Кредиттік оқу жү-йесі, академиялық ұтқырлық, шетелдік оқу орындарымен байланыс және тағысын тағы...
Болон процесі: 13 жылдағы жетістігіміз қандай?
2,249
оқылды

 Отандық білім жүйемізге дәл осы ұғымдардың сіңіп кеткеніне он үш жылдан аса уақыт өтті. Аз да емес, көп те емес. Бірақ шындап келгенде негізгі нысана санында емес, білім жүйесіне әкелген сапасында. Кейде еліміздің жоғары оқу орындарында Болон процесі жайлы аз-кем ақпаратты құлағымыз шалып жатады. Тіпті, университет қабырғасында Болон процесіне байланысты құрылған арнайы ұйымдар да жұмыс істейді. Бірақ олардың көздегені не? Болон процесінің өзі несімен ерекшеленеді? 

Болон – жоғары білімнің еуропалық кеңістігін құру процесі. Ол жүйеге қо­сылудағы мақсатымыз – қатарынан оза шапқан оқу орындарының қолданысында жүр­ген озық тәжірибелерді өз елімізге ен­гізу. Болон арқылы білім саласына үш са­тылы жоғары білім енгізу, академиялық кре­диттер жүйесін қабылдау, еуропалық бі­лім­нің бәсекелестікке қабілетін арттыру көз­делді. Студенттердің білім деңгейін баға­лау кредиттік жүйе арқылы іске аса бас­тады. Болон процесінің идеясы сту­дент­тер үшін тиімді. Себебі елімізде еуро­па­лық жүйеде оқытатын оқу орындарының  студенттері үшін білімін шыңдау мақ­са­тында бір семестр бойы Еуропа универ­си­­теттерінде оқу мүмкіндігі қарасты­рыл­ған. Бұл Академиялық ұтқырлық бағдар­ла­масы негізінде жүзеге асырылады. Бо­лон процесі аясында оқуын тәмамдаған бі­тірушілердің дипломы Еуропа елдері мен оқу орындары арасында мойын­да­ла­ды. Яғни, шетелде жұмыс істеп немесе бі­лі­мін әрмен қарай жалғастыруға мүм­кін­дік бар деген сөз.

Болон процесінің тағы бір артық­шы­лы­ғы – студенттер өздері таңдаған курстар бойынша білім алады. Модульдік жүйе, электронды курстар, қашықтан оқыту – Бо­лон жүйесінде көрсетілген басты тетік­тер. Студенттердің білімі ECTS кредиттік жүйесі арқылы бағаланады. Кредиттік оқу жүйесі қазір Еуропаның біршама жоғары оқу орнында қолданысқа еніп үлгерген. Со­нымен қатар міндетті пәндер мен таң­дау пәндеріне арнайы кредит бөлінеді. Әр кредиттің белгіленген құны бар. Бұл тәсіл студенттің өздігінен ізденіп, қабілеттерін да­мытуға жол ашады. Оқыту жүйесінде көр­сетілген тағы бір маңызды тетік – сту­дентке оқытушыны таңдау еркіндігінің бе­рілуі. Білім алушы пәндер мен оқы­ту­шы­ны таңдау арқылы болашағына қажетті бі­лімді бойына сіңіре алады. Аталған әдіс сту­денттің қажеттілігі үшін ғана емес, оқы­тушының біліктілігін арттыруда да тиім­ді. Себебі студентке қажет ресурс­тар­ды беру үшін оқытушылардың бір-бірімен бә­секелестігі артып, тәжірибесі заман ағы­мына қарай жаңарып отырады.

Ресми деректерге сүйенсек, Болон процесінің атауы алғашқы еу­ропа­лық университеттің отаны атанған Ита­лия­дағы Болонья қаласының құрметіне орай қойылған. Көптің талқылауына са­лын­ған оқыту жүйесін алғаш осы қалада қа­былдаған. 1999 жылы 19 маусымда Бо­ло­нья қаласында жиырма тоғыз еуро­па­лық министрдің бірінші конференциясы өтті. Осы жиында «Болон декларациясы» қабылданды. Болон жүйесінің негізгі түп бастауы да осы декларациядан шыққан. Дек­ларация қабылданған соң білім са­ласының өкілдері әр екі жыл сайын тұ­рақ­ты түрде Білім министрлерінің бас­қо­суын өткізуді  негізгі жоспар ретінде бе­кітті. Олардың алғашқысы 2001 жылы Пра­гада, 2003 жылы Берлинде, 2005 жылы Нор­вегияның Берген қаласында, 2007 жы­лы Лондонда, 2009 жылы Лувен-ла-Не­вада, 2010 жылы Будапештте, 2012 жы­лы Бухарестте, 2015 жылы Ереванда өтті. Жыл сайын Болон жүйесіне қосылуға ниет білдірген мемлекеттердің қатары ар­та түсті. Әсіресе, 2003 жылы Берлинде өт­кен Білім министрлерінің басқосуында Бо­лон декларациясына қол қойған ел­дер­дің саны қырыққа жетті. 

