Бүгінде елімізде 7 826 орта білім беру ұйымы бар.
«Социалистік жарысты» тоқтату керек – «AMANAT» жанындағы кеңес
838
оқылды

Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауын іске асыру аясында білім беру және мектеп оқулықтарының сапасын жақсарту, мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселелері «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысында талқыланды. 

Бүгінде елімізде 7 826 орта білім беру ұйымы бар. Мектептердің 67% ауылдық аймақтарда орналасса, олардағы оқушы саны 1 554 575 (41%) құрайды. Ал қалада жалпы мектептердің 33% орналасқан, контингенті – 2 261 575 (59%). Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева келтірген мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі барлық мектеп критериалды бағалауды қолдана отырып, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша жұмыс істейді. 

Білікті мамандарсыз білім сапасын арттыру мүмкін емес екені айтпаса да түсінікті. Бұл ретте, вице-министр жалпы ел педагогтарының 77% – жоғары білімді, 9% – техникалық және кәсіптік, 6%-ның ЖОО-нан кейінгі білімі бар мамандар екенін айтты.

Ал Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов білім сапасын бағалау мен бақылаудың негізгі тетіктеріне тоқталды. Қазіргі таңда еліміздің білім жүйесінде екі сыртқы бағалау құралы бар. Біріншісі, сыртқы бағалаудың ұлттық құралы – білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі (МОДО). 

«2023 жылы МОДО-ға еліміздің 1471 мектебінен, 50 мыңнан астам 4 және 9-сыныптың оқушылары қатысты. Сонымен қатар, Астана қаласының барлық мектебі қамтылды. МОДО-2023 қорытындысы өткен жылмен салыстырғанда нәтижелердің төмендегенін көрсетті. Атап айтқанда, осы жылы 4-сынып бойынша жалпы орташа балл 30-дан 16,87 баллды (2022 жылы – 20,9 б.), 9-сынып бойынша 75-тен 36,80 баллды құрады (2022 жылы – 47,3 балл)», – деді ол.                    

Екінші бағалау құралы халықаралық салыстырмалы зерттеулерге келсек, соңғы 9 жылдағы еліміздің PISA-ға қатысу нәтижелері бойынша елеулі өзгерістер байқалмайды. 2009 және 2018 жылғы қатысу қорытындылары жаратылыстану және оқу сауаттылығы бойынша 3 балл төмендеу байқалса, математика бойынша керісінше 18 баллға жоғарылаған. Сонымен қатар, Қазақстанда білім сапасының жоғары өңіраралық дифференциациясы сақталып отыр. Іс жүзінде барлық оңтүстік және батыс аймақтарда орташа республикалық деңгейден төмен нәтиже тіркелді. Өңіраралық салыстыруда ең жоғары нәтижені Солтүстік Қазақстан облысы көрсетіп отыр.  

«Оқу сауаттылығы бойынша Солтүстік Қазақстан облысының жоғары нәтижелері PIRLS зерттеуінде де байқалады. Бұл зерттеу оқушылардың оқу жетістіктерінің тенденцияларын өлшеуге және Ұлттық білім беру жүйелеріндегі айырмашылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Зерттеу қорытындысы бойынша қазақстандық оқушылардың орташа нәтижесі 504 баллды құрады, бұл PIRLS шкаласының халықаралық орташа мәнінен (500 балл) жоғары», – деді Е.Дәуенов. 

Комитет төрағасы қазіргі таңда министрлік халықаралық тәжірибеге сүйеніп, барлық бағалау және мониторингтік рәсімдерді бір жүйеге келтіру мақсатында Орта білім беруді бағалаудың ұлттық шеңберін әзірлеп жатқанына сендірді.

Алайда, Кеңес мүшелері МОДО, PISA зерттеу нәтижелері мен мектептердің білім беру сапасындағы айырмашылық жер мен көктей екенін айтты. Республикалық «QAZBILIM» орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы білім басқармаларын мектептерде өтірік сапа жасауға итермелейтін «социалистік жарысты» тоқтату керек деп есептейді. Сондай-ақ, ол МОДО мен PISA-ға байланысты тілдік мәселені көтерді. 

«Сұрақтарының басым бөлігі, тіпті 100% өзге тілде дайындалады. Сосын қазақ тіліне аударылады. Екеуінің де қазақшасы түсінетіндей деңгейде емес. Осыдан келіп, қазақ мектептеріндегі білім сапасыз деген түсінік қалыптасады. Бірақ қазақ және орыс мектептерінің ҰБТ нәтижелеріне қарасақ, жағдай керісінше. Сондықтан тіл мәселесінде нақты тілдік қолданысты, тілдік сауаттылықты дұрыс қолданып, сапалы аударма мәселесін қарастыру керек деп ойлаймын. Мұнда диалектік, google және яндекс аударманы қолдануға болмайды», – деді ол.

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының вице-президенті Руслан Қаратабанов орта білім беру мазмұнын жетілдіру бойынша атқарылып жатқан жұмысқа тоқталды. Оның айтуынша, Президенттің тапсырмаларын ескере отырып, академия жаңғыртудың түйінді бағыттарын шешу үшін оқу бағдарламаларында бірқатар өзгеріс жасауды көздеп отыр. Атап айтқанда, білім алушыға түсетін оқу жүктемесін азайту жоспарлануда, яғни, пәндер саны біршама азаяды. 

«Қазіргі заманның ең басты талаптарының бірі – әр пәннің білімін біріктіре отырып, баланың бойында біртұтас дүние қалыптастыру. Бұл тұрғыда STEM білім беру тәсілдері, тәрбиелік компонент және т.б. негізінде жаратылыстану-математикалық пәндерді оқытуды күшейтеміз. Сонымен қатар, жаһандану заманында ұлттық ерекшеліктерге баса мән беруіміз керек. Сондықтан жаңа стандартта құндылықтар тізімі біршама өзгеріп, пәндік мазмұнында ұлттық құндылықтарға, тәрбиелік компонентке назар аударылады. Оқу материалын қайталауға және бекітуге арналған қосымша сағаттар көзделді. Өйткені қазіргі бағдарламаларда оқу мақсаттары шамадан тыс көп», – деді  Р.Қаратабанов.

Жиынның күн тәртібіне қойылған тағы бір мәселе – мектеп оқулықтарының сапасын арттыруға қатысты іс-шаралар туралы Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Нәзира Әбдірахманова баяндады. Оның айтуынша, 2022 жылғы мемлекеттік сараптама қорытындысы бойынша бағалау және іріктеуге түскен оқулықтардың шамамен 43%-ы мақұлданбаса, оқулық мазмұнның 23%-ы алғашқы сараптамадан кейін қайта түзетуге жіберілген. 

«Енді оқулық авторлары баспалар есебінен оқулық жазар алдында міндетті түрде оқулықтың теориясы мен оқу әдебиеттерін бағалау критерийлері бойынша арнайы оқыту курсынан өтуі керек. Екі жыл ішінде 2000-нан астам оқулық авторы осындай курстан өтті. Оқулық сарапшылары мүдделер қақтығысын болдырмау мақсатында құпия режимде жұмыс істейді», – деді Орталық директоры. 

Сондай-ақ Нәзира Әбдірахманова оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді баспалар есебінен ауыстыруды көздейтін құқықтық норма енгізілгенін алға тартты. Яғни, оқулық шығарылған алғашқы жылда қандай да бір полиграфиялық ақау, қате анықталған жағдайда жаппай тиражды баспа есебінен ауыстыру талабы қойылып отыр.

Орталық директоры бүгінге дейін өз қателігі үшін үш баспа оқулықты қайта басқанын жеткізді. Атап айтқанда, «Алматыкітап», «ExpressPublishing», «Атамұра» баспалары жіберілген қателерді түзеп, толықтай өз есебінен қайта басып, білім беру ұйымдарына ұсынған. 

