Астанада жасанды интеллектінің келешектегі мүмкіндігін талқылаған Digital Bridge – 2023 форумы өтті.
Тоқаевтың тапсырмасы: «Қазақ тілі» қоғамы мемлекеттік тілді ғылым мен техника тіліне айналдырады
1,999
оқылды

Технология күн санап қарқынды дамып жатқан қоғамда қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мәселесі жан-жақты талқыланды. «Жасанды интеллект және қазақ тілі» панельдік сессиясын «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы жүргізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, «Тіл – қазына» республикалық ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай, Бостон университетінен арнайы келген ІТ маман Тимур Бектұр, Microsoft компаниясының Талдау және жасанды интеллект саласындағы IT архитекторы Санжар Мырзағалым, Beeline компаниясының Қазақстандағы деректерді басқару директоры Андрей Остафичук қазақ тілінің болашағын талқылады. 

Осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының президенті, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлын қабылдаған болатын. Жүздесуде мемлекеттік тілді нығайтудың өзекті мәселелері талқыланды. Ғаламдық цифрлық платформаларды қазақшалап, тіл үйренуге мүмкіндік беретін отандық ақпараттық жүйелерді көбейту қажеттігіне баса назар аударды. 

 

Фото: akorda.kz

Осы бағытта іске асырылатын жобалар туралы Digital Bridge форумында талқыланды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қазақ тілінің болашағы тұтынушының қолында екенін шегелеп айтты. Сұраныс болса, қазақ тіліндегі контент саны да артады.

Министрдің айтуынша, қазақ тілінде контент аз. Сондықтан жасанды интеллектте қазақ тілін пайдалануға ақпарат жеткіліксіз болып жатыр.

«Басты мәселе – интернетте қазақ тіліндегі контенттің үлесін көбейту. Интернетте қазақ тілінде ақпарат аз. Ақпарат қоры көбейген сайын жасанды интеллектінің көмегімен қазақ тілінде бағдарлама істеу де мамандарға оңай болады. Ең бастысы, ақпараттық дерекқорды көбейту керек. Екінші мәселе – латын әліпбиіне көшу жұмысты жеңілдетеді. Сол кезде «қазақ тілі технологияның тілі емес» деген сөз қасаң қағида екеніне көз жеткіземіз. Сыңаржақ пікірді өзгерте аламыз. Қазақ тіліндегі мәдени мұралар туралы деректерді түгелдей интернетке жүктеуіміз керек. Президенттің тапсырмасымен жасанды интеллектінің концепциясын жасап жатырмыз. Барлығы бірдей әдеби тілде бір күнде сөйлеп кетпесе де, қазақ тілін күн сайын жаппай қолдануымыз керек. Күнделікті мобильді қосымша, платформаларды пайдаланғанда қазақ тілін таңдау, қолдану өте маңызды. Келесі жылы Digital Bridge форумында венчурлық қорлардан 10-15 пайыз қаражатты тек қана қазақтілді стартаптарды дамытуға қаржы бөлдіру үшін «Қазақ тілі» қоғамымен меморандумға қол қоюға дайынмын», – дейді Бағдат Мусин. 

Бүгінде платформалардың бірінші бетінде қазақ тілінде парақша жасап қою аздық етеді. Сұраныс бар жерде қазақ тілінің қолдану аясы кеңейеді. Мәселен, 2 GIS қазақша нұсқасын жасады. Тұтынушы қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етсе, олар өздері үшін қазақ нұсқасын жасақтауға көңіл бөледі. Мұны Beeline компаниясының Қазақстандағы деректерді басқару директоры Андрей Остафичук та растады. Компания қазақтілді тұтынушылар көбейгеннен кейін сұранысқа қарай мемлекеттік тілде сапалы ақпарат, кеңес беруге көңіл бөлген. 

  

Панельдік сессияға қатысқандар қазақша контенттің сапасына ерекше назар аудару керегін айтты. 

Microsoft компаниясының Талдау және жасанды интеллект саласындағы IT архитекторы Санжар Мырзағалым қазақша мәтін интернетте теңізге тамған тамшыдай өте аз екенін алға тартты. 

«Қазақша аудио мәтіндерді жазба мәтінге ауыстыру бағытында көптеген жұмыс істеп жатырмыз. Жасанды интеллектте қазақ тілін қолданудың сапасын жақсарту өте маңызды. Қазір автоматты түрде ақпаратты жинайтын роботтарға керекті ақпаратты қазақ тілінде жинай алмай жатырмыз. Қазақ тіліндегі деректер өте аз болғандықтан, мәтіннің ағылшын, орыс тіліндегі мәліметтеріне қарағанда аз болады. Сондықтан робот аударма жасаған кезде ағылшын тіліндегі мәтінімен сәйкес келмей қалады», – дейді IT архитектор Санжар Мырзағалым. 

Осындай мәселелерді шешу үшін Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» республикалық ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жұмыс істеп жатыр. 

Форумда орталықтың бас директоры  Мақпал Жұмабай қазақ тілін цифрландыру бағытында мемлекеттік және академиялық деңгейде жұмыс істеп жатқанын жеткізді. 

 

Фото: tilqazyna.kz

«Осы күнге дейін цифрландыру бағытында 13 жобаны жүзеге асырдық. Атап айтқанда, Ұлттық тіл корпусының «Тіл қазына» атқарып жатқан бағытында 23 миллионға жуық сөз қолданыс бар. Қазақстандағы сөздіктердің ортақ жүйесі платформасында 1 миллион 300 мыңға жуық сөз бар. Termincom платформасында 400 мыңға жуық сөз бар. Бұл цифрлық қор жыл сайын толықтырылады. Осы бағытта жұмысты жүйелі жалғастыру үшін «Тіл қазына» мобильді қосымшасын қолданысқа енгіземіз. Қосымшада қазақ тілі туралы базалық сұрақтардың барлығына жауап таба аласыз. Мәтінді аудиоға айналдыру, видеоны мәтінге айналдыру функциясы іске қосылады. Бұған дейін бұл жобаны Microsoft-тың базасында ұсынған болатынбыз. Интернетте қазақ тілінде сауатты жүйе үшін Qazgramma жобасын жүзеге асырамыз», – дейді Мақпал Жұмабай. 

Оның айтуынша, қазір қазақ тілінде қате жазатындар көп. Сауатсыздық қазақ тілінің дамуына тұсау болып отыр. 

 

Фото: tilalemi.kz

«Қазақ тілінде сауатты жазылған әрбір сөз интернетте қазақ тілінің базасын жасауға көмектеседі. Ендігі бағыт – әлемдік цифрлық платформалардың жүйесінде интеграциялау арқылы қазақ тілінің қолдану аясын жүйелі түрде кеңейту. Google, Apple, Microsoft компаниясымен келісімге келдік. Дерекқорды молайтуды әлемдік компаниялармен бірлесіп жүзеге асырамыз. Қазақ тілінің болашағы интернетте қазақша мәтін жазатын әрбір адамның саусағының ұшында тұр. Әрбір сауатты мәтін қазақ тілінің жасанды интелекті арқалы дерек жинайтын қордағы мәтіндер жинағына үлес қосады. Меніңше,  барлығымыз бір кісідей атсалыссақ, жасанды интеллект қазақша сөйлейді», – деді Мақпал Жұмабай. 

Форумда ІТ маман Тимур Бектұр жасанды интеллект үшін қазақ тілінде контент жасау мен қазақтілді мамандар даярлау мәселесін көтерді.

«Жаппай мобилизация керек. 1920 жылы жаппай сауатсыздық жоюды қолға алды. Дәл сол сияқты қазір жасанды интеллектіні меңгеру үшін жаппай цифрлық сауаттандыруды қолға алуымыз керек. ІТ саласында қазақтілді мамандарды даярлап, сапалы контентті көбейтудің маңызы зор», – деді Тимур Бектұр. 

Жиында қазақ тілінің болашағын талқылаған мамандар жасанды интеллектіні қазақша сөйлетуге әр адам атсалысуы тиіс деген оймен тарқасты. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әртүрлі әлеуметтік топтардың, әсіресе  жастардың арасында тіл тазалығын сақтау үшін оқу және жазу сауаттылығын арттыру қажет екеніне ерекше мән беріп отырғанының маңызы зор. Ана тілдің болашағын сақтау  мемлекеттік тілде сауатты мәлімет тарату «Қазақ тілі» қоғамының ғана емес, әр азаматтың парызы. Сол кезде ғана мемлекеттік тіл ғылым мен техника тіліне айналары анық.