20 және 24 жастағы екі азамат қолына түсер «жемтігін» күн сайын саябақты айналып торуылдаумен айналысып келген.
Саябақта бопсалаған: Көкшетауда мас күйде жұртты тонағандар сотталды
806
оқылды

Көкшетауда мас күйде саябақта кездескен адамды қорқытып-үркітіп, ақшасы мен телефондарын тартып алумен айналысқан екі жас жігіт сотталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

20 және 24 жастағы екі азамат қолына түсер «жемтігін» күн сайын саябақты айналып торуылдаумен айналысып келген. Тіпті, кәмелет жасына толмаған балалар да бұлардың  қолынан жәбір көрген болып шықты. Мас күйде пышақпен қорқытатын бұзақылар балалардың ұялы телефондары мен қалтасындағы ақшасын алып, дүкенге арақ пен азық-түлік сатып алуға мәжбүрлеген жігіттер бір адамға тіпті шағын несие де алдырған болып шықты. 

– Сот барысында К. мен М.-нің кінәсі олардың болған оқиғаны толық баяндап мойындаумен, сонымен қатар жәбірленушілердің түсініктемелері мен сараптама қорытындылары, жәбірленушілерге тиесілі ұялы телефондармен толық дәлелденді. Жазаны тағайындау кезінде сот олардың шын жүректен өкінуін, сонымен қатар қылмысты мас күйінде жасағанын ескеріп К.-ға 6 жыл 6 ай,  М.-ға 6 жыл бас бостандығынан айыру үкімін кесті, – деді Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінен. 

Жәбірленушілердің атынан сотқа азаматтық талап-арыз түспеген. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. 

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы