Бізде ғылыми ақпарат қатардағы адамдар түгілі мамандардың өзіне жете бермейді.
Мамандар қазіргі қоғамның психикалық саулығына қатысты көп айтыла бермейтін мәселені қаузады
1,365
оқылды

«Бізде ғылыми ақпарат қатардағы адамдар түгілі мамандардың өзіне жете бермейді. Өйткені көбіне ол ағылшын тілінде. Ал мұндайда үңірейген орынды пайым мен долбар басады». Бұл туралы Алматыда 10 қазан – Дүниежүзілік денсаулық күніне орай өткізілген баспасөз мәслихатында ДДҰ-ның Орталық Азия елдері бойынша консультанты Николай Негай мәлім етті.

 «Қабырғада қамшы ілініп тұра берсін, оның несі артық? Егер бұзықтық жасаса, балалардың шаңын бір қағып аламыз», – деп жатады кейбір ата-аналар. Өйткені бұл ата-аналар оның салдары туралы ғылыми ақпараттан қанық емес. Ал ғылыми тұрғыдан алсақ, баланы мүлде ұруға болмайды», – дейді жоғары санаттағы білікті дәрігер.

 

Оның айтуынша, әлемде 970 000 000 адам психикалық бұзылыспен өмір сүреді, оның ішінде 14%-ы – жасөспірімдер.

СТИГМА НЕМЕСЕ АДАСУ

Тағы бір статистика. Әлемде күйзеліске ұшыраған адамдардың тек 3 пайызы дәрігерлік көмек алған. Яғни, 97 пайызы емделмеген. Психозбен ауыратындардың 29 пайызы ғана бұл қызметке жүгінген. Николай Негайдың айтуынша, психологиялық саулық тұрғысында адамдардың дер кезінде дәрігерге жүгінбеуіне басты себеп – стигма. Стигма – адасу немесе жалған ұят, жаңсақ пайымнан туатын қорқыныш.

Стигматизация адамның құқықтары мен мүмкіндіктеріне теріс әсер ететін әлеуметтік оқшаулану мен кемсітушілікке әкеліп соғады. Сондықтан онымен күресудің мынандай тиімді стратегиялары бар:

Білім беру стратегиялары фактілерге негізделген және психикалық бұзылулар туралы мифтер мен қате түсініктермен күресуге бағытталған.

Байланыс стратегиялары психикалық ауытқулары бар адамдармен қарым-қатынас жасау арқылы теріс көзқарастарды өзгертуді қамтиды.

Наразылық стратегиялары стигма мен кемсітушілікке ресми қарсылық білдіреді.

«Біз стигмамен күресу психикалық денсаулық пен адам құқықтарын қорғаудың ажырамас бөлігі екеніне сенімдіміз. Біз қоғамды, денсаулық сақтау мекемелерін және мемлекеттік органдарды стигманы азайтуға және барлығына қолдау көрсететін және инклюзивті орта құруға күш салуға шақырамыз», – дейді Николай Негай.

ЛУДОМАНДАР НЕГЕ ТЫҒЫЛЫП ЕМДЕЛІП ЖҮР?

Кейінгі кездері жастар арасында кеңінен тараған лудомания дертінен Қазақстанда тегін емделуге болады. Бұл туралы «Қазіргі қоғамдағы психикалық саулық, біз нені айтпай қалуға тырысамыз» атты баспасөз мәслихатында «Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы» ШЖҚ РМК бас директоры Қуаныш Алтынбеков мәлім етті.

Бүгіндері, аталған орталықта лудомания ауруына шалдыққан 10 адам ғана динамикалық бақылауға алынған екен. Мамандардың пікірінше, науқастардың көпшілігі ойынқұмарлықты  ауру деп  мойындамайды, есепке алады деген үреймен жекеменшік клиникалардан ем іздейді.

«Қазір лудоманиямен емделуге келген науқас жайлы деректерді динамикалық бақылау тізіміне енгізбей, консультациялық бақылауға енгізу мәселелері пысықталып жатыр. Биыл жыл соңына дейін ҚР ДСМ бұйрықтарына осы бағыттағы тиісті өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз», – дейді ол.

ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ САУЛЫҚ ЖОБАЛАРЫ – ҚАМҚОР ҚОҒАМ КӨРІНІСІ

Сондай-ақ еліміздегі психоанализ мектебінің директоры Светлана Қуаныш 2017 жылы әкімдіктің қолдауымен қолға алынған әлеуметтік-инновациялық жоба жайлы айтты.

«Жоба аясында 23 жасты қоғамға бейімдеумен айналысып жатырмыз. Осы күні соның бесеуін ресми түрде сау адамдар қатарына қосуға қол жеткіздік. Қазір олар өз бетімен өмір сүруде, жұмысқа орналасқан. Тағы жеті жас өзге ұйымдарда жұмысқа орналасып, нәпақасын тауып жүр. Айтайын дегенім, психологиялық бұзылыс жазылады. Сондықтан психологиялық денсаулықты жақсарту жобалары қоғамның бірлескен күш-жігері мен қолдауын қажет етеді», – дейді ол.

Аталған баспасөз мәслихатында менталды бұзылыспен мүгедектер қатарында болып, бүгіндері ресми түрде сау адамдарға қосылған Гүлнәр өз басындағы жайтпен де бөлісті.

Сондай-ақ заңгер, "Legalcapacity.kz" бастамасының құқық қорғаушысы, ерекше баланың анасы Айгүл Шәкібаева халықаралық заң нормативтерінің Қазақстанда кейбір қамтылмаған тұстарын екшейтін кез жетті деп санайды.