Ашық аспан астындағы Талды тарихи-археологиялық қорық-музейінде «Талды – әлемдік өрке­ниеттер тоғысында» атты халық­аралық археологиялық-этно­графиялық фестиваль өтті.
Талдыда талай тарих бар
766
оқылды

Қарағанды облысы шет ауданының аумағындағы Талды өзенінің бойында  жатқан осынау тарихи мекен бұған дейін де ғалымдардың қызығушылығын тудырып келгені шындық. Аумақта кешенді зерттеу жұмыстары 2015 жылы толығымен қолға алынып, Қаражартас қорымы мен атақты «Сарыарқа пира­ми­дасы» жіті зерделене бастаған.  Ал 2018 жылы Талды археологиялық ке­шенін ашық аспан астындағы мұра­жайға айналдыру туралы арнайы үш жылдық жоспар қабылданады. Атал­мыш жоспар толығымен аяқталып, бүгінде ашық аспан астындағы кешенді мұражай жұмыс істеп тұр. 

Қарағанды облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы­ның мұрындық болуымен күні кеше тарихи орында «Талды – әлемдік өрке­ниеттер тоғысында» деп аталған халық­аралық археологиялық-этнографиялық фестиваль өтті.

Шара барысында облыстың шығар­ма­шылық ұжымдарының қатысуымен театрландырылған қойылым қойылып, концерттік бағдарламалар көпшіліктің назарына ұсынылды. Одан бөлек, ұлт­тық спорт ойынының ерекше түрі – са­дақ ату өнерінің кіл шеберлері жиналып нысана көздеді. Ұмыт бола бастаған қазақтың ұлттық тағамдарының түрлері де келушілерге  ұсынылып, арнайы көрме де жайылды. Сондай-ақ Талды өзенін жағалап қазақтың тазылары жүгірсе, қыран мен құмай әуеге көте­ріліп аң ілді. 

Фестивальға қатысушы қонақтар үшін Талды паркінде орналасқан архе­ологиялық ескерткіштің барлығына экскурсиялар ұйымдастырылып, тари­хи кешеннің тарихынан хабар берілді. 

Фестивальға  Парламент депутат­тары, мәдениет саласының өкілдері, Қарағанды облысы әкімдігінің жауапты тұлғалары,  музейлердің  басшылары мен ма­мандары, Е.Бөкетов атындағы ҚарМҰУ ғалымдары, көрнекті қоғам қайрат­керлері, БАҚ өкілдері де келіп қатысты. 

«Талды тарихи-археологиялық пар­кінің және мұндағы тарихи-архео­логиялық ескерткіштердің бірегейлігін әлемдік және отандық қоғамдастыққа көрсету, бүкіл Қазақстанның тарихи-мә­дени мұрасын танымал етуде сұра­нысқа ие туристік орын ретінде да­муына ықпал ету – бүгінгі фестивальдың басты мақсатының бірі.  Қорымнан темір қанжар, қола айна секілді заттар да табылды. Қазба жұмыстары әлі де жалғасады. Мысалы, сақ қорғандары­ның бір жағы зерттелді. Екінші жағы әлі зерттелуді қажет етеді. Бұл орында бірнеше түрлі қорған үлгісі бар. Мы­салы, сақтардың мұртты қорғанын ерекше айтуға болады. Бір жақ мұрты – 168 метр, келесі жақ мұрты – 158 метр. Ортада басты қорған тұр. Діни наным-сенімге байланысты болуы мүмкін  деген тұжырым бар. Сонымен қатар бірнеше қоныс қазылып, кешендер бұрынғы қалпына келтірілді», – дейді Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Ержан Нұрмағанбетов. 

Талды өзенінің бойындағы осынау тарихи кешен туралы 1940 жылдардың өзінде Әлкей Марғұлан бастаған ға­лымдар тобы  «Бұл – болашақта зерт­телуі тиіс перспективасы мол аудан» деп жазып кеткен екен. 

Шамамен 3 500 жылдай бұрын тас­тан салынған құрылысты ғасырлар өте то­пы­рақ басып, үстіне шөп өсіп, қа­лып­ты төмпешікке айналған. Е.Бө­кетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті Тарих факультетінің студенттерінен құралған қазба зерттеу жұмыстар екі маусым бойы жүргі­зілген. Археолог Арман Бейсенов бастаған ғылыми топ құрылысты топырақтан аршып, құлағанын қайта қалап, маңын та­залап, кешенді әуелгі қалпына кел­тір­ген. Қазір маңайы қоршалып, мәр­мәр тастан ескерткіштің төлқұжаты орнатылған. 

Талды тарихи-археологиялық ке­шен құрамына кіретін Сеңкібай қоры­мында б.д.д. 2 000-жылдың І жартысы, яғни қола дәуірінің 200-ден астам қо­рымы жатыр. Гранит таспен салынған жерлеу орындарынан адам қаңқалары, қоладан жасалған қару-жарақ, шаруа­шылық заттары, қыш ыдыстар табыл­ған. Бұл қорымдарды жасаған ерте дә­уір тұрғындары жалпақ гранит тастарды өте тиімді пайдаланған. Бір қызығы, сол кездің өзінде адамдар мұндай аса сапалы құрылысқа қажетті тасты алатын жерді білген және ол тастарды төртбұрышты етіп тегістеп өңдей алған. Сондай-ақ салмағы тым ауыр тастарды тасымалдаудың техно­логия­сын да еркін меңгергенін байқауға болады. 

 Бердібек ҚАБАЙ