Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Мәжі­лістің жалпы отырысы өтті.
Өзекті мәселелер  депутаттар бақылауында
695
оқылды

Күн тәр­тібі нақтыланған соң депутаттар өңірлерге шығу барысында азамат­тардан түскен өтініштеріне байла­нысты Үкіметтің атқарған жұмысы туралы есепті тыңдады. Мемлекеттік органдардың бұл орайда атқарған жұмыс нәтижелері туралы баяндама жасаған Премьер-Министрдің орын­басары Тамара Дүйсенова мен министрлер кабинеті мүшелеріне екі сағаттан аса депутаттардың сауалы­на жауап беруіне тура келді. Себебі Үкімет мүшелеріне сұрақ қоюға алдын ала 40 депутат өтініш тастаса, олардың арасында бірнеше маңызды мәселе көтергендер де бар. Соны­мен қатар палата бюросы «Мемле­кеттiк сатып алу туралы» заң жобасын жұмысқа алды. 

Үкімет мүшелерінің атынан баяндама жасаған Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова депутаттарға халықтың тұрмыс деңгейін көтеру мақсатында бір­лесіп атқарып жатқан ауқымды жұмыстары үшін алғыс білдірді. Бұдан кейін ол мұндай формат халықты алаңдататын түйткілді мәселелерді шешудің тиімді жолдарын табуға және оны заңнамалық тұрғыдан реттеуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Оның айтуынша, былтырдан бері ел үшін де, әрбір азамат үшін де маңызы зор бірқатар заңнамалық акті қабылданған. Атап айтқанда, әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік көмекті мемлекеттік жүйе­леуге мүмкіндік беретін Әлеуметтік кодексті ерекше айтуға болады. Сондай-ақ берешегі бар қазақстандықтардың көп­теген өтінішіне жауап ретінде қабылданған «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы», экономиканың тең­герімді дамуына мүмкіндік беретін «Агло­ме­рацияны дамыту туралы», мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі орталықсыз­дандыруды көздейтін «Кейбір заңнамалық актілерге әкімшілік реформа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданды. Осы актілерде депутаттар мен тұрғындар кө­терген бірқатар проблема өз шешімін тап­қанын тілге тиек еткен Тамара Босым­бекқызы: «Сіздер ұсынған 2,5 мыңнан астам азаматтың өтініші Үкімет тарапынан мұқият қаралып, жауаптары Парламентке жолданды. Олардың орындалу барысы ерекше бақылауда. Біріншіден, өті­ніштердегі көп көтерілген мәселенің бірі былтырғы жылу желілеріндегі ірі тех­ногендік апаттардың салдарын жою және осы саладағы инфрақұрылымның әлеуетін көтеруге қатысты болып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкі­мет еліміздің барлық жылу инфрақұрылы­мына тиісті тексерулер жүргізіп, оның қорытындысы бойынша нақты іс-шаралар жоспарын қабылдады», – деді. Оның қоры­тындысы бойынша жылумен қамта­масыз ету нысандарын салу, күрделі және ағымдық жөндеу жұмыстарының кестесі әзірленіпті. Одан бөлек, Үкіметтің ре­зервінен Екібастұз, Риддер, Рудный, Степногорск, Көкшетау, Ақтау, Семей, Павлодар қалаларының жылумен қам­тамасыз жүйелерін жөндеу үшін 55 мил­лиард теңге бөлінген. Салаға едәуір ин­вестиция тартуға және коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағ­дарламасы қабылданып, іске асырылды. Жобаның аясында инженерлік желілерді жөндеу және осы саладағы қызметкерлердің жалақысын арттыруға, кадрларды тартуға, олардың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 250 миллиард теңге шамасында қаржы тарту жоспарланып отыр. 

Сонымен қатар электр энергиясын бірыңғай сатып алушы модель енгізілгені стратегиялық тауарға тең қолжетімділікті қамтамасыз етіп қана қоймай, жекелеген салалар бойынша импортталатын электр энергиясының жүктемесіне айырмашы­лықтарды жоюға мүмкіндік береді. Осылай деген Тамара Дүйсенова: «Осы жердегі тағы бір өзекті мәселе – тарифтің өсуі. Бұл жағдайда Үкімет азаматтарды әлеуметтік қолдау механизмін қолданатын болады. Яғни, егер отбасының төлейтін коммунал­дық шығындарының көлемі жергілікті атқарушы органдар белгілеген пайыздық көлемінен асып кетсе, онда мұндай отба­сыларға бюджеттен тұрғын үй көмегі төленеді. Екінші маңызды мәселе – азық-түлік қауіпсіздігі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тауар өндірушілерді қолдау мақсатында бірнеше шара қабыл­данды. Пайдаланылмай бос жатқан немесе бір кезде заңсыз берілген ауыл шаруа­шылығы жерлерін, оның ішінде жайылым жерлерді қайтару үшін белсенді жұмыс жүргізілуде. Былтырдан бері 8,5 миллион гектардан астам жер қайтарылды, оның 2,8 миллион гектары қазірдің өзінде елдің игілігіне берілді», – деді. 

Сонымен қатар шағын және орта бизнестің әкімшілік жүктемесін азайту, жастарды жұмыспен қамту, экономика мен әлеуметтік салаларда жүзеге асырылып жатқан бірқатар нақты шара Бюджет кодексінің жобасында ескерілетінін айтты. Атап айту керек, кодекстегі соңғы жыл­дардағы түзетулердің сипаты шағын, өзара байланысы нашар болғандықтан, елдің бюджеттік жүйесі түсініксіздеу болып отыр. Сондықтан заң жобасын қайта қараудағы бірінші міндет бюджеттеудің біртұтас жүйесін құруға бағытталмақ.

Бюро отырысында «AMANAT» пар­тиясы фракциясының мүшелері де елдегі бірқатар өзекті мәселеге назар аудартты. Депутат, «AMANAT» партиясы фракция­сының мүшесі Елнұр Бейсенбаев бүгінде халық арасында өзекті болып отырған мәселелер жайлы айтты. Сонымен қатар ол халықтың мұң-мұқтажын көтеру, өңір­дің мәселесін айту депутаттардың маңызды міндеті екенін еске салды.

Бүгінде Мәжілістің жанында «Қоғам­дық қабылдау» жұмыс істеуде. Депутаттар күнделікті ең кемі 20 адамның мәселесімен танысып, жеке қабылдау өткізеді. «Бүгінгі сұрақ-жауап дәстүрлі түрде тағы да ұйым­дастырылып отыр. Халықтың мұң-мұқта­жын көтеру, өңірдің мәселесін айтудан депутаттар тайынбас. Бұл өзгер­мейтін – аксиома. Үкімет мүшелері осыны нақты білуі тиіс. Дегенмен Үкіметтің кейбір мү­шелері, министрліктер әлі де жұмысын жүйе­лен­діре алмай келе жатқанын көріп отыр­мыз. Сұраққа жауаптары жүйелі бо­луы мүмкін, бірақ артында маңызды ше­шім жоқ. Шешім болса, оны қабылдай­тын мінез жоқ. Мысалы, Атырау – Астрахан, Омбы – Майқапшағай, Астана – Алматы тасжол­дарын салып жатқаны­мызға онда­ған жыл болды. Президенттің өзі осыдан 2,5 жыл бұрын Үкіметке Астана – Алматы трас­сасын 2023 жылы аяқтау қажет екенін тапсырды. Астана – Алматы жолын салу үшін 5 жылда жарты триллион қаржы жұм­садық. Биыл бұл маңызды тасжолы аяқтала ма, әрине аяқталмайды. Прези­дент­тің тап­сырмасы орындалмады», – деді депутат. Елдегі жол, мектеп құрылысы мен азық-түлік қымбатшылығы туралы мәселеге тоқталған депутат министрлер кабинетінің мү­шелеріне тұрғындардың мәселесін тал­қылаумен шектелмей, әрбір министрлік өзіне тиесілі жүйелі сұрақтарға арнайы іс-қимыл жоспарын қабылдауы қажет деген ұсынысын айтты. Себебі халық әдемі сөз бен жаттанды жауаптарға тойды.

Сондай-ақ депутат Жұлдыз Сүлей­менова елдегі кейбір мектептерде асхана жоқ екенін алға тартты. «Президент тап­сырмасымен барлық бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту міндеттелді. Бүгінде бұл қоғам тарапынан өте жоғары қолдау тапқан жоба болды. Соның арқасында 1,5 млн бүлдіршініміз ыстық тамақпен қамтылып отыр. Бірақ осы тапсырманың орындалуына қатысты сайлаушылар тарапынан әлі күнге дейін сын көп. Қазір 800-ден астам мектепте асхана мүлдем жоқ. Олардың ішінде 303 мектепке буфеттік тамақтану ұйымдас­тырылған. 288 мектепке бейімделген асха­налардан кейтеринг жүйесі арқылы қоғам­дық тамақтандыру орындарынан тамақ­тану жеткізіледі екен. Бұл министрліктің жауабында көрсетілген», – дей келе, жауапты ведомство басшысынан балаларға берілетін тағам сапасына кім жауап беретінін сұрады. Сондай-ақ асханасы жоқ мектептердегі мәселе қашан шешілетінін, оқушыларға берілетін тамақтың бағасын біріздендіру қашан жүйеленетінін жеткізді. 

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев­тың сөзінше, былтыр 1-4-сынып оқушы­ларының тегін тамақтануы тек қана 8 өңірде 600 мың оқушыны қамтыса, биыл 1 млн 600 мың оқушыны қамтып отыр. Асханадағы тамақтың сапасын арт­ты­руға қатысты бұған дейін де тиісті бұй­рықтар қабылданған. Биыл осы бұйрық­тарға министрліктің қосымша түзетулері енгізілді. Оған сәйкес, көрсетілген талап­тардың қатаң орындалуы бағытында мониторинг тобы құрылып, бүкіл аймақ­тарда тексеру жұмыстары жүргізіліп отырады. Ал өңірлердегі асханасы жоқ мектептердегі мәселе де министрліктің назарында екеніне сендірді.