Қоғамда оқулықтың сапасына қатысты айтылатын сын-пікірлер аз емес. Грамматикалық, деректерге қатысты, аудармадағы қателер туралы әлеуметтік желілерде де жиі айтылады. Дегенмен, бұл мәселеге қатысты Н.Әбдірахманова қоғамда айтылған ескертулердің басым көпшілігі, яғни 75%-ы расталмады дегенді алға тартты. Ал расталған сын-пікір ретінде ол «Алматыкітап» баспасынан шыққан 4-сыныпқа арналған орыс тілі оқулығында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының авторы, суретші Шәкен Ниязбековтың тегі Ниязбаев деп көрсетілгенін атады. Бұл қате оқулықтың электронды нұсқасында түзетілген және баспа 50 мың дана оқулықты қайта шығарған. 

«Сондай-ақ, «Атамұра» баспасынан 2017 жылы шыққан Дүниетану оқулығында «Президентті сайлау Қазақстан азаматының міндеті» деп көрсетілген, алайда ол құқығымыз болып саналады. Оқулық 2023 жылы қайта шығарылды», – деді ол.

 «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының төрағасы Еламан Айболдинов педагогтердің біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

2023 жылға «Өрлеу» БАҰО» АҚ 101 842 педагогтің біліктілігін арттыруды жоспарлаған, бүгінде бұл жұмыс аяқталуға жақын. Оның ішінде 12 мыңға жуық мектепке дейінгі, 90 мыңға жуық орта білім беру ұйымының педагогтері мен қызметкерлерінің біліктілігін арттыру көзделген. Мұнымен қоса, 2 165 кітапханашы медиа-ақпараттық сауаттылық бойынша кәсіби құзыреттерін жетілдіруде.

Осы орайда, Кеңес мүшелері біліктілікті арттыру курсына қатысқан өткен педагогтердің барлығына бірдей тест тапсырса болды сертификат беруге асықпай, алдымен сапаны талап ету қажет деп есептейді. Бұл мәселеге қатысты Аятжан Ахметжанұлы, «Курстан өтіп, «Өрлеудің» тестін тапсырған маман неге белгілі бір қадағалаудан өтпейді? Мұғалімдеріміздің деңгейі сондай жоғары болса, неге білім сапасы көтерілмейді? Мектептегі білім сапасы жоғары болса, ата-аналар ҰБТ, Зияткерлік мектептерге тапсыру үшін баланы неге курсқа береді? Мұғалім біліктілік курсын бір рет мемлекеттің көмегімен тегін оқыды, бірақ дәрежесін көрсете алмаса, онда сертификат берілмесін. Екінші мәрте ол ақылы түрде өз қалтасынан ақша төлеп өтсін. Сонда ғана жауапкершілік болады», – деді.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, Білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменова кітапқа құштар балалардың саны күн санап азайып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. 

«Соңғы зерттеулер қазір «Мен кітап оқуды өте жақсы көремін» дейтін қазақстандық оқушылардың үлесі 53%-ды құрайтынын көрсетті. Ал 2016 жылы бұл көрсеткіш 71% еді. Яғни, 18%-ға төмен. Біз барлық кітапханашыны педагог деңгейіне жеткізу үшін педагог-кітапханашы мамандығын енгізгіміз келеді. Кітапхана тек оқулық беретін емес, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыратын орталық болуы керек деп есептейміз. Бұл мәселеге қатысты сіздің ұстанымыңыз қандай?», – деді ол Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Н.Жұмаділдаеваға қарата. 

Вице-министр аталған норманы қолдайтынын жеткізді. «Егер Қаржы министрлігі барлық есеп-қисабын жүргізіп, жоғары оқу орындары осы бағытта мамандар даярлауға әзір болса, мұндай шешім біз үшін де оңтайлы», – деді ол.  

Сондай-ақ, жиында «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасын орындау бойынша Оқу-ағарту министрлігінің есебі тыңдалды.