Қазақстан азаматтарын қақтығыс аймағынан шығару жөнінде келіссөз жүргізіліп жатыр.
«Жағдай өте күрделі»: СІМ Газа секторында 67 қазақстандық жүргенін мәлімдеді
2,810
оқылды

Бүгінде Газа секторында Қазақстанның 67 азаматы жүр. Олардың отбасы мүшелерін қосқанда, Газа секторында 100-ден аса қазақстандық болуы мүмкін. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

"Газа секторындағы жағдай өте күрделі. Қазақстанның Мысыр мен Иорданиядағы елшіліктері осы аудандағы қазақстандықтармен байланыста. Күнде жергілікті билікпен отандастарымыз бен олардың отбасы мүшелерін Газа секторынан Мысырға Рафах өткізу пунктінен шығару бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр", – деді Айбек Смадияров.

СІМ ресми өкілінің айтуынша, Газа секторында 100-ден аса қазақстандық болуы мүмкін.

"Қолда бар ақпаратқа сәйкес, 67 Қазақстан азаматы бар. Олардың отбасы мүшелерін қосқанда 100-ден аса адам болады. Қазақстаннан басқа тағы 45 елдің елшілігі осында келіссөз жүргізіп жатыр. Кейбір отандастарымыз бен олардың отбасы мүшелерінің қандай да бір құжаты жоқ. Дипломаттар осы және басқа ұйымдастыру жұмыстарына қатысты мәселелерді пысықтап жатыр", – деді ол.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Израиль мен Газа секторында қаза тапқан немесе жараланған қазақстандықтар жайлы қазірге дейін ешқандай мәлімет түспегенін айтты.