келеді. 

3,5 миллион азамат әлі де мүлдем тіркелмеген, тіркелсе жарна төлемеген. Соның салдарынан триллион теңге түсім болмаған. 

Ауылда сапалы маман жоқ, фельдшерлерді таситын көлік жоқ. Емханалардың қарыздары миллиардтап өсіп келеді. 

Қарапайым халық, ақылы қызметтерге жүгінуге мәжбүр. Шындықты елге айту керек, МӘМС жүйесі өзін ақтамады деп. Елді шулата бермей, түбегейлі реформа қажет деп ойлаймыз", – деген пікір білдірді. 

Бұдан бөлек, депутат ЖЭО-лардағы жағдайдың мәз емес екенін айтып, осы мәселеге назар аударуды сұрады.

"Еліміз бойынша 7 өңірде 9 ТЭЦ-тің іске қосылуы бойынша қауіп-қатерлер бар. Жылыту маусымы кешеден бері басталды. Бірақ, еліміздің батыс пен оңтүстік өңірлерін айтпаған да, шықырлаған қысы бар – Екібастұз, Риддер, Теміртаудың ТЭЦ-тері әлі толық іске қосылмаған. Бір жерде қазандық салынып бітпесе, бірінде құрылыс аяқталуы үшін керек-жабдықтар әлі жеткізілмеген", – дейді Елнұр Бейсенбаев.

Сондай-ақ Елнұр Сабыржанұлы елдегі қымбатшылық, "Ауыл аманаты" бағдарламасына бөлінген қаржының дұрыс игерілмеуі сияқты мәселелерге тоқталып, нақты шаралар қабылдауды ұсынды.

Осылайша, депутаттар барлық мәселеден хабардар екенін айтып, елмен етене араласып, әрбір проблеманы шешу үшін жұмыс жасайтынын жеткізді.

"Бүгінгі ел тұрғындарының мәселесін талқылаудан қорытынды шығарып, әрбір министрлік өзіне тиесілі жүйелі сұрақтарға арнайы іс-қимыл жоспарын қабылдауы қажет деп ойлаймыз. Әдемі сөз бен жаттанды жауаптарға халық тойды", – деді депутат.