ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігі ("Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру") бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қарағанды облысында күйеуі әйелін аяусыз ұрып, 13 жасар қызының көзінше өлтіріп алған
987
оқылды

Қарағанды ​​облысында жантүршігерлік оқиға болды. Күйеуі әйелін аяусыз ұрып, 13 жастағы қызының көзінше өлтіріп қойған, – деп хабарлайды Massaget.kz.

Бұл туралы журналист Айнұр Балакешова Instagram парақшасында бөлісті. Оның айтуынша, әйел бірнеше рет соққыға жығылған, Ольга тіпті күйеуінен Алматыға қашып кеткен. Кейін балалары үшін қайтып келіп, күйеуін кешірген. 

"Кеше кешке 10 жастағы ұлы әжесінің үйінде болғанда, күйеуі Ольганы ұрып тастаған. Бұл уақытта 13 жастағы қызы бөлмесінде болған. Ол алған жарақатынан қызының көзінше көз жұмған", –  деп жазды ол. 

Қарағанды облысы Полиция департаменті өкілдері бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді. 

"11 қазанда сағат 13.00 шамасында Қарағанды ​​облысының Абай аудандық бөлімшесіне хабарлама келіп түсті. Абайда көпқабатты үйлердің бірінен зорлық-зомбылық белгілері бар әйелдің денесі табылды. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барған кезде бұл дерек расталды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті жәбірленушінің 35 жастағы күйеуі екені анықталды. Ол арадағы жанжалдан кейін әйелін ұрғанын түсіндіріп, кінәсін мойындады", – деді полицейлер. 

ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігі ("Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру") бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.