Әнші полицейлерді қорлағаны үшін 40 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылған болатын.
«Ұлы дала баласы ұлы даланы сыпырып жүр»: Төреғали Төреәлі сот үкімін орындап жүрген видеосын жариялады
1,466
оқылды

Белгілі әнші Төреғали Төреәлі сот шешімі бойынша 40 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылған болатын. Бүгін әнші әлеуметтік желіде өзінің көше сыпырып жүрген видеосын жариялап, сот жазасын орындап жатқанын жеткізді,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Соттың шешімі бойынша, 40 сағаттық қоғамдық жұмыс тапсырған болатын. Түске дейін саябақта болдық. Енді осы жерді тазалап жатырмыз. Бұл – менің тәуелсіз Отаным, тәуелсіз елім, тәуелсіз жерім, тәуелсіз Қазақстаным. Әлбетте, Әнұраны, көк Туы бар елдің міндетті түрде заңы болады. Ол заңның алдында барлығымыз бірдейміз. Оған бағынуымыз керек. Міне, ұлы дала баласы ұлы даланы сыпырып жатыр. Мұның еш әбестігі жоқ. Керісінше, тазалық сақтау – сүннет. Өз жатқан-тұрған жеріңді таза ұстау, ертең ас ішетін ыдысыңды бүгін жуып қою деген тазалық. Ал тазалық иманнан емес пе?», – дейді әнші бейнежазбада. 

Еске сала кетейік, Төреғали Төреәлі үстіміздегі жылдың 14 маусымында жол ережесін бұзып, полицейлердің қолына түскен еді. Сараптама нәтижесі оның есірткіге масаң күйде екенін анықтаған. Полицейлерге бағынбай, оқиға орнынан кетуге тырысқан әнші 20 күнге қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Қыркүйек айының соңында ол полицейлерді қорлағаны үшін тағы да сотқа тартылып, әншіге 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалды.

Фото: әншінің әлеуметтік желідегі парақшасынан