Ал еліміз еуропалық білім жүйесін 2010 жылы 11 наурызда Будапешт қаласында өткен жиында қабылдады. Дәл сол жылдан бас­тап еліміз жоғары білім беру жүйесіне Бо­лон процесінің параметрлерін белсенді түрде енгізе бастады. Айта кететін маңыз­ды жайт, Қазақстан Болон жүйесін қабыл­да­ған Орталық Азиядағы алғашқы мемле­кет болып саналады. Бізден кейін көр­ші­лес Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттері қатарға қосылды.

Еуропалық білім жүйесінің идеясы ұтым­ды болғанымен, оған қарсы шыққан білім және ғылым саласының өкілдері де та­былды. Әсіресе, Ресейдің белгілі ғалы­мы, М.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетін басқарған В.Садовничийдің көзқарасы көптің тал­қысына салынып, Болон процесіне қа­тыс­ты мәселені ушықтыра түсті. Ғалым­ның айтуынша, Лиссабонда өткен Еуропа рек­торларының конференциясында Бо­лон процесі талқыға түскен. Барлық рек­тор еуропалық оқыту жүйесін ешбір жағ­дайда қабылдауға болмайтынын, уни­верситетті біріздендіру мүмкін еместігін ашық айтты. «Болон процесі еңбек интег­ра­циясы үшін қажет болды және саяси се­бептердің басымдылығымен енгізілді», – дейді ол.

Болон процесі елімізге жеткенде, пі­кір­лер ағыны екіге бөлінді. Бірі  жүйені қол­дап, оның білім беру саласында озық тә­жірибе екенін айтып ағынан жарылса, екіншісі Болонның ұлттық ерекшелік­те­рімізге сай келе бермейтінін, білім алушы­ның оқу үлгеріміне кері әсер ететінін ай­тып дабыл қаққан еді. 

Әйгерім Кариева – Алматы Менедж­мент университетінің үздік түлегі. Ол ба­­­­­калавриатты менеджмент, кәсіпкерлік және маркетинг білім беру бағдарламалары бойынша тәмамдаған. Қазір аталған оқу орнынның «Жобаларды басқару» маман­ды­ғы бойынша 2-курс магистранты. Ба­ка­лавриатта үш бірдей мамандықты иге­ріп шыққан Әйгерім Болон процесінің та­лаптары студент үшін тиімді екенін ай­тады. Оның сөзінше, қазіргі білім беру жүйесі Болон процесіне негізделген прин­циптерге сәйкес келеді:

– Бірден үш мамандықты меңгеру – өзім­нің жеке қалауым. Мүмкіндік берілсе қол­дану керек қой деген ой болды. Осын­дай мақсатпен үш мамандықты меңгеріп шық­тым. Алғашқы мамандықты еліміз жыл сайын бөлетін мемлекеттік грант ар­­­қасында игерсем, екіншісін Ержан Тә­тішев атындағы қордан ұтып алған грант не­гізінде, ал үшінші мамандығымды уни­верситеттің ішкі грантын ұтып алып оқы­д­ым. Иә, университетте оқу барысында осын­дай мүмкіндіктер беріледі. Ал оқы­тушылар мен деканат студенттерге білге­ні­мен бөлісіп, қуана көмектеседі, – дейді.

Студентке берілетін еркіндік – баға жетпес мүмкіндік

Әйгерім әңгіме барысында өзі білім ал­­ған университеттің тәжіри­бе­ле­рін мысалға алды. Кейіпкеріміздің ай­туы­на қарағанда, Алматы Менеджмент уни­верситеті АҚШ-тың үздік универ­си­тет­терінің бірі – Arizona State University-мен серіктестік құрып, Cintana Education альян­сының өкілі атанған. Осының арқа­сын­да студенттер жаңа білім беру бағдар­ла­маларына оқуға түсе алады. Үш жылда АҚШ және Қазақстандық қос дипломның иесі атанып қана қоймай, Arizona State University репозиторийындағы баға жет­пес материалдарға қол жеткізе алатын кө­­­рінеді. 

