Мемлекет басшысы «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумының ашылу рәсіміне қатысты.
«Бір белдеу, бір жол» жүк тасымалдау мерзімін екі есе қысқартып, көлік шығынын азайтады  – Тоқаев
1,059
оқылды

Мемлекет басшысы өз сөзінде аса ірі жобаның – Транскаспий халықаралық көлік бағытының ерекше рөліне назар аударды. Бұл туралы Aikyn.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.  

Бұл бағдар Қытайды, Орталық Азияны және Еуропаны байланыстыратын «Бір белдеу, бір жол» бастамасының құрлықтағы көпіріне айнала алады. Осы ретте жүк тасымалдау мерзімін екі есе қысқартуға және көлік шығындарын айтарлықтай төмендетуге ықпал етеді. 

– Қазақстан мен Қытай арасында Транскаспий бағытын дамыту жөніндегі үкіметаралық екі келісімге қол қойылды. Жуық арада бұл келісімдер айтарлықтай нәтиже беретініне сенімдімін. Күш-жігерімізді тиімдірек үйлестіру үшін ірі стратегиялық порттардың, логистикалық орталықтардың және пошта хабтарының серіктестік желісін құруды ұсынамын. Сонымен қатар кемелер мен контейнерлердің бірлескен өндірісін жолға қоюға мүдделіміз. Қазақстан жолаушылар мен жүктерді тұрақты тасымалдау ісін қамтамасыз ете отырып, әлемнің жетекші әуекомпаниялары үшін сенімді әуекөпірі және ыңғайлы айлақ болуға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысының пікірінше, жаңа жаһандық жоба саналатын «Цифрлық Жібек жолы» бастамасы аясындағы серіктестік мол мүмкіндіктерге жол ашады.

– Цифрлық және зияткерлік ықпалдастықтың жаңа моделін құру экономикамыздың инновациялық тұрғыда дамуына елеулі үлес қосатынына сенімдімін. «Бір белдеу, бір жол» бастамасының жаңа онжылдығында Қазақстан ортақ табысқа жетуге жан-жақты атсалысуды жалғастырады. Құрметті төраға Си Цзиньпин, Сіздің дана басшылығыңызбен ҚХР түрлі халықтардың ортақ тарихи тағдыры тұжырымдамасы негізінде Қытайдың жаңа дәуірін қалыптастыруда одан әрі зор жетістіктерге жететініне сенімдімін, – деп қорытындылады сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар форумда Қытай төрағасы Си Цзиньпинь, Ресей президенті Владимир Путин, Индонезия президенті Джоко Видодо, Аргентина президенті Альберто Фернандес, Эфиопия премьер-министрі Абий Ахмед, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сөз сөйледі. Форумға 20-дан астам мемлекеттің басшысы және 130-дан аса ел мен халықаралық ұйым өкілі қатысып жатыр.

Фото: akorda.kz