«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында халықтың денсаулығын нығайту, бұқаралық спортқа тарту мен саланы дамытуға баса назар аударылып отыр. Сонымен қатар білім, денсаулық және әлеуметтік салалар бойынша атқарылар жұмыстардың тізбегі жасақталған.
«AMANAT»-тың сайлауалды бағдарламасы аясында тұрғындардың мәселесі шешілді
1,637
оқылды

«AMANAT» ел аманатын орындады 

«AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалы жергілікті жұрттың талап-тілектері мен өтініштерін  үнемі назарда ұстап, елді алаңдатқан мәселелердің шешімін табуына тұрақты ат салысып келеді. 

Таяуда облыстық филилдың  төрағасы Арыстанғали Қадырұлы мен облыстық мәслихат депутаты, партиялық бақылау комиссия төрағасы Руслан Вахапұлы Текелі қаласында салынып жатқан 40 пәтерлі үйдің құрылысы барысын бағамдап қайтты. Кеншілер шаһарында тұратындарды баспанамен қамту мақсатындағы құрылыстың сапалы әрі уақытылы жүргізілу керектігін еске сала отырып, қолданылып жатқан материалдардың сапасына назар аударды.  

 

Нысанның бас мердігері «СЕМ - Шоғы Құрылыс - Сервис» ЖШС директоры Серік Жазықбаевтың айтуына қарағанда,  құрылыс мамырда басталған. Жұмыс мерзіміне сай жүргізлуде. Жыл соңына дейін екі үй  тапсырылады. 

«Халықты сумен және электр жарығымен, жылумен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі партиялықтардың ерекше бақылауында болуы тиіс. Құрылыстың сапалы әрі мерзімінде жүруін қалалық мәслихат депутаттары мен партиялық бақылау комиссиялары қадағалаулары қажет», – дейді партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Руслан Валишанов.

Жалпы, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында осы жылдың соңына дейін облыс бойынша 295,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

 

Сонымен бірге білім, мәдениет  саласындағы құрылыстар  қарқыны мен  сапасы да бақылауға алынған. Көксу ауданы, Қаратал ауылында салынып жатқан 25 орындық шағын орталығы бар 120 орындық жалпы білім беретін мектептің құрылысы мен Балпық би ауылындағы  2 өрт сөндіру депосының құрылысының барысы да басты назарда. 2021 жылы жасалған сараптама қорытындысы бойынша өрт сөндіру бөлімінің ғимараты жарамсыз деп танылған. Жаңа нысанның құрылыс жұмыстарына 502 млн. теңге бөлінген. Жаңа бөлімшенің жер аумағы 1 гектарды құрайды. Онда әкімшілік корпус, 2 автомобильге арналған депо, диспетчер кабинеті, демалыс бөлмесі, санитарлық тораптар, мұрағат пен қойма және оқу сыныбы болады. 

Республикалық сайлауалды штабтың Жетісу облысына жұмыс сапары барысында бірнеше тапсырма берілген болатын. Соның бірі - Ескелді ауданы, Қайнарлы ауылында халықтың сұранысы бойынша спорттық алаң салу еді. Мыңға жуық  тұрғыны бар Қайнарлы елді мекенінде осы кезге дейін балалар ойнайтын арнайы орын болмаған. Жақында жаңа  ойын алаңының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Алаң әткеншек, спорттық керме, футбол ойынына арналған құрал-жабдықпен, тағы да басқа керек-жарақпен толық  қамтылған.

– Қыркүйек айының басында барлық құрылыс жұмыстары аяқталып, нысан қолданысқа берілді. Балалардың  уақытын тиімді өткізуге барлық жағдай жасалған. “КазСтрой Group LTD”” ЖШС-і бос жатқан алаңға жан бітірді. Бұған 9 миллионнан аса қаражат жұмсалды. Кешқұрым ауыл балалары осы жерге жиналады, – дейді Қайнарлы ауылдық округінің әкімі. 

Ескелді ауданындағы елді алаңдатқан тағы бір мәселе -  аудан орталығындағы құрылысы басталғалы біраз жыл болса да, аяқталмай тұрған саябақ.  Ауылдың сыйқын қашырып тұрған саябақтың проблемасы бірнеше рет қаралып,  бірқатар шаралар  да қарастырылды. Қазіргі уақытта жұмыстың 70 пайызы ғана аяқталған. Нысанда жұмыс жасап жатқан жұмысшылар да санаулы. Құрылысқа жауапты «Монолит» ЖШС-нің өкілдері жұмысты ағымдағы жылдың 10 қаңтарынан қайта қолға аламыз деп кезекті уәдені  берді. Осыған орай «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы  мердігер мен аудан басшылығына сын-ескертпелерін жеткізді.

Партияның бақылау комиссиясы алдағы кезде де бүкіл құрылыс, жөндеу жұмыстарының барысын басты назарда ұстап отырады.  Жақында мониторингтік топ Сарқан ауданына қарасты Алмалы мен Көктерек ауылының мәдениет үйлерінің құрылыс жұмыстарына мониторинг жүргізіп, мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. Мұнда да тұрғындар игілігі үшін атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілу керектігін атап көрсеткен партия төрағасы аудан басшылығы мен жауапты мердігерлерге құрылыс сапасына қатысты бірқатар сын-ескертпе айтты.

Ақсу ауданының орталығы Жансүгір ауылындағы 844 орынға шақталған мектептің күрделі жөндеу жұмыстары да көңілден тысқары қалған жоқ. Бұл білім беру нысаны «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындаудың «Жол картасын» іске асыру аясында қолға алынған. Сондықтан оның сапалы әрі өз уақытында аяқталуы партия бақылауында. Жалпы мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстары оқу процесіне кедергі келтірмеуге тиіс.   Облыстық партия филиалының «Жол картасы» аясында алдағы бес жылда 39 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтеді.

Осыдан біраз  бұрын Ақсу ауданындағы  Арасан ауылдық  округінің қоғамдық кеңесі округ тұрғындары атынан облыстық мәслтхат депутаты  Данияр Ақмолдаевқа хат жолдап, көмек сұраған.  Онда жазылғандай, Арасан ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылының оңтүстік-батыс жақ шетімен өтетін Бүйен өзеннің екі жақ қапталындағы жерлерде егін егумен айналысатын 120 шаруа қожалығы және мал өсірумен айналысатын 100 шаруа қожалығы орналасқан. Аталған шаруа қожалықтары егін егу, малға жем-шөп дайындау, тасымалдау, мал төлдету, жайлауға көшу кезінде осы өзендегі бұрын салынған көпірмен төте қатынап келген. Алайда, кезінде шаруашылық мақсатта салынған көпір қатты ескіруіне байланысты бүгінгі күні қолданыста емес. Көпірдің жарамсыз күйге түсуі, малшы қауымның көшу-қону кезінде өзенді кешіп малдарын айдап өтуінде, диқандардың өзенді басқа жағымен айналып өтуімен машақат тудырып тұрған  көрінеді.  «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалы  қазіргі кезде тиісті орындарды  ортақ іске жұмылдырып, осы мәселені шешуге  кірісті.

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы 

Сыр халқы сайлауалды бағдарламаның игілігін көріп отыр 

Негізінен партияның сайлауалды бағдарламасы аясында Сыр өңірінде алдағы 5 жылда 15 дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысын салуға қаражат қарастыру көзделген. Сондай-ақ спорт нысандарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу,  спортпен айналысатын тұрғындардың үлесін 53 пайызға дейін арттыру жоспарда тұр. Соның негізінде облыс аумағында бірқатар жаңа спорттық кешендер бой түзеп, ел игілігіне пайдалануға беріліп отыр. Атап айтқанда, өңірге қарасты Қармақшы, Шиелі аудандары, Қазалы ауданына қарасты Түктібаев елді мекені, Жосалы кенті, Қызылорда қаласындағы Ақсуат ауылдық округі мен Ж.Маханбетов ауылында спорт ғимараттарының іргесі қаланды. Бұған қоса Жаңақорған ауданы, Машбек Нәлібаев ауылында  жаңа спорттық кешен пайдалануға берілді. 

 

Мұндай спорт нысандары волейбол, шағын футбол, баскетбол алаңдарымен  жабдықталып, теннис корты, күрес алаңы, екі жолақты жүгіру жолымен қамтылған.  Ауыл спортын дамыту жолындағы сәтті бастаманы қолға алған  жетекші партия жұмысына халықтың алғысы шексіз. 

Халықты баспанамен қамтып отыр

Сыр өңірінде халықты жайлы баспанамен қамтамасыз ету ісі де партия назарынан тыс қалған емес. Соның ішінде партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасымен халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру бағытында атқарылған жұмыстардың ауқымы кең.

Бүгінгі күнге дейін облыста 70-тен астам отбасы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында баспаналы болып отыр. Нақты айтқанда, Шиелі ауданында 18 пәтерлік 4 тұрғын үйдің іргесі қаланып, ел игілігіне берілді. 

Шиелі кентінің «Көкшоқы» шағын ауданында салынған бұл тұрғын үй 72 пәтерді құрайды. Пәтерлер заң шеңберінде комиссия шешімімен барлық санатқа бөлінген. Жаңа баспанаға зәру халық бұл игі істі зор қуанышпен қабылдады. 

Жалпы өңірде бағдарлама аясында  2023 жылдың соңына дейін қаржыландырудың барлық көздері есебінен 692,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Байқоңыр қаласында – 250 пәтерлі 5 үй пайдалануға берілуі көзделсе, «Сыр жастары» бағдарламасымен 100-ден астам жас отбасыға жаңа тұрғын үйдің кілті табысталмақ. Бұл мақсатқа жергілікті бюджет пен «Отбасы» банкі арқылы тиісті  қаражат бөлінген.

Қосымша білім ғимараттары бой түзеді

Биыл Қызылорда қаласында мектеп жанынан қосымша ғимараттар пайдалануға берілді. Партияның аймақтық бағдарламасы негізінде қолға алынған бұл игілікті іс мектептегі үш ауысымдық оқыту процесін  жойып, білім сапасын арттыруға негіз қалайды.

Соның ішінде облыс орталығындағы №101 мектеп-лицей ауласында салынған 375 орындық нысан және  Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектеп жанындағы 550 орындық қосымша ғимарат халықтың талабына сай келеді. Жаңа ғимараттарда оқу кабинеттері, шығармашылық бөлмелер заманауи үлгіде жасақталған. Қосымша ғимараттарда оқушыларға сапалы білім беруге барлық жағдай қарастырылған. Бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік жабдықтары орнатылған. 

Сол сияқты Қызылорда қаласындағы С. Толыбеков атындағы №3 ІТ-мектеп-лицейінің және Т.Есетов атындағы № 264 мектеп-лицейдің жанынан дәл осындай білім нысандары пайдалануға берілді. Бүгінде балғындар қосымша білім ғимараттарының игілігін көріп жүр.

Қала аумағындағы «Бәйтерек» шағын ауданының тұрғындары да партияның бастамасымен жаңа мектепке қол жеткізді. Бұған дейін бір мектепке зәру шағын аудан тұрғындарының мәселесі партияның сайлауалды бағдарламасының Жол картасына енгізілген болатын. Нәтижесінде 600 орындық №287 жаңа білім ошағы бәйтеректік балаларға есігін айқара ашты.

Жыл соңына дейін партия бағдарламасы аясында  өңірде 1400 орындық 4 жаңа мектепті пайдалануға беру де жоспарда бар.

Жалпы «AMANAT» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасында балалардың мектепке дейінгі білім беру және тәрбиемен қамту үлесін 100 пайызға жеткізу көзделген.  Сонымен қатар білім беру ұйымдарында оқушылар үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасауға мән берілген. 

Нәтижесінде бүгінгі күні өңірде 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту үлесі 100 пайызға, ал 2-6 жастағылардың қамту көрсеткіші 88,9 пайызға жетіп отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы

 

Медициналық бөлімшеге күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді

 

 «АМАНАТ» партиясының Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Шығыс Қазақстан облысының 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасына аясында тұрғындардың сұрауымен Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданы Көкжота ауылындағы фелдшерлік пунктке 2023 жылы күрделі жөндеу жұмысын жүргізу  жоспарланған болатын.

 

Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданы Көкжота ауылындағы фелдшерлік пункт  ғимараты 1971 жылы салынған. 2023 жылдың 15 мамырында фелдшерлік пунктке күрделі жөндеу жұмыстары басталып, 31 шілдеде аяқталды. 

Күрделі жөндеу жұмыстарын «KAZPROFSTROY HOLDING» мекемесі жүргізді.

 

Атырауда «Табысқа апарар жол. Жұмысқа орналасуға көмек» басталды

Бүгін «AMANAT» партиясының Атырау облыстық филиалында «Табысқа апарар жол. Жұмысқа орналасуға көмек» акциясы аясында алғашқы қабылдау өтті.

Қабылдауға филиалдың атқарушы хатшысының орынбасары Қуантай Бисалиев, Атырау қалалық мансап орталығының директоры Гүлнар Құспанова және  Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының  жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлбулат Аманғалиева қатысты.

«Акция аясында Алматы қаласындағы  Қ.Сәтбаев университетін мұнай инженері мамандығы бойынша биыл бітірген жас маман Нұртөре Аққали «Жастар практикасы» бағдарламасына сәйкес жұмысқа жіберілді. Ал, жұмыссыздар  Тимур Батыров пен Марат Сулекеновтерге жұмысынан айырылуына байланысты жәрдемақы тағайындалды.

Мамандығы эколог Нурмухан Болатовқа Мансап орталығына жұмыссыз ретінде тіркелу, ІІІ топ мүгедегі Қыдырболат Қайыровқа аталған орталыққа құжаттарымен келу ұсынылды. Екеуіне де орталықтан жұмыс көзі қарастырылатын болып келісілді» дейді  «AMANAT» партиясының Атырау облыстық филиалы баспасөз-хатшысының кеңесшісі Салтанат Ақтажиева. 

 

Қабылдауға келген доссорлық Назым Даулетова  Доссор поселкесіндегі орта мектептердің біріне жұмысқа орналасуына ықпал етуді сұрады. Тиісті мамандар «Enbek.kz» сайтына жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, жұмысқа орналасуды ұсынды. 

Батыс Қазақстан облысы инновациялық-технологиялық  университетін қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша биыл тәмамдаған жас маман Айдана Сағызбаева «BINOM» мектебіне,  жұмыссыз Нұрлыгүл Издибаева партияның Жылыой аудандық филиалының консультанты  лауазымына, сонымен қатар 3 азамат жылу қазандығының операторы ретінде маусымдық жұмысқа орналастырылды.

«Айта кетейік, акция аясында оң шешілген кейстер республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне жүйелі негізде жіберіледі. Партия жұмыспен қамту және еңбек даулары бойынша өтініштерді ескере отырып, елдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуді және жұмыссыз халықты сұраныстағы мамандықтарға қайта даярлауды басты назарда ұстайды» дейді «AMANAT» партиясының Атырау облыстық филиалы баспасөз-хатшысының кеңесшісі Салтанат Ақтажиева. 

Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында азаматтардың әл-ауқатын арттыруды, олардың әлеуметтік жағдайын басты назарда ұстауды тапсырған болатын. І жартыжылдықта партияның қоғамдық қабылдауларына жұмысқа орналастыру және еңбек даулары мәселелері бойынша 4 мыңнан астам азамат жүгінді. Осыған байланысты әр айдың екінші сәрсенбісінде партияның аймақтық, аумақтық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ, «Атамекен» ҰКП және басқа да ұйымдардың көмегімен «Табысқа апарар жол. Жұмысқа орналасуға көмек» акциясын өткізу басталды. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Атырау

 

Ақмолада жөндеу көрмеген жол жөнделді

Елдің әр аймағында «AMANAT» партиясының араласуымен жылдар бойы халықтың шымбайына батқан әлеуметтік мәселелер біртіндеп болса да шешімін тауып келеді. Ақмола облысында да бірқатар толғағы жеткен өткір жайлар партияның азаматтарды қабылдау кезінде көтеріліп, тиісті жүргізілген шаралар нәтижесінде қаржы бөлініп кейбір нысандарда жөндеу жұмыстары аяқталса, біреулерінде жұмыстар қызу жалғасып жатыр. 

Мәселен, Есіл ауданына қарасты Қаракөл ауылында жылдар бойы жөндеу көрмей әбден тозған облыстық маңызға ие Бұзылық-Алматылық тасжолы шұрық тесікке айналған  еді. Бар-жоғы 28 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізу үшін бюджет қоржынынан 2021 жылы 2,1 миллиард теңге бөлініп, жолдың 20 шақырымында жөндеу жұмыстарын өткізу жоспарланған. Алайда, мердігер компания «Дорстройматериал LTD» ЖШС-мен сол жылдың маусымынан басталған жоба қараша айына дейін жүргізіліп кейін күрт тоқтап қалған. Жол тұтастай тек негізгі қабатына арналған қиыршық тас қана төселіп асфальт жабыны тек 12,5 шақырымына ғана төселген болып шықты. Сол жылы бөлінген 900 миллион теңге қаржының тек 700 миллион теңгесі ғана игерілген. Яғни 2021 жылы жоспар бойынша аяқталуы тиіс жұмыс сол күйі бітпей қалады. 

 

Жылдар бойы жол азабын тартқан тұрғындар бұған қатты налып ауыл тұрғыны Арман Қуандық қоғамдық қабылдау кезінде «AMANAT» партиясына арызын берген. 

– Партияның араласуымен өткен жылы Бұзылық-Алматылық тасжолын орташа жөндеуге қосымша тағы 535,6 миллион теңге бөлінген. Қазіргі уақыта 15,5 шақырым жолдың 5 шақырымына асфальт төселген. Асфальт төсеу жұмыстары одан әрі жалғастырылып жатыр, – дейді «АMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау меңгерушісі Дархан Қанафин. 

Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласында да тұрғындар жол жағдайына жиі шағымданатын. Әсіресе, Карьер, Горный және СМП шағын ауданында тұратын тұрғындар №4 орта мектепте оқитын балаларының күн сайын мектепке барар жолда батпаққа батып, толарсақтан саз кешетінін ащы жанайқайын айтып «AMANAT» партиясынан аудандық мәслихат депутаты Олеся Баймоваға жүгінген. 

Депутат Бурабай ауданының әкімі Арай Садықовтың атына депутаттық сұраныс жолдап мәселені ашық көтерді. Нәтиже ұзақ күттірмеді. Өтініш негізінде қазан айының басында-ақ айналасы майлы батпаққа айналған №4 орта мектептің тұрағы мен кіру жолдарына қиыршық тастар мен құм төселіп жөндеу жұмыстары жүргізілді. 

Өңірдің шалғай ауылдарында тұрғындардың қарапайым қажеттіліктеріне арналған әлеуметтік нысандары жоқ яки әбден тозған нысандар жетерлік. Мәселен Атбасар ауданының Новосельское селосында халықтың денсаулығын қарайтын ФАП ауыл әкімдігінің ғимаратында орналасып келген. Ауыл тұрғыны Татьяна Сафонова аталған мәселені партияның көшпелі қабылдау кезінде көтерген. 

Партияның қоғамдық қабылдауы азаматтарды көшпелі қабылдау хаттамасын дереу Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасына жолдаған. Басқарма партияның Атбасар ауданы, Новосельское ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт нысанын салу туралы хаттамасын қарастыра келе құрылысқа 40 миллион теңге қаражат бөлген.

- Сөйтіп былтыр Новосельское ауылының тұрғындары көптен күткен ФАП-тың құрылысы Түркістан облысының Қазығұрт ауылынан келген «Шаңырақ –ХХІ» мердігер компаниясымен басталды. Бүгінгі күнге дейін ғимараттың қабырғасы тұрғызылып, шатыры қойылып, есік-терезелері салынған. Кәріз үшін 2,5 текше көлемінде құдық қазылды. Нысан шамамен 80пайызға дейін аяқталды деуге болады. Дегенмен жыл басынан бері мердігермен жоба құны мен электр энергиясына қарызға байланысты жұмыс тоқтап қалған. Нысан уақытында аяқталмауына байланысты мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа мердігерді құрылыс жұмыстарын аяқтауға мәжбүрлеп, өсімақы өндіру және мердігерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз жеткізушісі ретінде тану туралы талапарыз әзірленіп жатыр. Қазіргі уақытта нысандағы жұмыс қайта қызып келеді. Аталған нысан осы жылдың соңына дейін аяқталып қалуы тиіс, – дейді Дархан Қанафин.

Аймақта бұдан өзге де оң шешімін тауып халықтың игілігіне тапсырылып жатқан басқа да нысандар баршылық. Жылдар бойы қиындық көріп билік органдарына мәселесін шеше алмай келген тұрғындар ризашылықтарын білдіруде. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы