Бурабай жер бетіндегі сирек кездесетін табиғаты бар география­лық нүкте ретінде кеңінен танымал.
Мың бояулы Бурабай
1,144
оқылды

 Туристер жиі келетін орындар қатарында ұлттық парктің Көкшетау, Бөлектау таулары, Жұмбақтас жар­тасы, Абылайхан алаңы, Бурабай, Шучье, Үлкен және Кіші Шабақты көлдерінің жағалауларын атауға болады. Жуырда осы бір Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқар­ма­сына қарасты «Бурабай» мемле­кеттік ұлттық табиғи паркіне баспа­сөз сапары өтті.

Жалпы аумағы 129 299 гектар болатын «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 23 жыл бұрын Үкімет қаулысымен құрылған. Осы 23 жыл ішінде табиғи ортаны сақтау және қорғау саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізілді. Мекеме өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және осал түрлерін қорғау бағдарламаларын жүзеге асырды, ғылыми институттармен, білім беру ұйымдарымен және мемлекеттік құрылымдармен бел­сенді жұмыс істеді.

Сапар аясында БАҚ өкілдері «Бурабай-Даму» ЖШС ұйымдастыруымен өтіп жат­қан дәстүрлі «Бурабай тұқы–2023» тур­нирін тамашалады. Балықшылар жары­сын­да Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген командалар Қотыркөл көлінен тұқы балығын аулап жарысты. Сайыс ережесі бойынша, балықшылар ұстаған ба­лығын суретке түсіріп, салмағын өлшеп, қазылардың есебіне тіркеткен соң, бірден суға жібереді. Қазылар салмағы 1,5 кило­дан асатын балықтарды ғана есепке алады.

– Бұл турнир бұрын еліміздің өзге өңірлерінде өтетін. Биыл Ақмола облы­сында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Ереже бойынша, әр команда екі балықшы­дан тұрады. Біздің жарысқа еліміздің көптеген облыстарынан 30 команда келді. Талап бойынша балықтың салмағы 1,5 келі болуы шарты. Егер балықтың салмағы 1,5 келіден көп немесе аз болса, қайтадан көлге жіберіледі. Себебі үлкен балықтар көп жағдайда аналық болып келеді. Олар уылдырық шашатын болғандықтан аулауға тыйым салынған. Ал кішкентай балық­тардың өсуіне мүмкіндік беру керек, – деді «Бурабай-Даму» серіктестігінің туризм және маркетинг бөлімінің бас менеджері Олжас Данияров.

Әуесқой балықшылардың арасындағы екі күнге созылған турнир ақырында өз мәресіне жетіп, жеңімпаздары анықталды.  командалық есепте бірінші орынды Петропавл қаласының «Tender+» командасы жеңіп алды. Олар жалпы салмағы 6540 грамм балық аулады. Екінші орынды Астанадан келген «Қазақстан балықшылары 2» командасы иеленсе, үшінші орын «Бурабай» командасына бұйырды. Родина ауылынан келген Игорь Жмурик 3 860 грамм балық ұстап Big Fish номинациясын бойынша жеңімпаз атанды. Алдағы уақытта да мұндай жарыс­тар жалғасын табады дейді, ұйымдастыру­шылар. 

Сондай-ақ журналистер «Мирный» орман шаруашылығына барып, Ұлттық парк қызметкерлерінің жануарларға қыс­қы жемшөп дайындау барысымен таныс­ты. Марал шаруашылығына да барды. Шаруашылықта 200 басқа жуық марал өсіріледі. Барлық бұғы-маралдарға үнемі ветеринарлық бақылау жасалады. Аскания бұғыларының тыныс-тіршілігін бақылады. Аскания бұғысы – бұл Украинаның Аска­ния-Нова қорығындағы қызыл бұғының әртүрінен будандастыру арқылы алынған бұғының бір түрі. Бұл бұғылар Қазақстанға 1983 жылы әкелінген. «Бурабай» мем­лекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында Аскания бұғысының 1 300-ден астам дарағы мекендейді. Мұнда Асқан бұғы­ларынан басқа, елік, бұлан, марал саны да артқан екен. Мәселен, 2008 жылы 1 074 бас елік болса, ал 2022 жылы 1 485 басқа жеткен. Он жыл ішінде аша тұяқты жа­нуар­лардың ірі түрлерінің бірі – бұлан саны болса 4 есе өскен екен. 

Жалпы, жануарларға күтім жасау «Бу­ра­бай» МҰТП қызметінің басым бағыт­тарының бірі болып табылады. Орман шаруашылықтарында жануарларға жем-шөп салуға арналған 15 жаңа астау қойы­лып, 28-і жөнделген. Қабандарға арналған қыстық 15 пана салынса, құстарға 240 үйшік орнатылыпты. Қысқы кезеңге дайындық бойынша биотехникалық жұмыстар сәтті жүргізіліп, орманшылық­тарда 470 тонна шөп, 130 000 қайың сыпырғыш дайындалған екен. Орманды қайта қалпына кетіру жұмыстары аясында 520 000-нан астам қарағай мен қайың көшеттері отырғызыл­ғанын да айта кеткен жөн.

«Бурабай» МҰТП аумағында жабайы табиғат жағдайында сирек кездесетін түрлердің популяциясын бақылау, зерттеу және олардың тіршілігін бақылау үшін таптырмайтын фототұзақтар орнатылған. Камералар тамақтану орындарында, суару шұңқырларында, тұзды батпақтарда немесе көші-қон жолдарында бекітіледі. Нәтижесінде, жануарлар мен құстардың табиғи өмір салтын бұзбай, суреттер алынады.