Шымкентте «AMANAT» мүше­лері партияның сайлауалды бағдар­ламасы аясында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс жұмысы­мен танысты.
1 800-ге жуық пәтер пайдалануға беріледі
630
оқылды

 Бүгінде қалалық Құрылыс басқармасы 98 көпқабатты тұрғын үй кешенін тұрғызып жатыр. Яғни, Тұран-2 шағынауданында 18 үй, Бозарық шағынауданында 54 үй және Ақжайық шағынауданында 26 үй салынуда. Биыл 1 752 пәтерлі 36 үйді пайдалануға беру жоспар­лануда. Оның жалпы ауданы – 131,7 мың шаршы метр.

«Партияның күш-жігері адам­дардың жайлы өмір сүруі үшін қолайлы жағдай жасауға бағыт­тал­ған. Яғни, партиялықтар халықты тұрғын үймен, сапалы инфра­құ­рылыммен қамтуды көздейді. Жалпы, 2027 жылға дейін партия­ның қалалық сайлауал­ды бағдар­ламасы аясында 5,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынады», – деді «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық фи­лиалы­ның атқарушы хатшысы Жанар Бектаева.

Сондай-ақ партиялықтар «Асар-2» тұрғын алабына барып, жол-құрылыс жұмысының бары­сымен танысты. Жергілікті тұрғын­дар Нұржол және Атакент көшеле­ріндегі асфальттың тозуына, кәріз жүйесіндегі мәселелерге шағым­данып, жолды кеңейтуді сұрады. «AMANAT» партиясы қалалық фи­­лиалының өкілдері барлық ай­тыл­ған мәселені бақылауға алды.