Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Өскемендегі май экстракциялау кешенінде өрт болды
704
оқылды

Өскемен қаласындағы май экстракциялау кешеніндегі ірі өрт ауыздықталды. Май экстракциялау кешенінің кептіргіш камерасында күнбағыс дәні өртеніп, 3 мың тонна дайын өнім  жанып кете жаздады,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт 17 қазанда таңғы уақытта Примыкание көшесінде орналасқан ЖШС аумағында шыққан.

«Май экстракциялау кешенінің кептіру камерасында күнбағыс дәні отқа оранды. Абырой болғанда, зардап шеккен ешкім жоқ. Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына технологиялық процестің бұзылуы себеп болған. Оқиға орнына шұғыл келіп жеткен өрт сөндірушілер жалынмен күреске кірісті»,  делінген ақпаратта.

Сағат 06.25-те өрттің беті қайтты. Соның арқасында шамамен 3 000 тонна дайын өнімнің жанып кетуіне, оттың жақын маңдағы өртену қаупі жоғары құрылымдарға таралуына жол берілмеді. 

Тілсіз жауды ауыздықтауға барлығы жеке құрамнан 61 адам мен 15 техника, «Таза Өскемен» ЖШС-дан 6 адам мен 3 техника және «ҚТЖ ҰК» АҚ өрт сөндіру пойызы жұмылдырылған.

Өрт сағат 08.28-де толықтай өшірілді.

 

Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі