Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Рес­­­публикасына ресми сапармен бар­ды.
Қазақ-қытай қатынасы қарқынды дамуда
1,393
оқылды

Президенттің жұмыс сапары Төраға Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізуден бас­талды. Қытай елінің басшысы Қа­зақ­стан Президентін Бейжіңдегі Халық жи­налысы үйінде қарсы алды. Мәртебелі мей­манның келуіне орай Құрмет қа­рауы­лы сап түзеп тұрды. Содан кейін мем­ле­кеттер басшылары өз делегацияларымен бірге Үлкен шығыс залында келіссөз жүр­гізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзи­нь­пин­нің «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ын­тымақтастығының III форумына қа­ты­суға шақыруын зор ықыласпен қабыл алып, Қытайға тағы да сапармен келгенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жан-жақты әрі мәңгілік стратегиялық се­­ріктестікке негізделген қазақ-қытай қа­­ты­настары қарқынды дамып келе жат­қа­нына назар аударды.

– Біз барлық бағыт бойынша тиімді мем­лекетаралық ықпалдастықты жолға қой­дық. Сіздің былтыр қыркүйек айында Қа­зақстанға жасаған мемлекеттік са­па­рыңыз өзара байланыстардың барынша нығаюына тың серпін берді. Сапар ая­сын­да елдеріміз арасындағы ынты­мақ­тас­тықтың жаңа «алтын 30 жылдығы» бас­талды. Мемлекеттеріміз арасындағы сау­да-саттық табысты дамып келеді. Ай­тарлықтай өсім бар. Инвестицияның жа­л­пы көлемі 21 миллиард доллар бола­тын 52 бірлескен жоба жүзеге асырылып жа­тыр. 2024 жыл Қытайда Қазақстан ту­ризмі жылы болып жарияланды. Бұл осы сала үшін мол мүмкіндіктерге жол аша­ды. Өзара мәдени-гуманитарлық бай­ланыстар үшін қолайлы жағдай жасалуда. Мем­лекетаралық қарым-қатынастарды мүл­дем жаңа деңгейге шығару үшін Қа­зақ­станның да, Қытайдың да орасан зор әлеуе­ті бар деп санаймын. Осы мүмкіндік­ті пайдаланып, құрметті Төраға Си Цзи­ньпин, сізді келесі жылы Қазақстанға мем­лекеттік сапармен келуге шақы­ра­мын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде ҚХР Төрағасы шақыруын қа­был алғаны үшін Мемлекет  басшысына ал­ғыс айтып, өзара тиімді ынтымақ­тас­тық­ты нығайту маңызды екенін атап өтті.

– Жоғары деңгейдегі «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қош келдіңіз! Орнықты әрі қар­қынды қазақ-қытай қатынастары екі ел арасындағы өзара сенімді нығайтып, бей­­­бітшілік пен тұрақтылықты қолдау ісін­де батыл әрекет етуге септігін тигізеді. Ха­лықаралық жағдайдың қалай құбы­ла­тынына қарамастан, Қытай мен Қазақ­стан өздерінің бастапқы ұстанымдарынан айнымай, бір-біріне жәрдемдеседі. Ел­дері­міз арасында достық қатынастар ор­на­ған жылдар ішінде біз мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік қа­лыптастыра алдық. «Бір белдеу, бір жол» жобасын 10 жыл бұрын Қазақстанда кө­терген едім, – деді Си Цзиньпин.

ҚХР Төрағасының айтуынша, Қытай Қа­зақстанның егемендігі мен аумақтық тұ­тастығын, сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асы­рылып жатқан ауқымды реформаларды толықтай қолдайды.

Келіссөз барысында тараптар сауда-эко­номика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энер­гетика, қаржы, көлік-транзит, атом өнер­кәсібі, машина жасау, туризм, элек­трон­ды коммерция және жоғары тех­но­ло­гия салаларындағы жан-жақты ық­пал­дастықты дамыту мәселелерін талқылады. Мем­лекеттер басшылары бірлескен ин­вес­тициялық жобаларды жүзеге асыру, сон­дай-ақ мәдениетаралық байланыс­тар­ға жағдай жасау маңызды екеніне назар ау­дарды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзи­ньпиннің келіссөзі нәтижесінде екі елдің де­легация мүшелері бірқатар маңызды құ­жатқа қол қойды.

Әл-Фарабиге ескерткіш орнатылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі білім алған Бейжің Тіл және мәдениет университетінің аумағында ортағасырлық философ, ғалым Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған бюстті салтанатты түрде ашу рәсіміне қатысты.

Ашылу рәсіміне ҚХР білім министрінің орынбасары Ван Гуанянь, университеттің Партия комитетінің хатшысы Ни Хайдун, ректоры Дуан Пэн және Мемлекет бас­шысына сабақ берген университет профессоры Лю Шицинь, сондай-ақ ҚХР Мемлекеттік өнер мұражайының дирек­торы, мүсін авторы У Вэйшань қатысты.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, әл-Фарабидің әлемдік өркениетке қосқан зор үлесіне айрықша тоқталды. Сондай-ақ Президент энциклопедиялық деңгейдегі, яғни жан-жақты білімі бар әл-Фарабиді замандастары Аристотельден кейінгі «Екін­ші ұстаз» деп атағанына назар ау­дарып, ғұлама ғалымның еңбектері әр­дайым өзекті, мән-мағынасын жоғалт­пайтынын атап өтті.

– Оның шығармалары – әлемдік ақыл-ойдың алтын қорына қосылған құнды қазына. Әл-Фарабидің 1 150 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндерінің жаһандық тізіміне енгізілді. Біз 2020 жылы осы мерейтойды ерекше атап өттік. Халықаралық ғылыми симпозиумдар, конференциялар ұйымдастырылды. Монографиялар мен жинақтар басып шығарылды. Деректі фильмдер түсірілді. Мұның бәрі әл-Фарабидің еңбектерін терең түсінуге мүмкіндік береді, оның мол мұрасын жан-жақты насихаттауға жол ашады. Енді Қытай ғалымдары мен жас­тарына философ жайлы бірқатар ғылыми еңбектер қолжетімді болады. Осы құнды деректермен, ең алдымен, Бейжің Тіл және мәдениет университетінің оқытушы­лары мен студенттері таныса алады. Бұл – қуантарлық жайт. Мен де кезінде осы оқу орнында тура қырық жыл бұрын білім алдым. Сондықтан бүгін Әбу Насыр әл-Фарабидің мүсінін ашу – мен үшін зор мәртебе, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Президент Бейжің линг­вис­тикалық институтында тағылымдама­дан өткен кезінде өзіне дәріс берген профессор Лю Шициньмен әңгімелесті.

– 40 жылдан кейін білім алған универ­ситетіме келіп, өзіңізді аман-сау көргеніме өте қуаныштымын. Мен сіздің еңбекқор­лығыңызды, табандылығыңыз бен ерік-жігеріңізді ерекше бағалаймын. Сіздің шәкірттерге берген біліміңізге баға жет­пейді. Мұның бәрі сіздің кәсібилігіңізді, ыждағаттылығыңызды және өз ісіңізге деген адалдығыңызды көрсетеді. Құрметті демалыста екеніңізді білемін. Соған қа­рамас­тан, университеттің қоғамдық өміріне атсалысуды жалғастырып, мәде­ниетаралық байланыстардың дамуына зор үлес қосып жүрсіз, – деді Мемлекет бас­шысы

Іс-шара соңында Президент Бейжің Тіл және мәдениет университетіне Әбу Насыр әл-Фарабидің портретін сыйлап, осы оқу орнында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен әңгімелесті.

Алпауыт компаниялармен ықпалдастық нығаяды

Қазақстан Президенті ҚХР-ға ресми сапары аясында бірқатар лауазымды тұлғамен кездесті. SINOPEC компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ма Юншэнмен кездесуі барысында өзара ынтымақтастық және мұнай-газ химиясы мен энергетика салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев SINOPEC компаниясының полиэтилен өндірісі жобасына толық­қан­ды серіктес ретінде қатысуы Қазақстанның аталған кәсіпорынмен орнықты ықпалдас­тығының айқын дәлелі екенін атап өтті. 