– Қазақстандық білім беру жүйесі күн­нен-күнге жақсарып келе жатыр. Тә­лім­герлер шетелдік оқу орындарынан тә­­жірибе алады. Ал университеттер әлем­нің үздік оқу орындарымен серіктестік құру мүмкіндігіне ие болу арқылы бәсе­ке­ге қабілетті, инновацияларға толы, за­ман талабына сай білім беру бағдарла­ма­рын ұсынады. Кейбір жұмыс берушілер тек бакалавриат дипломын аяқталмаған жо­ғары білім ретінде қабылдауы мүмкін. Бұл, әрине, ыңғайсыз. Алайда әр ма­ман­ның кәсіби дағдыларына байланысты жа­­лақыдағы айырмашылықты жоюға бо­­лады. Оған қоса, мұндай жұмыс беру­ші­лердің саны күннен-күнге азаюда. Сон­­­дықтан студентке берілетін бостандық – баға жетпес мүмкіндік деп санаймын, – дейді Алматы Менеджмент универ­си­те­тінің студенті Ә.Кариева. 

Бүгінде жылына мыңдаған студент Ака­демиялық ұтқырлық бағ­дар­ла­ма­сы­ның арқасында шетел асып, Еуро­па­ның бе­делді университеттерінде оқу мүм­кін­ді­гіне ие болды. Қазақстанда Ака­демиялық ұт­қырлық бағдарламасының жү­зеге асы­рылуы 2011 жылдан бастау ал­ды. Ресми ста­тистикаға сүйенсек, 2011-2020 жылдар ара­лығында жалпы бюд­жеттік және бюд­жет­тік емес қаражат есе­­бінен Академия­лық ұтқырлық бағдар­ла­масы бойынша бі­лім алуға кеткен сту­дент­тер саны 17 007 адам­ды құ­райды. Өр­ке­­­ниетті мемлекет­тер­дің оң тұстарынан біз­дің де үлгі алуы­мыз – даму бас­пал­дағы­мызды ілгерілетуде маңызды қадам. 

Дегенмен кейбір білім саласы ма­ман­дарының айтуынша, Болон процесінің ол­қылықтары да жоқ емес. Себептерін атап өтейік. Олардың сөзінше, біріншіден, Болон процесін сол күйінде қабылдап алуы­мыз білім сапасына айтарлықтай әсер еткен. Мысалы, қатарға бізден кейін қо­сылған Орта Азия елдері Болон про­це­сінің елге қажет деп саналған тұстарын, әсі­ресе, тіл мәселесі тұрғысынан ұлттық ерек­шеліктерін ескерді. Қоғамдық пән­дер­дің барлығы өз ана тілінде өтілетін болды. 2012 жылдан бастап  жоғары оқу орын­дары үш тілде оқытуды (көптілділік) және ағылшын тілінде білім беру бағ­дар­ламаларын жүзеге асырды. ЖОО оқы­ту­дың бұл  әдісі – халықаралық білім кеңіс­ті­гінде, еңбек нарығында мобильді, ағыл­шын тілін жетік меңгерген бәсекеге қа­бі­лет­ті мамандарды даярлау еді. Елімізде бұрын қазақ тілінде өтілетін пәндер ағыл­шын тіліне көшіп, оқу бағдарлама­сы­ның үш тілде жасалуы талап етілді. Екін­шіден, сарапшылар студенттер мен оқы­тушылардың, университеттің деңгейі бал­мен, одан қалса рейтингімен өлше­не­тінін алға тартады. Үшіншіден, ұлттың бі­лімі мен ғылымы өз  тілінде «сөйлемеуі». Университетте PhD докторанттары үшін Thomson Reuters, Scopus рейтингтеріне кіретін ағылшын тіліндегі журналдарға ма­қала жариялаудың міндеттелуі сөзімізге дәйек болмақ. Мұндай мәселе тек докто­рант­тарға ғана емес, жоғары оқу орнының ұстаздарына да тән. Ұстаздардың еңбегі өздері жазған ғылыми зерттеу еңбектері­мен емес, ақша төлеп, ағылшын тілді жур­­­­налға жарияланған мақалалармен ба­ғаланатыны өкінішті. Сәйкесінше, ма­қаласы ағылшын тілінде жарық көрген ма­манның рейтингі «айқайлап тұр». 

Көбіне пәнді студенттің өзі таңдамайды

Жоғары білім беруді дамыту ұлт­тық орталығының дерегіне сүйе­­­­нер болсақ, бүгінде еліміздегі жоғары оқу орындарының саны – 117, оның ішін­де ұлттық университтер саны – 11, мем­ле­кеттік – 27, халықаралық – 2, акцио­нер­лік уни­верситтер – 15, жекеменшік – 47, ав­то­номиялық университтер – 1 (На­зарбаев уни­верситеті), азаматтық емес – 14 уни­вер­ситетті құрайды. QAZBILIM GROUP ком­паниясының басқарма төрағасы Аят­жан Ахметжанұлы отындық білім беру жүйе­сі Болон процесінің талаптарына то­лыққанды жауап бере алмайтынын, тіп­ті университет деп атауға келмейтін оқу орын­дарының барын айтып ашынады. Бі­лім саласы төңірегінде маңызды сауал­да­рымызға жауап алу үшін сарапшы Аят­жан Ахметжанұлымен байланысқа шық­тық. Ол әлі күнге дейін күрмеуі шешіл­ме­ген мәселелерді шегелеп атап өтті:

– Қазақстандағы білім жүйесі Болон про­цесінің параметрлеріне толыққанды жауап береді деуге келмейді. Көрсеткішпен ба­ғамдасақ, шамамен 50-60 пайыз беруге бо­латын шығар. Оның өзінде ұлттық, мем­­лекеттік санаттағы санаулы универ­си­­теттер ғана. Еліміздің жоғары оқу орын­дарында көп жағдайда пәнді сту­дент­тің өзі таңдамайды. Оқыту пәндерін ка­федра бекітеді. Тіпті, ұлттық универ­сит­тердің өзінде кафедраның мүмкін­дік­те­ріне қарай студенттерге оқыту пәнін өз­дері таңдап береді. Бірақ формалды түр­де құжаттарында пәнді студенттер өзі таңдағандай етіп көрсетеді. Студенттер өз ер­кімен оқытушы мен пәнді таңдай алады деп айтып жатады. Бәлкім, кейбір уни­вер­ситтердің оқыту жүйесінде қалып­тас­қан шығар. Егер студентке еркіндік бе­ріл­се, басқа әңгіме. Мәселен, бір мамандыққа дәрісті кафедрадан қай мұғалім өте алады де­ген сұрақ туындайды. Егер оқытушы мен пәнді кафедра шешетін болса, бұл жер­де қандай еркіндік бар? Болон проце­сі­нің талаптары қайда? – дейді ол.

Аятжан Ахметжанұлы Болон про­це­сі­нің отандық ғылымды дамытуда рөлі ора­­сан екенін қоса айтты.

– Ғылымға қанша қаражат салсаң, сон­ша қайтарымын аласың. Ғылым кеңіс­тікте жасалмайды. Зертханада, ғы­лыми ор­та­ларда жүзеге асады. Егер еліміздің бі­лім жүйе­сінде Болон процесінің ме­ха­низмдері дұрыс қолданылмаса, студент­тер­дің сапалы білім алуы үшін тиімді деп ай­та алмаймын. Әлемге мақтанышпен көр­­­сете алатын қандай ғылыми жаңа­лық­та­­рымыз бар деген сұрақты өзімізге қойып көруіміз тиіс. Ғылыми мақала­ла­ры­­мыз өндіріске айналған кезде ғана пай­дасын береді.  Өкінішке қарай, бізде өн­діріске айналған ғылыми жетістігіміз әзір­ге жоқ, – дейді ол.

Көпсалалық деген ұғымнан арылуымыз тиіс

Осы тұста сарапшыдан отандық бі­лім жүйесіне қатысты айтар ұсы­­­­­­нысын сұрап көрдік. Аятжан Ахмет­жан­ұлы материалдық базалардың жетіс­пеу­шілігі мен диплом сататын «жалған уни­верси­теттерден» арылу, салалық уни­верси­теттерді көбейту туралы шерін тар­қатты:

– Химик ретінде айтар ұсынысым, жа­ратылыстану салаларының мате­риал­дық базасын жақсартып, зертханалардың дең­гейін арттыру керек. Екіншіден, дип­лом сататын жалған университеттерден арыл­уымыз тиіс. Мұндай қитұрқы әрекет­тер­ден тек нақты заңдық талаптар арқылы арыла аламыз. Сондай-ақ университтердің көпсалалығы деген ұғымды жою керек деп ой­лаймын. Мысалы, әлемдегі білім дең­гейі мықты, алдыңғы саптағы оқу оры­н­да­ры 30-ға жуық мамандық бойынша ма­ман дайындайды. Ал бізде бір ғана ұлт­тық немесе өңірлік университтердің өзі 130-140-қа жуық маман әзірлейді. Бір уни­вер­ситеттен 140 сала бойынша сапалы ма­ман дайындау мүмкін емес дүние. Сон­дықтан салалық университеттер құрылуы тиіс, – дейді А.Ахметжанұлы.

Кел келген ұлттық болашағы алдымен бі­лім ресурстарынан бастау алады. Өрке­ниет­ті қоғам құру да, зияткер ұрпақ тәр­бие­леп, ғылыми әлеуетті арттыру да түп­теп келгенде ғылым мен білімге келіп тіре­леді. Болон процесінің механизмдері елі­мізде қанатын кеңге жайып, келешекте өз жемісін береді деп сенеміз. Ең бастысы, ұлттық болмысымыз шырайын жоғалт­пай, түп қайнарымыз боямасыз өз қал­пын­да ертеңгі буынға жетсе екен...

 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы