Digital Bridge 2023 халықаралық IT-форумы алаңына 30 мыңнан астам қатысушы, оның ішінде 30 елден келген делегация, 300-ден астам IT-компания өкілі, 450 спикер, 100-ден астам инвестор мен бизнес-періштелер, сондай-ақ 150-ден астам стартап жиналды.
Digital Bridge 2023 форумына 30 елден 30 мың адам қатысты
1,304
оқылды

Дәстүр бойынша Digital Bridge 2023 форумының ашылуы пленарлық отырыс форматында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, әлемдік компаниялар көшбасшыларының, сондай-ақ халықаралық және отандық ІТ-қауымдастық сарапшыларының, өңірдің түкпір-түкпірінен келген венчурлық инвесторлардың қатысуымен өтті.  

Пленарлық отырыста сонымен қатар: венчурлық инвестор, Draper Fisher Jurvetson тең құрылтайшысы, Дрейпер университетінің негізін қалаушы Тим Дрейпер, TikTok бас директоры Чжоу Шоуцзы, Digital Nomads және Silkroad Innovation Hub қауымдастығының негізін қалаушы Әсет Әбдуалиев, ICPC қорының атқарушы директоры Уильям Паучер, SpaceX Starlink компаниясының вице-президенті Лорен Дрейер, Arbuz, Aviata, Pinemelon USA және Ticketon онлайн сервистерінің негізін қалаушы Алексей Ли сөз алды. Сессияға сценарист, продюсер, Barrat Media директоры Джеймс Баррат модераторлық етті.

Digital Bridge Awards 2023 жеңімпаздарына жүлдені Премьер-министр Әлихан Смайылов табыс етті. Бұл марапатқа қатысу үшін Қазақстан, Пәкістан, Сингапур, Моңғолия, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Ресей, Өзбекстан және АҚШ-тан 337 өтінім түсті. Биыл цифрландыру саласының үздіктері жеті аталым бойынша анықталды. Үздік шыққандар: EPAM Казахстан, Ozim Platform, Alem.school, Limon.KG, Kolesa group, Big Sky Capital, Zypl.ai.

 

Форум аясында креативті индустрия, білім беруде GPT пайдалану, Smart city тұжырымдамасы, әйелдердің цифрлық экономикадағы келешегі, аймақтық венчурлық нарықтың дамуы, ғарыш байланысындағы прогресс, 5G-дың цифрлық трансформацияға әсері, No Code трендтері, сондай-ақ қазақ тілінің дамуына жасанды интеллектің әсері, жасанды интеллект пен демократияның өзара әрекеттесу мәселесі және заманауи контексте деректерді басқару әдістері және тағы басқа тақырыптар талқыланған 55 панельдік сессия, дөңгелек үстелдер және keynote форматтағы кездесулер өтті.

 «Форум шетелдік инвестициялар мен ірі халықаралық компанияларды тарта  отырып, Қазақстанда IT-саланың дамуына белсенді ықпал етеді, бұл өз кезегінде елдің IT саласындағы экономикалық статистикасына оң әсер етеді», – деп атап өтті ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.  

Digital Bridge 2023 алаңында мемлекеттік органдар, ірі компаниялар, халықаралық технопарктер және басқа ұйымдар IT-инновацияларды дамытуға бағытталған 29 құжатқа қол қойды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 3 меморандум жасасты. Оның ішінде ICPC қорымен бағдарламалау бойынша әлем чемпионатын 2024 жылы Қазақстанда өткізу туралы келісім бар. Astana Hub халықаралық технопаркі Орталық Азиядағы технологиялық стартаптардың экожүйесін, аймақтағы венчурлік инвестицияларды көпшілікке таныту арқылы Қазақстанның венчурлық нарығын дамытуға, сондай-ақ ойын әзірлеу индустриясын дамытуға бағытталған 8 меморандумға қол қойды.

 

Digital Bridge 2023 форумында болған тағы бір ерекше оқиға – стартаптар туралы Meet the Drapers реалити-шоуының түсірілімі. Биыл олар Орталық Еуразияда алғаш рет түсірілім жасады. Алдын ала іріктеуден өткен төрт қазақстандық стартап өз жобаларын ұсынып, олардың біреуі ғана байқаудың жартылай финалына шықты. Алайда конкурстың шарты бойынша 1 миллион доллар көлеміндегі инвестицияны алу мүмкіндігі үшін Қазақстаннан нақты қай стартап жарысқа қатысатыны туралы ақпаратты әзірше жариялауға болмайды.

 Тим Дрейпер Қазақстан Республикасының Цифрлық даму министрлігін атай отырып, Қазақстанның цифрлық саладағы прогресін жоғары бағалады және AstanaHub-тың мықты стартап қауымдастығын құрудағы маңызды рөлін және оның жастарға оң әсерін атап өтті.

Сондай-ақ форумда алғаш рет Google for Startups саммиті өтті. Google for Startups акселерация бағдарламасына қатысушы компанияның серіктес 15 елінің өкілдері Қазақстанға келіп, сараптамалық іс-шарасын өткізді. Бұл кездесу Silkway Accelerator аясындағы Google for Startups пен Astana Hub арасындағы табысты ынтымақтастықтың әрі қарайғы дамуын  айқындай түсті. Айта кетейік, бұл бағдарламадан 37 стартап өтті, олардың жалпы құны 400 миллион доллар болды. 

Digital Bridge 2023 алаңында дәстүрлі түрде көптеген көрмелер мен аймақтар ұйымдастырылды. IT-мектептер мен аймақтық IT-хабтар көрмесінде еліміздегі 16 үздік IT-мектеп және 14 өңірлік хаб өкілдері келушілерге цифрландырудың дамуы, білім беру бағдарламалары мен өңірлердегі стартаптардың жетістіктері туралы айтып берді.

Pitching Zone-да, сондай-ақ VC, стартаптар мен компаниялар көрмелерінде IT-кәсіпкерлер өз жобаларын ұсынып, жетістіктері мен жоспарлары туралы әңгімеледі, түрлі салалардағы ірі корпорациялардың өкілдерінің пікірін біліп, ынтымақтасу мүмкіндігін талқылады. Форум алаңында ғана емес, метағаламда да өткен вакансиялар жәрмеңкесінде 20 ірі компания 500-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Осылайша ниет білдіргендерге әлемнің кез келген жерінен жәрмеңкеге онлайн қатысу мүмкіндігі берілді. 

 Робототехника аймағында мектеп оқушылары мен студенттердің ауыл шаруашылығы, аэроғарыш құрылысы және киберқауіпсіздік салаларындағы инженерлік-техникалық жобалары ұсынылды. Сонымен қатар, FIRST әлемдік қозғалысының чемпиондары роботтар шайқасында және Drone Racing ұшқышсыз аппарат ұшыру жарысында бақ сынады. Форумға келушілер былтыр Швейцарияда және биыл Сингапурде өткен робототехникадан әлем чемпионаты – International FIRST Global Challenge 2023 чемпиондарымен сөйлесу мүмкіндігіне ие болды. Олар 190 елдің командалары арасында үздік деп танылған біздің чемпиондардың жобаларын тамашалай алды.

Әрине, Digital Bridge 2023 форумының ең қызықты және көптен күткен шарасы - IT әлеміндегі ең ірі стартап шайқастардың бірі Astana Hub Battle болды. Додаға Орталық Еуразияның 200-ден астам IT-компаниясы қатысып, өздерінің өнімдерін одан әрі дамыту үшін жалпы жүлде қоры $125 000 сарапқа салды. Биылғы жылы Astana Hub Battle жеңімпаздары бес номинация бойынша анықталып, әрқайсысы $25 000 алды. Үздіктер MyMind, Porte, Beksar, MyStory және Qtap деп танылды.  

 «Біз барлық қатысушыларға, қонақтарға, спикерлерге, әсіресе демеушілерге қолдауы мен экожүйені дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін шексіз алғысымызды білдіреміз. Бұл форум – өңірдегі технологиялық кәсіпкерлікті дамытудағы, сондай-ақ отандық стартап мәдениетін насихаттаудағы және экожүйеге жаңа қатысушыларды табудағы негізгі миссиямыздың бірі. Біз форумды ұйымдастыруға атсалысқандардың бәрін Орталық Азиядағы ең ірі IT форумының сәтті өтуімен құттықтаймыз және инновациялар мен стартаптар әлемінде жаңа жетістіктер күтеміз. Digital Bridge 2024 форумында кездескенше!», – деп қорытындылады Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Digital Bridge 2023 әлемге әйгілі диджей және Grammy сыйлығының иегері Imanbek сахнаны таңғажайып әлемге айналдырған кезде нағыз музыка оқиғасына айналды. Оның әлемдік аренадағы өнері мен табыс тарихы форум қатысушыларын  таңғалдырып,  шабыттандырғаны сөзсіз.

Астанада өткен Орталық Азиядағы ең ірі   IT-форум – Digital Bridge 2023 форумының ұйымдастырушылары – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және Astana Hub халықаралық технопаркі. Бас демеуші – Kaspi.kz. Демеушілер мен серіктестер – Freedom bank, Visa, Yandex, Citix, Ozon, ТТС, Halyk, Eurasian bank, BI Group, Allur, Bereke bank, Huawei, Mycar, Kazakhtelecom, Kcell, Tele2, Altel, Beeline, ҚазМұнайГаз, Qazaqgaz, Битрикс 24, QIC, KDSS, 7Generation, Binance.