Батыс Қазақстан облысында мал ұрлығы 14 пайызға өскен. Бұл туралы облыстық құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведом­ствоаралық комиссияның кезекті отырысында айтылды.
Ұрланған мал құтаймас
652
оқылды

Комиссия отырысына облыс әкімі Нариман Төреғалиев төрағалық етті. Жиында мал ұрлығы және ауыл шаруа­шылығы жануарларының қатысуы­мен болатын жол-көлік оқиғалары­ның алдын алу мәселесі талқы­ланды. 

Батыс Қазақстан облысы – мал шаруашылығының дамуы бойынша республикада алдыңғы қатардағы өңір­лердің бірі. Ауылдық жердегі ағайынның басты табыс көзі де осы – мал шаруа­шылығы. Алайда соңғы жылдары ауыл­дық ағайынның жалғыз табыс көзі ұры-қарылардың пайдасына айналып отыр. Биылғы жылғы есеп бойынша аймақта мал ұрлығы айтарлықтай өскен. 

– Осы жылдың 8 айында мал ұрлығы 14,8 пайызға өскен. Былтыр осы уақытта 108 факт тіркелсе, биыл 124 мал ұрлығы фактісі тіркеліп отыр. Өкінішке қарай, мал көбіне еркін жайылымнан ұрланады. Аудан әкімдері ауылдық жердегі мал бағу шаруасын күшейту керек, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев. 

Иә, расымен де мал көбіне еркін жайылымнан ұрланады. Бұл бірнеше жылдардан бері айтылып келе жатқан сөз. Мал ұрлығы ең көп тіркелген аудан­дардың бірі – Сырым ауданы. 

Комиссия отырысында аудан әкімі Жұмагелді Батырниязовтың есебі тыңдалды. Аудан әкімінің баяндамасынан аңғарғанымыз, Сырым ауданында тек мал ұрлығы ғана өсіп отырған жоқ, сонымен қатар жануарлардың қатысымен болатын жол-көлік оқиғалары да өскен. Мысалы, былтыр осындай уақытта бес факт тіркелсе, биыл 16 оқиға тіркеліпті. Одан сегіз адам жарақат алып, бір адам қаза тапқан. 

– Өкінішке қарай, мал ұрлығы азаймай отыр. Оның басты себебі –малдың бағылмауы. Аудан бойынша биыл 26 мал ұрлығы тіркелді. Оның 11-і ашылды. Ауылдық жердегі мал бағуды ұйымдастыру жұмыстарын қолға алып жатырмыз. Қазір 12 ауылдық округте 16 бағытқа бақташы шығарылды. Мал ұрлығының алдын алу және болдырмау мақсатында иесіз немесе бағымсыз жүрген малдарды қамау үшін 11 уақытша қамау орындары ашылды. Ауылшаруа­шылық жануарларын бағу ережесін бұзғаны үшін Әкімшілік құқықбұзу-

шылық заңнамасына сәйкес 153 үй жануары иелері әкімшілік жауапкер­шілікке тартылып, 1 097 100 теңге көле­мінде айыппұл салынды, – деді Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батыр­ниязов. 

Мал ұрлығы бойынша Ақжайық және Бөкей Ордасы аудандары да алдыңғы қатарда тұр. Жалпы, өңірде Бөкей Ордасы – малды аудандардың бірі. Өрісі малға толы Нарын топырағында малдың ұрлануы да көп болып тұр. Бөкей Ордасы – басқа аудандардай емес, мал қыстақта ұзақ тұрмайтын аудандардың бірі. Аудан­да мал қысы-жазы далада жайылады. Әрі Ресеймен шекаралас аудан. Малдың шекара асып кету қаупі де бар. 

Биыл Бөкей Ордасы ауданында 11 мал ұрлығы оқиғасы тіркеліпті.

– Ол былтырғы жылмен салыстыр­ғанда екі есеге көп, – деді аудан әкімінің міндетін атқарушы Біржан Меңешов. 

«Шекаралас аудандардағы мал бағу ережесі де жиі бұзылады», – деді отырыс­та сөз алғандар. Батыс Қазақстан – Ресеймен шекаралас өңір. Аудандардың көбісі Ресейдің ауылдарымен шекаралас жатыр. Бағусыз жүрген мал шекараны кесіп өтіп, Ресей асып кеткен кездері жиі болып тұрады. Сол малды өз бетінше кері айдап қайтарып аламыз деп шекарашы­ларға ұсталып, қылмыстық жауапкер­шілікке тартылған азаматтар да бар. 

Облыстық Полиция департаментінің басшысы Арман Оразалиевке: «Мал ұрлығы неге азаймайды?» – деп сұрақ қойдық. 

– Мал ұрлығы қылмысын ашуда аса бір қиындықтар жоқ. Біз тіркелген қыл­мыстарды 70-80 пайызға ашып отырмыз. Мысалы, биыл 124 мал ұрлығы фактісі бар десек, оның ішінде өткен жылдардан ашылмай келе жатқан қылмыстар. Бұдан бөлек, ауылдық жерде адамдар малдарын дұрыс тіркемейді. Мәселен, 10 сиырым, бір жылқым бар деп тіркеп қояды. Кейін үш жылқым жоғалып кетті деп шағым түсіреді. Ал ол кісіде тіркеуде тек бір жылқы ғой. Осын­дай фактілер тергеуде кейде кедергі келтіреді. Сондықтан да ауыл адамдары малды таңбалап, дұрыстап тіркесе жақсы болар еді, – деді департа­мент бастығы. 

Ауыл шаруашылығы жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиға­ларын тергеуде де дәл осыған ұқсас қиын­дық бар екен. 

– Жануарлардың қатысымен болатын жол-көлік оқиғаларын тергеудің өзіндік қиындығы бар. Ауылдық жерде адамдар малға сырға салады. Бірақ көлік апаты болған жерде біз малдың құлағындағы сырғаны кесіп тастағанын байқаймыз. Олар жол-көлік апатынан келген шығынды өтеуден осылайша қашады. Малдың не жамбасында таңбасы, не сырғасы жоқ, айналып  келгенде иесін таба алмаймыз. Қараусыз жүрген малдың кесірінен біреудің өмірі қиылатынын өкінішке қарай ауылдағы ағайын түсіне бермейді, – дейді БҚО ПД бастығы Арман Оразалиев. 

Аймақ басшысы жиында: «Жалпы мал бағу мәдениетін дұрыстап қалып­тастыру керек. Әр адам өз қорасындағы малдың амандығына жауапты. Таңертең өріске айдап кешкісін түгендеп алулары керек. Еркін жайылымға жіберіп қойып отырмасын. Ауыл әкімдері ірі қара мал­дарын бағатын бақташыларды шығарып, осыны ұйымдастыру керек. Әсіресе, шекаралас ауылдардағы мал жаю ере­же­сіне мұқият болыңыздар», – деп қоры­тын­дылады өз сөзін. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, Батыс Қазақстан облысы