16 қазан – анестезиолог-реаниматолог күні.
Алматыда анестезиологтар мен реаниматологтардың съезі  өтті
649
оқылды

Алматыда Дүниежүзілік анестезиолог күні (16 қазан – анестезиолог-реаниматолог күні) аясында 12-14 қазан күндері аралығында  Қазақстанның анестезиологтары мен реаниматологтарының IV съезі өтеді.

Іс-шараның мақсаты – ҚР халқына мамандандырылған медициналық көмекті жақсарту мақсатында анестезиологтар мен реаниматологтардың және сабақтас мамандықтардың басын қосу, 2018 жылы өткізілген III Съезден кейінгі кезеңдегі осы салада жинақталған мәселелерді талқылау және оларды шешу жолдарын іздеу.

Қазақстанның анестезиологтары мен реаниматологтарының IV Съезінің жұмысына жетекші отандық және шетелдік мамандар, ғылыми орталықтардың, ғылыми-зерттеу және білім беру мекемелерінің, облыстық, қалалық және өңірлік медициналық мекемелердің анестезиологтары мен реаниматологтары, ғылыми қызметкерлері қатысады.  Дж. Хопкинс  университетінің кардиоанестезиология бөлімінің директоры, профессор D. Nyhon және басқа да көптеген шетелдік қонақтар келеді деп күтілуде.

Шараның салтанатты ашылу 12 қазан күні "Алматы театрында" өтеді. Съездің ашылуында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Алматы әкімі Ерболат Досаев, "Анестезиологтар және реаниматологтар федерациясы" РҚБ президенті, профессор Ерғали Миербеков, ҒЗИ, медицина саласындағы ғылыми орталықтардың бірінші басшылары құттықтау сөз сөйлейді. Қатысушыларға Дүниежүзілік анестезиологиялық қоғамдар Федерациясының (WFSA) Президенті Уэйн Моррис (Dr. Wayne Morriss)   онлайн эфирге шығып, бейне құттықтау жолдайды.  

12 қазанда Съезд аясында "Анестезиология мен реанимацияның құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелері" тақырыбында пленарлық отырыс өтеді, онда шетелдік ғалымдар дәріс оқиды. Сондай-ақ, Е.М.Миербеков – "Анестезиологтар және реаниматологтар федерациясы " РҚБ есебі", ҚР ДСМ штаттан тыс анестезиолог-реаниматолог Т.С.Қапышев - "ҚР Анестезиология және реаниматология қызметінің жай-күйі", Ұлттық медициналық ассоциация РҚБ президенті А.Б.Садықова - «Медициналық қызметкерлердің құқықтары мен пациенттің құқықтарын қорғау», Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы штаттан тыс анестезиолог-реаниматологы Т.К.Қуандықов - "COVID-19 пандемиясы кезеңінде Анестезиология және реаниматология қызметін ұйымдастыру" тақырыптарында баяндама жасайды. Бұл күні сонымен қатар, еліміздің анестезиология саласына көп жыл еңбек сіңірген ардагер анестезиологтар мен реаниматологтарға құрмет көрсетіліп, арнайы марапаттау рәсімі өтеді. 

Съезд жұмысы 13 қазан күні "InterContinental Almaty" қонақ үйінде жалғасады. Бұл күні "Педиатрия мен неонатологиядағы анестезиология және қарқынды терапия мәселелері ("Астана №1" залында), "Кардиоторакальды және тамырлы хирургиядағы, перфузиологиядағы және трансфузиологиядағы анестезиология және қарқынды терапия мәселелері" ("Астана" №2 залы), "Бауыр-бүйрек жеткіліксіздігі: гемостаз, детоксикация трансплантация және сепсис мәселелері" атты тақырыптарда секциялық отырыстар өтеді  ("Абай" залы).

14 қазан,  съездің үшінші күні "InterContinental Almaty" қонақ үйінде секциялық отырыстармен жалғасатын болады. "Астана №1" залында – "Акушерлік және гинекологиядағы анестезиология және қарқынды терапия мәселелері", "Жалпы хирургия мен травматологиядағы анестезия, қарқынды терапия және операциядан кейінгі анестезия" тақырыптары көтерілсе,  "Абай" залында "Нейрохирургиядағы, онкологиядағы анестезия және қарқынды терапиядағы паллиативтік көмек" тақырыбында баяндамалар жасалады. "Астана №2" залында – "Анестезиология және қарқынды терапиядағы "Мейіргер ісі" секциялық отырысы өтеді.

Басқосу аясында Қазақстан анестезиологтары мен реаниматологтарының  жаңа құрамы бекітіліп, съезд өз жұмысын арнайы резолюция қабылдаумен  аяқтайды.

Қазақстан анестезиологтары мен реаниматологтарының IV съезін ұйымдастырушылар: ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен "Анестезиологтар және реаниматологтар федерациясы" Республикалық қоғамдық бірлестігі,  "Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ" АҚ, "А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы" және "Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы" АҚ.