Сондай-ақ депутат Дәулет Мұқаев елдегі баспана мен үй алу бағдарла­маларындағы біраз былықты жіпке тізіп берді. Қазақстандықтардың бас ауруына айналған баспана мәселесіне қатысты қозғаған бұған дейінгі сауалдарына Үкімет мүшелері әрекетсіздік танытып келе жатқанын айтқан ол: «Үкімет тарапынан мардымды жауап келген жоқ. Маған үнемі сырғытпа жауап келеді. Бүгінде баспана нарығы тұралап тұр. Үй алудың барлық бағдарламасы тоқырауға ұшырады. Депутаттық сауалымда «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламаларына өзгеріс енгізу, «7-20-25» бағдарламасы бо­йынша лимитті алып тастау, «Жас отбасы» бағдарламасы жайлы бірнеше ұсыныс айтқан едім. Бұл мәселелер әлі де өзек­тілігін жоғалтқан емес. «7-20-25» бағдар­ламасы жемқорлықтың ордасына ай­налуда. Бағдарлама арқылы үй алу үшін пара берушілер де көбейіп жатыр», – деді. Бүгін де «7-20-25» бағдарламасына ашылған лимит 5 минутта бітіп қалғанын жеткізе келіп: «Оқырмандардан түрлі хат келіп жатыр. «Менен банк менеджері 1 млн 400 мың сұрады», «Менен 700 мың теңге сұрады» деген хаттар жіберуде. Бұл қашан тоқтайды?» – деген сұрақ қойды. Депу­таттың сауалына жауап берген Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мұндай үлкен мәселеге бір ғана сауалдың шеңберінде жауап бере алмайтынын айтады. Алайда бұл бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да барын жеткізіп, баспана туралы бағдарламаны бірлесіп қарауға ұсыныс жасады. 

Депутат Нартай Аралбай осыған дейін де бірнеше рет көтерілген лудоманиямен күресуде ешқандай жұмыс істелмегеніне қынжылыс білдірді. «Қазір біз қоғамдық көліктердің сыртын, тұрғын үйдің қасбетін лудоманияның жарнамасына бердік. Дәл осы мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан еді. Мәселе айтыл­ды. Бірақ биліктің не күтіп отырғаны түсініксіз. Былтыр «AMANAT» партия­сының депутаттары лудоманияға қарсы заң жобасын дайындады. 50-ден астам түзету бар. Үкіметтің қарауына жіберді. Арада бір жыл өтті. Есеп-қисап дайын емес. Билік кімнің қас-қабағын бағып отыр?» деген депутаттың сауалына жауап бер­ген Тамара Дүйсенова депутаттар ұсын­ған түзетулерді құзыретті органмен бірге қарап шыққан. Қазір сол түзетулермен бірге өз ұсыныс­тарын Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп қарап жатқанын жеткізген Премьер-Министрдің орынба­сары: «Ендігі аптада қалған ұсыныстарды қарап бітіреміз. Сегізі келесі айда бітеді. Со­дан кейін құ­жатты алдарыңызға әкелеміз», – деді. 

Сондай-ақ депутат Айдос Сарым ұшақ билеттерінің бағасына қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, төмен бюджетті әуекомпаниясының билет бағасы күн сайын қымбаттап бара жатыр. Air Astana әуекомпаниясының еншілесі Fly Arystan жолаушыларды қолжетімді бағамен қамту үшін құрылған еді. Олар ішкі туризмді дамытуға негізделген болатын. Ал іс жү­зінде лоукестер билеттерінің бағасы бас компания бағасымен теңесіп, жылдан- жылға өсіріп келеді. Депутат Дәулет Тұрлыханов вейп тартуға тыйым қашан салынатынын сұрады. Өйткені осы күні электронды сигарет кез келген оқушы үшін қолжетімді болып отырғанын жеткізді. Депутаттың көтерген мәселесін әріптестері де қолдап отыр. Әйткенмен, вейп қол­дануға толық тыйым сала алмайтынын айтқан Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният «вейпке тыйым салу мәселесі бойынша заң жобаларына жаңа нормалар енгізіліп жатыр» деп қысқа қайырды. Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов та бұл мәселеге ерекше назар аударды. «Бұл мәсе­ле бойын­ша Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Депутаттар да бірнеше рет көтерді, бірақ әлі нақты шешім жоқ. Сондықтан, Тамара Қасымқызы, нақты шешім қабыл­дайтын кез келді. Бізде бір­тұтас ұстаным болуы керек, өйткені бұл біз­дің балалары­мыз бен болашақ ұрпа­ғымыздың денсаулы­ғына қауіп төндіреді. Сондықтан бұл мә­селені шешуді жеделдету қажет», – деді ол. Сондай-ақ депутаттар тарапынан темір жол, денсаулық сақтау саласына қатысты бірқатар өзекті сауал жолдап, Үкіметтің әрбір мүшесі өзіне артыл­ған міндетке жауапты болу қажеттігін айтып тарқасты.

Жадыра МҮСІЛІМ