«AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының Жол картасы аясында Қызылорда қаласының қоғамдық көлік мәселесі назардан тыс қалмады. Онда облыс әкімінің тікелей қолдауымен жыл соңына дейін 150 автобус ел игілігіне пайдалануға берілуі жоспарланған. Соның негізінде Сыр өңіріне жоспарланған қоғамдық көліктің алғашқы легі жеткізілді. Яғни, қалалық автобус паркі 50 жаңа автобуспен толықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қызылордада жолаушыларды тасымалдауға жаңа автобустар шықты
2,330
оқылды

“Бұл жаңа автобустардың сыйымдылығы өткен жылғы көліктерден үлкен. Қоғамдық көліктер заман талабына жабдықталған. Салқындатқыш құрылғысы бар. Аталмыш автобустар халық сұранысына сай бағыттарға қосылатын болады. Осы жылдың аяғына дейін тағы 100 автобус ел игілігіне берілмек”, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы.

Сондай-ақ іс-шараға «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов және зиялы қауым өкілдері қатысып, бұл қызылордалықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.

Автобустар мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болу үшін төмен еденді етіп құрастырылып, арнайы көтергіш құралы орнатылған. Жаңа қоғамдық көліктерде қауіпсіздік шарасы да қарастырылған. Яғни, көлік бейнебақылаумен жабдықталған. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы