Өткенді қалпына келтіру әсте қиын. Көп қажырлы энергияны талап ететін құбылыс. Әсіресе, тарихты болса.
Шығыс миниатюрасы немесе ұмыт қалған кескіндемелер
942
оқылды

 Уақытты тіпті қайтару мүмкін емес. Таяу Шығыста Шираз, Тебриз, Бағдат, Герат, Йезд, Казвин, Исфахан. Орталық Азияда Отырар, Самарқанд, Пенжікент, Мерв (Мары), Бұхар, Тараз (Жамбыл), Нисе, Сарай, Астрахань және Хиуа қалаларының болғанын тарихтан білеміз. Бұл мекендерден табылған бай мұралар кезінде обсерватория, медресе, қағаз жасайтын шеберханалардың болғанын аңғартады.  

Бұл қалалар – Орталық Азия халықтарының, оның ішінде қазақ, өзбек, тәжік, қырғыз, түркімен, қарақалпақ және әзербайжан және басқа ұлттар мен ұлыстардың талай тарихын топырағына тұндырған. 

Түрлі таңбалары мен тастары да сөйлеген. Азия елдерінің кейбір стильдік өнерлері мен салт-дәстүрлері де ұқсап кететіндері тағы бар. Осы тұрғыда бұл атаулы елдердің бейнелеу өнері жағынан да, оның ішінде  архитектуралық декор, металдағы, керамикадағы, тоқыма бұ­йым­дарындағы кескіндер, кітап миниатюрасы да әлемдегі танымал өнерлер қатарында. 

Әсіресе, Гераттағы Сұлтан Хусейн кітап­ханасындағы атақты суретшілер мен калли­графтар, миниатюристер. Мәуеренахр мен Хорасан жеріндегі әйгілі Мырза Ұлықбек, Әли Құсшы, Әбдірахман Жәми, Әлішер 

Науаи, Кемалиддин Бекзат және т.б. тұлғалар көп із қалдырған тіпті, негізін де қалап кеткен десек, дұрысы. 

Мәселен, Бекзат Кемалиддин (1455-1537) ирандықтардың, ауғандықтардың, өзбектердің, тәжіктердің, арабтардың, әзербайжандардың, түріктердің және басқа Шығыс халықтарының мақтанышы, Герат пен Тебризде XV ғасырдың екінші жартысы мен XVI ғасырдың бірінші жартысында өмір сүріп, көп тарихты жасап кеткен. Өзінің тамаша туындыларымен әлемдік мәдениеттің қазынасына орасан зор үлес қосты. Сондай-ақ Гераттың миниатюралық мектебін дәріптеу арқылы ұрпақтарына баға жетпес мұра қалдырды. 1480-1507 жылдары Сұлтан Хусейн Байкараның кітапханасын басқарады және бұл өз заманынада кітап өнерінің дамуына едәуір көп ықпал етті. Суретші ретінде ғаламның ерекше сұлулығын тереңінен түсініп, көп дүниелер қалдырған. Қасым ханның  бөлесі Мұхаммед Шайбани мен Хусейн Байқараның портреті де Бекзаттын туындысы. 

ХХ ғасырдағы Анри Матисс – шығыстың ең ұлы суретшілерінің бірі. Себебі ол үшін күтпеген жаңалықтар әрқашан Шығыстан келетінін айтып, Бекзатты өзінің ұстазы деп санаған. «Әрбір миниатюралары шынайы кейіпте секілді көрінеді» – деген пікірінен танбастан, «Қарапайымдылығы мен күрделілігі шығыстықтардың ерекшілігі» деп бағалайды. Осылайша, ХХ ғасырдың басында әйгілі суретші Анри Матисс өз жұмыстарында және басқа еуропалық суретшілер де өздерінің кескіндемелі суреттерінде Кемалиддин Бекзаттың миниатюраларының жұқа сызықтары мен түстерін және ерекшеліктерін қолдана бастайды. XIX-XX ғасырлардағы көптеген еуропалық суретші шығыстың бейнелеу өнерінің жұмбақ ерекшеліктерін қолдана отырып, «еліктеу» өнер дағдысынан «қиял» өнер дағдысына  көшкен. Мәселен, Модильяни, Брак, Пикассо, Дерен, Вламинк сияқты кескіндеме шеберлерінің шығармашылығындағы түбегейлі өзгерістер Шығыс бейнелеу өнерінің, оның ішінде Бекзаттың өнер стилінің әсерінен болғанын да атап өткен жөн.

Осылайша, ХХ ғасырдың басында Еуропада Бекзаттың жұмысы кең танымал болды. Лондонда 1912 жылы шыққан Ф.Мартиннің «Иран, Үндістан және Түркияның миниатюра­лық кескіндемесі және суретшілері», Арнольдтың Оксфордта 1928 жылы шыққан «Ислам кескіндемесі», И.Щукиннің Парижде 1954 жылы шыққан «Темір әулеті қолжазба­ларындағы кескіндеме», Робинсонның 1957 жылы Лондонда шыққан «Иранның миниатюралары» сияқты туындылары көптеп пайда болады. 

Осылайша, В.Бартольд, А.Якубовский, Е.Бертельс, Б.Гафуров, В.Захидов, И.Сұлтанов, А.Хайитметов сияқты ғалымдар XV ғасырдың екінші жартысында әдебиеттің, тарихнаманың, философияның, логиканың, этиканың және мәдениеттің басқа да салаларының бұрын-соңды болмаған ерекше өзгерістерге ұшырап, кең сұранысқа ие бола бастағанын дәделдеп кетеді. Ғылыми айналымға түсіп, сұранысқа ие болған бұл өнер түрінің елімізде сұранысы күрт төмендеп, тіпті қызығу­шылық тұрмақ ізденіс пен сұранысқа да түспей тұрғаны көп көңілге күдік пен күмән тудырып отырғандығы және бар. 

Науайдың «Орта ғасырлардағы ең үздік өнері – миниатюралар мен каллигафия үлігісі» дегені әсте тегін емес-ті.  

Өкінішке қарай, өтпелі кезеңнен кейін, яғни ХVII-ХІХ ғғ. миниатюраның алғашқы үлгілері және олардың суретшілері туралы мәліметтерге деген сұрыныс та, ізденістер де күрт азайған. Орталық Азия елдері экономикалық және саяси тұрғыда күрт әлсіреп, Еуропа елдері өнерлерінен көп қалыс қалғандай. 

«Алтын ғасыр» деген айдарлы сөз лексикадан шығып, көнергендей. Миниатюра өнерін меңгергендер – муссавир, наккаш, оюшыларды – лаввах және каллиграф мамандары да жылдар өткен сайын сиреп барады. 

Өз заманының тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрлері мен тарихы сайрап жатқан бұл өнер түрін қайта зерттеп, жаңғыртып, заман талабына сай кескіндеу өнерін дамытатын мамандардың аздығы тіпті оны дайындайтын ЖОО-ның арнайы мамандықтарының болмауы, көне түрік, көне парсы және шағатай тілі мен арнайы лингвист мамандықтарының даярланбауы, түпкілікті рухани әлемнен алыстатып бара жатқандай. Өзекті де күпті мәселе. 

Өткен қоғамның тыныс-тіршілігі мен ой-санасының өрісін кітаптардан оқимыз. Сол кітаптардағы таңбалар мен кескіндемелерден аңғарамыз, танысамыз. Дәуірлер жасаған игілікті істермен тарихтан, аманаттардан қол үзіп қалмастан астарына үңілейік, жаңашалайық.

Ескіні еске алмай, жаңаның жарқын бей­несін тану қиын. Әр миниатюралы кескіндемелі суреттерде ұмытылмас ұлы кезеңдер сайрап жатыр. Өнердің қай түрі болса да даму процесінде бірімен-бірі тығыз байланыста өрістейді, біріне-бірінің игілікті әсерін тигізбей қоймайды. Барымызды бағалап, тарихымызға тағы да терең үңіле түсейік...

Мөлдір Төлепбай, Ұлттық академиялық кітапхана қызметкері