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев YTO Express Co., Ltd компаниясының бас­қарма төрағасы Юй Хуэйцзяоны қабыл­дады. Кездесу барысында электронды коммерция, көлік және логистика сала­ларындағы өзара тиімді ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде Alibaba, Wildberries, OZON және JD.com секілді ірі маркетплейстер жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Қазақстан 2030 жылға қарай электронды сауда үлесін жалпы сауда-саттық нарығының 20 пайызына дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға ресми сапары аясында CITIC Group компаниясының басқарма төрағасы Чжу Хэсиньмен кездесу өткізді. Әңгімелесу барысында энергетика, мұнай химиясы өнеркәсібі және басқа да маңызды сала­лардағы өзара серіктестікті нығайту мә­селелері талқыланды. 

– Біздің тұрақты кездесулеріміз арадағы ынтымақтастықтың стратегиялық сипатын білдіреді. Биыл мамыр айында CITIC Construction компаниясы қазақ­стан­дық серіктестерімен жалпы инвес­тиция көлемі 2 миллиард доллар болатын жобаларды іске асыру жөніндегі 5 құжатқа қол қойды. Маңызды жобалардың бірі – Ақтаудағы Caspi Bitum зауытының мұнай өңдеу қуатын жылына 1,5 миллион тон­наға дейін жеткізу. Маған «ҚазМұнайГаз» бен CITIC Group арасында тиісті келісімге қол қойылғаны жөнінде мәлімет берілді. Құрылыс саласында мол тәжірибеңіз бар екенін ескерсек, бұл жоба сапалы әрі қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Ал Қазақстан Президентінің CRRC Сorporation Limited компаниясы басқарма төрағасы әрі атқарушы директоры Cунь Юнцаймен кездесуінде машина жасау және теміржол транспорты салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Президент еліміздің озық технологияларды қолдану және теміржол техникасына қызмет көрсету орталықтарын ашу арқылы локомотивтер өндірісінің жергілікті үлесін арттыруға мүдделі екенін атап өтті. Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстанның негізгі көлік-логистикалық хаб екенін айтып, сол арқылы CRRC компаниясының Еуразия кеңістігі мен Еуропа нарықтарына шыға алатынын жеткізді. 

Сапар аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Мемлекеттік кеңесі­нің Премьері Ли Цянмен кездесті. Кездесу ба­рысында Қазақстан мен Қытай арасын­дағы жан-жақты стратегиялық серіктес­тіктің жай-күйі және оны дамыту перспек­тивасы талқыланды. Қазақстан Президенті Қытайдың қарқынды әлеуметтік-эко­номика­лық дамуын ерекше ықыласпен бақылап отырғанын атап өтті.

– ҚХР Үкіметі әлемді тұрақсыздық жайлап тұрған қазіргі кезеңде эко­номика­ның орнықтылығын қамтамасыз етуге қатысты маңызды мәселені тиімді шешіп отыр. Қытайдың жаһандық экономиканың орнықты дамуына қосқан елеулі үлесін жоғары бағалаймыз. Қазақстан Қытаймен достық, тату көршілік қарым-қатынасты және жан-жақты стратегиялық ынтымақ­тастықты нығайтуға қашанда ерекше мән береді. Қазақстан ҚХР-дың сенімді стратегиялық серіктесі әрі тату көршісі болды келді және келешекте де солай болып қала береді. Бүгінде қазақ-қытай қатынасы қарқынды дамып жатыр. Бұған жоғары деңгейдегі белсенді саяси диалог, сондай-ақ екі ел үкіметтерінің үйлесімді жұмысы ықпал етуде, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Қазақстан Президенті Бейжіңге ресми сапары аясында Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ғасырлар бойғы достық пен өзара қолдаудың берік арқауына сүйене отырып, Қазақстан мен Қытай мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік рухында тұрақты нығайып келе жатқан үлгілі мем­лекетаралық ынтымақтастықтың негізін қалағанын атап өтті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қытай­дың Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунинмен келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ-қытай қатынастары мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейіне жетті. Бұл ретте ел басшы­ларының тұрақты кездесулері елеулі рөл атқарды. Өйткені келіссөздер барысында тату көршілік қарым-қатынас пен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін негіз қаланады. 

Символдық мәні зор бастама

Қазақстан Президенті Бейжіңге ресми сапарының екінші күнінде «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумының ашылу рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы өз сөзінде Қытайдың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі шешуші рөліне назар аударып, оны экономикалық және технологиялық дамудың локомотиві ретінде атап өтті.

– Қазіргі геосаяси жағдайда «Бір белдеу, бір жол» бастамасы қажетті халық­аралық жобаға және ынтымақтастықтың ірі платформасына айналды. Бұл жоба Қытайдың экономикалық қуатын, сондай-ақ оның жаһандық деңгейдегі жаңа белестерді бағындыруға ұмтылысын көр­се­теді. Осыдан он жыл бұрын Сіз Қазақ­станда алғаш рет «Бір белдеу, бір жол» ұзақмерзімді бастамасын ұсынып, оның басты қозғаушы күші болдыңыз. Мұның символдық мәні зор. Осы маңызды мерей­тойды атап өте отырып, бүгінде Сіздің бастамаңыз өзінің қажеттілігін көрсетті және әлемдік қоғамдастық тарапынан мойындалып, жаһандық ауқымдағы үлкен жобаға айналды деп сенімді түрде айта аламыз, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы аталған бастаманың елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға, тату көршілік қатынастарды, достық пен өзара түсіністікті нығайтуға елеулі үлес қосатынына тоқталды.

– «Бір белдеу, бір жол» Ұлы Жібек жолы ренессансына тың серпін берді десек, артық айтқанымыз емес. Сондықтан Қытайдың бұл бастамасы – ХХІ ғасырдың мегажобасы. Бұл – әділ баға, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның жетістіктері жөнінде де айтты. Осы ретте, Президенттің пікірінше, Еуразия кіндігінде орналасқан еліміз, Солтүстік пен Оңтүстікті, Батыс пен Шығысты байланыстыра отырып, бастаманы іске асыруда ерекше рөл атқарады. Оның айтуынша, Қытаймен арада созылып жатқан ортақ шекарасы бар әрі аумағы үлкен құрлықішілік мемлекет ретінде Қазақстан халықаралық маңызға ие көлік-логистикалық торапқа айналуға барынша күш салып отыр.

Мемлекет басшысы өз сөзінде аса ірі жобаның – Транскаспий халықаралық көлік бағытының ерекше рөліне назар аударды. Бұл бағдар Қытайды, Орталық Азияны және Еуропаны байланыстыратын «Бір белдеу, бір жол» бастамасының құрлықтағы көпіріне айнала алады. Осы ретте жүк тасымалдау мерзімін екі есе қысқартуға және көлік шығындарын айтарлықтай төмендетуге ықпал етеді.

Сонымен қатар Форумда Қытай Төра­ғасы Си Цзиньпинь, Ресей Президенті Владимир Путин, Индонезия Президенті Джоко Видодо, Аргентина Президенті Альберто Фернандес, Эфиопия Премьер-министрі Абий Ахмед, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сөз сөйледі. Форумға 20-дан астам мемлекеттің басшылары және 130-дан аса ел мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Шыңжанға сапар аймақаралық ынтымақтастықты арттырады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында Үрімжі қаласына барып, ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы пар­тия комитетінің хатшысы Ма Син­жуймен кездесті.

Мемлекет басшысы сауда, өнеркәсіп, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм сияқты көптеген бағыт бо­йынша Қазақстанның Шыңжаңмен ара­дағы қарым-қатынастарының нәтижелерін жоғары бағалады.

– Қазақстанның Шыңжаңмен өзара сауда-саттық мәселесінде өңірлік ынты­мақтастықтың қолданыстағы механизм­дерінің мәні зор. Менің ойымша, оларды дұрыс пайдалана білсек, айтарлықтай ілгерілеуге болады. Қазақстан сіздің айма­ғыңызға жеткізілетін өнім түрлерін ұлғай­туға дайын. Атап айтқанда, металлургия, мұнай химиясы, машина жасау, тамақ өнімдерін, сондай-ақ құрылыс материал­дарын экспорттай аламыз. Ал агроөнер­кәсіп және азық-түлік секторындағы ық­пал­дастыққа келер болсақ, бұл бағыттағы әлеуетіміз зор. Қазақстан Қытай нарығына экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты жеткізе алады деп санаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақ­станның шекаралас төрт облысы мен Шыңжаң өлкесі арасында тығыз байланыс орнаған. Қазақстанның Қытаймен сауда-саттығының жалпы көлемі бойынша Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы­ның үлесі 40 пайыздан асады. Бұл ретте еліміздің Шыңжаңмен тауар айналымы биылғы жартыжылдықта 87 пайызға өсіп, 8,5 миллиард долларды құрады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол өткелін салудың маңыздылығына назар аударды. Президент осы жобаны іске асыруға жақын арада кірісуге болады деп есептейді.

Сауда-экономикалық байланыстардан бөлек, су саласындағы ынтымақтастықты дамытудың және трансшекаралық өзен­дерді пайдаланудың маңызды екені атап өтілді.

Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласына айрықша тоқ­талды.

– Туризм саласындағы ынтымақтас­тықтың келешегі зор. Қазақстанның бұл бағыттағы мол әлеуетін ескере отырып, жақында Туризм және спорт министрлігін құрдым. Біз Қазақстанға саяхаттайтын қытайлық туристер саны артады деп үміттенеміз. Үкіметіміз елдегі туризм сала­сын дамытуға бар күш-жігерін жұмсайды. Сонымен қатар Қытайда келесі жыл қазақ туризмінің жылы болып жарияланды. Әрине, біз отандастарымыздың сіздің елмен және оның әсем табиғатымен, әлеу­меттік-экономикалық даму жетістік­терімен танысуы үшін Қытайға саяхаттап баруын қолдаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент Қазақстан мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының тарихи-мәдени, гуманитарлық байланыстарының мәні мен маңызына назар аударды.

– Шыңжаң ежелден өзінің жоғары мәдениетімен әйгілі. Жергілікті шығарма­шылық ұжымдар халықаралық дәрежеде мойындалған. Біз мәдени-рухани байла­ныстардың жан-жақты дамуына, екі ел өнерпаздарының бір-біріне гастрольдік сапарлар ұйымдастыруына қолдау көрсе­те­міз. Бұл тату көршілік және достық қа­ты­настардың нығаюына оң ықпал ететіні сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Ма Синжуй Қазақстан Пре­зиденті мен ҚХР Төрағасының келіс­сөздері барысында қол жеткізілген уағда­лас­тықтарды жүзеге асырудың маңыз­дылығын, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» форумында көтерілген бастамалардың мәні зор екенін айтты.

– Біз ауыл шаруашылығы, транс­шекаралық сауда, энергетика салаларына баса мән бере отырып, сауда-экономика­лық ынтымақтастықты одан әрі нығай­тамыз. Сонымен қатар ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары және кәсіпорындар арасындағы қарым-қатынасты жолға қоямыз. Қазақстанға немесе Шыңжаң өлкесіне инвестиция құйып, бизнес ашу­ды көздейтін бірлескен кәсіпорындарды ынталандырамыз, –  деді Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы.

Ма Синжуй Қазақстан Президентінің Шыңжаңға сапарын тарихи оқиға ретінде бағалап, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының басшылығы біздің елмен арадағы ынтымақтастықты кеңейтуге және тұрақты байланысты сақтауға мүдделі екенін жеткізді.

Кездесу соңында Қазақстан Прези­дентінің Шыңжаң өлкесіне сапары аймақ­аралық ынтымақтастықтың одан әрі ны­ғаюына ықпал ететіні атап өтілді.