Осыдан тура 10 жыл бұрын ел ішінде «Үкілі бала» атанған Ерболсын Серікбаев есімді жас емші жайлы БАҚ өкілдері жарыса жазған еді. Бүгінде ол жігіт 20 жаста екен. Өмір жолында түрлі жағдайды бастан өткерген емші жеке өмірі туралы да біраз шындықтың бетін ашты, деп хабарлайды Aikyn.kz
«Үкілі бала» атанған емші Ерболсын Серікбаев Ресейге көшіп кетті
13,212
оқылды

Skifnews.kz ақпарат порталының жазуынша, қаршадайынан дертіне дауа іздеген халықты қамшымен емдеп, ел назарына іліккен Ерболсын Серікбаев қазіргі таңда Мәскеуге қоныс аударған. Қызылорда облысы Арал ауданы Аралқұм ауылында туып-өскен емші жігіт Қазақстаннан не үшін кетіп қалған ашық айтты.

Қазір Мәскеуде тұрып жатырмын. Ол жаққа көшіп барғаныма үш ай болды. Жұмысым сол жақта. Жалпы, күнделікті өмірім сол жақта жалғасын тауып жатыр. Мүмкін, қалармын, мүмкін, Қазақстанға келермін. Бірақ Мәскеуде өз ортамды тапқандай тұрып жатырмын. Маған ұнап жатыр. Ол жақта халықтың махаббаты тез ашылып кетті. Бүкіл Ресей танып, шақырту жіберіп, үйімді де тегін беріп, астыма көлігімді де беріп, бүкіл командама, жұмысыма, оқуыма жағдай жасап, сондай керемет қызметтер көрсетті. Сол себепті біздің жұмысымыз әрі қарай сол жақта жалғасын табуда. Яғни Ресейден көбірек қолдау болды, оны жасырмаймын. Алладан жасырмағанда адамнан жасырудың не керегі бар. Ол жақта ұйымдастырушылық қабілет өте жоғары деңгейде дамыған. Адамдары да ұқыпты, уақытымен емін алады. Бізде Қазақстанда қалай? Бірінші күн келеді, екінші күні кешігіп келеді. Үшінші күні «Садақа боп қалды, той боп қалды. Ем үзіліп қалды. Соңында нәтиже жоқ» деп менің атымнан неше түрлі ақпарат жібереді, – деді Ерболсын Серікбаев.

Кезінде талай мәрте сынға іліккен емші бала соңғы жылдары медицина саласында білім алып, «Емдеу ісі» мамандығын оқыған. Десек те, қаршадайында өзіне бағытталған жағымсыз пікірлер әлі есінде екен.  

Әрине, «жын кіріп кетті» деген сөз көңілге тиеді. Сол сын-пікірді айтқан – өзімнің мұсылман бауырларым. «Әлхәмдуллилах» деп намаз оқып, маңдайлары сәждеде, тілдері зікірде, ой-пікірі бар білімді азаматтардың айтқанына қарным ашты. Қырық қалаш қатын айтса, мен оны түсінемін. Бірақ ол ер-азаматтардың тарапынан шыққаннан кейін маған қатты тиіп кетті. Өйткені сол кезде енді өсіп келе жатқан қаршадай баланың психологиясына қатты әсер етті. Мұсылманның мұсылманға көзі жетпей тұрған затқа ештеңе айтуға болмайды. Құлақ – өтірік, көз – шындық. Мен исламға қарсы харам нәрсе жасап жатсам, онда мен түсінемін. Айта берсін. Бірақ ол жерде қарсы ештеңе болған жоқ та. Бізде «емші» деген сөзді естісе, яғни ол көріпкел, бақсы, шариғатты бұзушы, Аллаға серік қосушы деп қабылдайды. Сол түсінеді. Ол адамның білім деңгейінің өте төмендігін білдіреді, – дейді емші жігіт. 

Ерболсынның жеке өмірінде де түрлі жаңалықтар бар. Оның айтуынша, 17 жасында алғаш рет сүйгеніне үйленгенімен екі жастың некесі сәтсіз аяқталыпты. Қазір екінші рет шаңырақ көтерген.

Үйлендім, бір ұлым бар. Есімі – Зұлқарнайын! Тәтті балапан өсіп жатыр. Өмірде өзгеріс көп болады. Өмір бір орнында шалқып тұрмайды. Менің ең алғашқы некем 17 жасымда болды, 18 жасымда біз екі жаққа кеттік. Ол – менің кінәм. Оған ол адамды кінәлап, ондай ой айта алмаймын. Мен – халықтың адамымын. Мен ел-жерді аралап, диуана сияқты жүрдік. Екінің бірі оған шыдауы мүмкін емес. Сол сәтте мен отбасын ойлайтындай жағдайда болған жоқпын. Азаннан кешке дейін, кейде түнгі екіге дейін ауру балалармен айналыстым. Жалпы, отбасылық өмірге үлкен оймен, үлкен тұжырыммен келген жақсы екен. Қадам баспай тұрып ойланған, қараған дұрыс. Өмірімді түсінетін адам керек екен. Кейде алты-жеті ай үйде болмайтын кездер болады. Осы отырғанда үйге бармағалы жарты жыл болды. Мысалы, баламның қалай өсіп жатқанын білмеймін. Қазір екінші рет отбасын құрдым. 19 жасымда үйлендім, 19 жасымда әке атандым, қазір 20 жастамын. Бәрі жақсы, – дейді Үкілі бала. 

Сондай-ақ Ерболсын Серікбаев бұл сұхбатында емшілікпен қатар, әншілік өнерді де қолға алғаннын айтты. Таяуда оның алғашқы клипі де жарыққа шығады екен. Бейнебаянда өзінің өмір жолы толық суреттеледі.