Ерекше жоба Астанада өткен халықаралық ProNrgFest ғылыми-отбасылық фестивальде таныстырылды.
Атыраулық ғалым жұмыртқаның қабығын кәдеге жаратудың жолын ұсынды
7,458
оқылды

Атырау облысындағы ең ірі STEAM орталық – JasSpace кеңістігінің «Химия» курсының тәлімгері Әсел Оңдашова жұмыртқа қабығынан биопластик өндіруді ұсынды. 

Ерекше жобасын ғалым Астана қаласында өткен халықаралық ProNrgFest ғылыми-отбасылық фестивалінде таныстырды. Экожобаны шетелдік ғалымдар жоғары бағалап отыр. Ғалым Әсел Оңдашова ұсынған экожоба – оңай ыдырайтын биопластик.

Мұндай биопластиктер күнделікті өмірде қолданылып жүрген зиянды пластиктерді оңай алмастыра алады. 

"Жұмыртқаның қабығын қоқысқа тастамай, оны кәдеге асыруға болады. Жұмыртқаның қабығынан алынған биопластик қолданыстағы баламаларға қарағанда 7000 есе икемді болды. Бұл биопластикті азық-түліктерді қаптауға,  жұмыртқа контейнерлерін өндіруге қолдануға болады", – дейді Әсел Оңдашова.

Атыраулық жас ғалымның жобасын жоғары бағалаған шетелдік сарапшылар экологиялық жобаға ерекше қызығушылық танытып отыр.

Баян Жанұзақова