Талдықорған қаласында Түрксіб – темір­жолын салуға қатысқан, Ұлы Отан соғысының ардагері, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұр­молда Алдабергеновке ескерткіш бюст қо­йылды.
Ел үшін еткен еңбек елеусіз қалмайды
775
оқылды

Тірлігінде еселі еңбегінің жемісін тере жүріп, көреалмаушылықтың көлденеңдеген кедергісін бастан өткеріп, көпе-көрнеу қысастыққа да қайыспаған, адамдарды ортақ іске топтастырудың үлгісін көрсетіп, ұйымдастырушылық қабілетімен дараланған тұғырлы тұлғаның бюсті облыс орталығында кейінгі жылдары тұрғызылған 6-шы шағын ауданында орналасып, маңайы гүлзарлы бақ ретінде абаттандырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, еңбек адамдарын насихаттауда алды­мыздағы Рес­публика күніне орайлас­тырылып, жүзеге асырылған бұл шараның тәрбиелік мәні зор.

Кезінде замандастары Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев сияқты «Дала академигі» атанған, өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Жетісу өңіріндегі әлі іргесі сөгілмей, жұртты ұйыстырып отырған бірнеше ірі елді мекеннің негізін қалаған, өзінің жолын жалғастырып, ерен еңбектің үлгісін көрсеткен бір шоғыр тарландарды тәрбиелеген тұлғаға арналған  ескерткіштің ашылуына жұртшылық көптеп жиналды. Бюсттің шымылдығы ашылған соң, маңайы гүл шоқтарымен көмкерілді. Жиналған жұртшылықты осынау ел көңілінен шыққан қуанышпен құттықтауға арнайы келген облыс әкімі Бейбіт Исабаев бүгінгі қоғамда еңбек құндылығын арттырудың маңызы жайлы толғана сөйлеп, өткеннің өнегелі істерінен үлгі алу қажеттігін еске салды.   

– Өздеріңіз білетіндей, қазақта еңбегімен көпке үлгі болып, халықты ел игілігі жолындағы жұмыстар төңірегіне топтастыруда ұйымдастырушылық дары­нымен  дараланған тұлғалар баршылық. Сондай дара әрі дана басшылардың қатарындағы Нұрмолда Алдабергенов Жетісу өңіріне ғана емес, тұтас Қазақ­станға танымал болған. Есімі еңбектерімен елдің алды атанған замандастары Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуа­ныш­баевтармен қатар аталатын еңбек ерін біл­мейтін жан кемде кем. Нұрмолда атамыз – дүниенің кілті, барша игіліктің бастауы адал еңбекте екенін өзінің өнегелі өмірімен дәлелдеген нар тұлғалардың бірі. Өз кезеңінде колхоз ұйымдастырып, ауылдастарын еңбекке жұмылдырып, нәтижелі жұмыс істеудің тамаша үлгісін көрсетті. Жетісу жерінде Нұрмолда Алдабергенов ескерткішінің бой көтеруі тарихқа тағзым, еңбек адамына жасалған құрмет, туған жерге адал қызмет етудің үлгісін насихаттау деп білеміз. Еңбек – қоғамды бойкүйездік, енжарлық, еріншектік, бос мақтан секілді жағымсыз әдеттерден арылтатын, жастар тәрбиесінің қайнар көзі болған құндылық. Сондықтан бүгінгідей шаралардың мән-маңызы зор, – деді Бейбіт Өксікбайұлы. 

Облыс басшысының сөзінен кейін Социалистік Еңбек Ерінің қызы Раушан Алдабергенова өз тілегін білдірді: 

– Бүгін облыс орталығында әкеме арнап ескерткіш орнатылып жатқанына шын жүректен қуаныштымын. Нұрмолда Алдабергенов – маған ғана емес, осы аймақтағы барша  халықтың әкесі бола білген жан десем артық айтқандық бола қоймас. Ең алғаш 1960 жылы көзінің тірісінде Шұбар ауылында ескерткіш қойылды. Мұнан соң 1973 жылы орнатылды, енді 50 жылдан соң Талдықорғанда қойылып отыр. Бүгін әкемнің еңбегін ұмытпай, рухын жаңғыртып, қола мүсінін орнатқан бастамашыл қауымға рахмет айтамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, Алдабергеновтей елдің, жердің атын шығаратын ер азамат, жас ұрпақ өсе берсін, – деді Раушан Нұр­молдақызы.

Жиналған жұртшылық ескерткіштің қос қапталына қойылған  көрмені тамашалап, аса құнды жәдігер­лермен жан-жақты танысты. Көрмеде Нұрмолда Алдабергеновтің тұтынған жеке заттары, Еңбек Ері туралы жазылған кітаптар, қайраткердің өмірі мен еңбегі жайлы ақпараттық баннерлер көпшілік назарына ұсынылды. «Жетісу сазы» ансамблі қазақтың күйлерін төгілтіп, әншілер рухты әндерімен салтанатты шара­ның шырайын кіргізді.

Талдықорған төрінде тұрған ескерткіш бюсттің авторлары – сәулетші Қаби Баулықов пен мүсінші Нұрғалым Исабаев. Ескерткіштің биіктігі – 1,4 метр, тұғырының биіктігі – 2,9 метр. Бюст қоладан құйы­лып, тұғыры граниттен қойылған. Ескерткіштің маңайын абаттандыруға жергілікті бюджеттен 115 млн теңге бөлініп, шағын саябақ жасалды. Мұнда 80-дей жапырақты және қылқан жапырақты ағаш отырғы­зылып, 16 орындық қойылған. Газон төселіп, 42 жарық шамы орнатылған. Автосуару жүйесі жұмыс істейді.  

Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов Кербұлақ ауданында туған. Қазақстанда колхоз ұйымдастыру ісіне белсене қатысқан, колхоз басқарған. Ұлы Отан соғысына қатысқан, қоғам қайраткері. Даңқты еңбек адамы туралы Сәбит Мұқанов «Алдабергенов туралы аңыз» атты поэма, жазушылар Сәуірбек Бақбергенов, Ұзақбай Дос­панбетов, Құттыбек Баяндин деректі кітаптар жазған. Қазір Ескелді ауданындағы Шұбар елді мекені Алда­бергеновтің есімімен аталады. Ауылда сол жерден шық­қан 20 Социалистік Еңбек Ерінің қола ескерт­кіштері қойылған шағын саябақ бар, олардың  орта­сында да Нұрмолда Алдабергеновтің мүсіні тұр. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы