Арыз беруші Өзбекстан азаматы, ағасы еңбек құлдығынан қашып құтылып, өзінің жанына Алматыға келгенін жеткізді.
Шымкентте 60-қа жуық шетелдікті құлдықта ұстаған 3 ағайынды жігіт ұсталды (видео)
10,148
оқылды

Шымкентте Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы заңсыз еңбекке тартты деген күдікпен екі кірпіш зауытының қожайынын ұстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

14 қазанда Алматы қалалық ПД-ның «102» арнасына Ақтөбе қаласының тұрғынынан арыз түсті. Арыз беруші Өзбекстан азаматы, ағасы еңбек құлдығынан қашып құтылып, өзінің жанына Алматыға келгенін жеткізді. Оның айтуынша, бұған дейін оны Шымкенттегі кірпіш зауытының қожайындары физикалық күш көрсетумен қорқытып, ұстап келген. Алайда белгісіз біреулер қайтадан інісінің ізіне түсіп, қара түсті BMW көлігімен ұрлап кетіпті. 

«Қылмыстың ауырлығын ескере отырып, Алматы және Шымкент қалаларының Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бірлескен арнайы жедел шаралар жүргізіліп, нәтижесінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары, үш ер адам ұсталды. Олар кірпіш зауытының иелері, екеуі ағайынды бауыр болып шықты. Тінту жұмыстарын жүргізу кезінде жедел уәкілдер екі зауыттың аумағынан 60-тан астам шетелдікті тапты, олардың барлығы көрші Өзбекстаннан келген», – делінген хабарламада.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында шетелдіктер зауытқа жұмысқа шақырылғаны анықталды. Содан кейін  олардың құжаттарын тартып алып, жалақы берілмегені және үнемі физикалық зорлық-зомбылық көрсетіліп, қорқытып ұстағаны белгілі болды.

«Бүгінде 25 шетелдік жұмысшы «Сана-сезім» қоғамдық бірлестігінің қамқорлығында болса, 30-дан астам азамат жеке басын куәландыратын құжаттарының болмауына байланысты қабылдап-тарату орталығына орналастырылды», – дейді полицейлер.

Полицияға күдіктілерге қатысты шетелдік азаматтардан үш ресми арыз түсті. Күдіктілер қамауда. Олардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 126-бабы ("Еңбекке қанау мақсатында бас бостандығынан заңсыз айыру") және 389-бабы ("Өзінше билік ету") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалды.