Салдарынан күзгі орақ науқаны әдеттегіден ұзады: егістіктерге комбайндар шығатын кезде, тамыздың 20-сынан бастап, жаңбыр нөсерлете төкті. Піскен дән ылғалданып, алды қызып, көктеп кетті. Қазіргі ахуал қандай?
Ұсақ шаруалар егін жинауға енді кірісті
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, республика көлемінде астық жинау науқаны аяқталуға таяды. 16 қазандағы жағдай бойынша, 15,6 миллион гектардан егін орылыпты. Бұл елдегі биылғы бүкіл егістік алқабының 90,2%-ы көрінеді. Жаңа егіннің орташа өнімділігі төмен: әр гектардан 9,3 центнерден ғана айналды.
Нәтижесінде, бүгінде диқандар 14,6 миллион тонна астық бастырды. Салыстырсақ, 2022 жылы Қазақстан жалпы алғанда 16,4 миллион тонна бидай жинаған еді.
Әйткенмен, төл комбайндары жоқ ұсақ шаруашылықтар биылғы егінді жинап үлгермей жатыр. Өйткені фермер Ерасыл Жамбакиннің түсіндіруінше, жылда қыркүйек айының соңына қарай Қазақстанның солтүстік және орталық облыстарындағы ірі шаруашылықтар ору науқанын аяқтап, ауыл шаруашылығы техникасын босататын. Оларды өз комбайны жоқ ұсақ шаруашылықтар жалға алатын.
Биыл жағдай басқаша: шетсіз-шексіз құятын ақ жауындар қыркүйек айының ортасына қарай ғана тынып, бұлттан шыққан күн далаға нұрын төге бастады. Бірақ мол ылғал ірі шаруашылықтарға 20 қыркүйектен ерте егін жинауға қайта кірісуге мүмкіндік бермеген. Оның өзінде қырмандағы жұмысты күрт бұзылған ауа райы дүркін-дүркін үзіп тұрды.
Салдарынан техникасыз ұсақ шаруашылықтарда егіннің қар астында қалып қою қаупі бар. Елдің біраз өңірінде күн суытып, үсік ұра бастады. Бірақ екі аптада қар түспесе, ұсақтары да үлгереді деген үміт жоқ емес: оларға жаңа босап жатқан ірі көршілерінің комбайндарын арендаға алуға мүмкіндік енді ғана туды.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, биыл елдің оңтүстігінде де, солтүстігінде де климат күрт күрделенді: оңтүстік аймақтарда құрғақшылық болды, ал солтүстігінде қатты жаңбыр жауды, бұл егіннің жай-күйіне және жиналған астықтың сапасына кері әсер етті. Климатқа қатысты қиындықтарға өзге проблемалар жамалып отыр.
Министрлік ол мәселелерді диқандармен бірлесіп шешу жолдарын іздеуде. Мысалы, агробизнес өкілдерінің мәліметінше, қолайсыз табиғи жағдай салдарларынан зардап шеккен, астығы шіріп кеткен не аптаптан қурап қалған фермерлерді қолдау шараларын күшейткен жөн. Саланың дамуына кедергі келтіретін басқа мәселелер жетерлік.
Атап айтқанда, ауыл кәсіпкерлері жинаған өнімін еліміздің өзге облыстарына немесе шетелдік нарықтарға шығарайын десе, вагондар тапшы. Тасымалдаушылар жөнелту жоспарларын ұсынбай отыр. Өнімдерін жөнелту кезіндегі логистика проблемалары туындаған.
Бұған субсидиялардың уақытылы төленбеуі және жетіспеушілігі, Gosagro жүйесіндегі іркілістер, диқандардың күзгі жиын-терім науқанына алған кредиттерін өтей алмауы сияқты қиыншылықтар қосылды. Мұның бәрін «бұрын-соңды болмаған резонансты проблемалар» деп бағалаған министр Айдарбек Сапаров «аграршылар көтерген барлық мәселе бойынша қажетті шаралар қабылданатынына» уәде етті.
Ауылдарды аралап, ауыл шаруашылығы бизнесінің өкілдерімен кездесуге кіріскен А.Сапаров өз министрлігінің салалық департаменттеріне фермерлер мәселелерінің тізімін жасап, облыс-облыс бойынша ажыратып, Проблемалар картасын құруды, оларды шешудің нақты мерзімдерін бекітуді және оған жауапты қызметкерлерді көрсетуді тапсырды.
Үкіметтен қандай көмек бар?
Осы ауыр шақта кредиттік институттар шығынға батып, ұнжырғасы түскен диқандардың төлемей отырған қарыздарын күштеп өндіруге кіріссе, онда ауыл шаруашылығы нысандары жаппай банкрот болуы мүмкін. Бұған жол бермеу үшін Үкіметтің тапсырмасымен, «Бәйтерек» холдингінің қаржы институттары ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қатысты айыппұл санкцияларын қолданбай, кредиттердің мерзімін ұзартып жатыр.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Ысқақовтың айтуынша, қазан айының басындағы жағдай бойынша 33 ауыл шаруашылығы өндірушісі 2,3 миллиард теңге қарызын ұзартуға өтінім берді. Қолайсыз ауа райынан зардап шеккен басқа қарыз алушылардан да шарттар, ұсынылатын құжаттар тізбесі және міндеттемелерді қайта құрылымдау рәсімдері бойынша өтініштер түсіп жатқан көрінеді.
Мұның сыртында «Азық-түлік корпорациясы» да көмекке келіп, аграршылардың биылғы егінінің сапасы төмендеген бөлігін нарықтық бағамен сатып ала бастады. Корпорация 3-сыныпты бидайдың әр тоннасын 120 мың теңгеден, 4-сыныпты – 105 мың теңгеден алады. Бұрын бірінші сыныптысына осындай баға ұсынылатын.
Шаруашылықтардың бір бөлігі форвардтық, яғни әлі шықпаған өнімді ертерек сату жөнінде мемлекетпен келісімшарт бекіткен. Алайда қолайсыз ауа райы жағдайына байланысты олар өз мойнына алған міндеттемелерін орындай алмай қалды: астығы дымқылданып, сапасы құлдыраған. Мемлекет бұл тұрғыда да жеңілдік жасап отыр.
«Айыппұл санкцияларын қолданбай, орындалмаған міндеттемелерді ақшамен өтеуге де мүмкіндік берілді. Немесе диқандар астық сапасының төмендегені үшін 5% мөлшерінде өтемақы төлеп, міндеттемесін 4-сыныпқа ауыстыра алады. Өз міндеттемелерін орындауға биыл мүлдем мүмкіндігі жоқ ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін форвардтық сатып алу мен тауарлық несие бойынша міндеттемелерді орындау 1 жыл мерзімге кейінге қалдырылды. Олар үшін 2023 жылғы комиссия ақысы бекітілді. Бір жылға ұзарту үшін фермер тек 3% банк сыйақысын төлеуге міндетті болады», – деді Ауыл шаруашылығы министрі.
Шаруалар «Азық-түлік корпорациясының» жемдік бидайды да тікелей сатып алуын сұрайды. Бұл астық өндірушілердің қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік берер еді: дымқылданып, бұзылған егіннің үлкен бөлігі тек малдың жеуіне жарайды. Егіншілердің тілегіне құлақ түрген министрлік 350 мың тонна көлемінде 4-сыныпты бидайдың әр тоннасын 105 мың теңгеден, 5-сыныпты бидайды 90 мың теңгеден, сыныпты емес бидайды 70 мың теңгеден тікелей сатып алуды ұсынды. Сатып алу бюджеттен тиісті қаражат бөлінгеннен кейін жүзеге асырылатын болады.
Егіннің шығымдылығы аз болғанымен, бір бөлігі қурап не шіріп кеткенімен, ел астықтан биыл тарықпайды. Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың сендіруінше, Қазақстан өзін нан және ұн өнімдерімен толықтай қамтамасыз етіп отыр.
Ол қолайсыз климаттан зардап шеккен егіншілерге мемлекеттің көмекке келгенін жеткізді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тауар өндірушілерді қолдау мақсатында астықты кептіру үшін 62,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Қаржы институттары айыппұл санкцияларын қолданудан бас тартып, несиелер мен қарыздарды өтеу мерзімін ұзартуды жүзеге асырып отыр. Агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға қосымша қаражат бөлу және «Азық-түлік корпорациясының» астықты тікелей сатып алу мәселелері пысықталып жатыр», – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Мысалы, су тапшылығы салдарынан жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жарияланған Жамбыл облысының шаруаларына күйіп кеткен астығы үшін өтемақы төлеу жұмыстары жүргізілуде. Бұған 3,7 миллиард теңге бөлінді.
Ішкі нарықта бидай бағасын тұрақтандыру және «сұр импортты» болдырмау мақсатында Қазақстанға теміржолмен және жүк көліктерімен шетелден астық әкелуге тыйым салу мерзімі 2024 жылдың 11 сәуіріне дейін ұзартылды. Бұл шектеу шаралары лицензияланған элеваторларға, астық өңдеу және құс шаруашылығы кәсіпорындарына қолданылмайды. Олар Ресейден қажетті көлемде астық импорттап жатыр. Сонымен қатар астықты өз қажеттіліктеріне пайдаланатын отандық өндірушілерге де импортта шектеу болмайды.
Қорыта айтқанда, биыл жиналатын астықтың көлемі елімізді нанмен және ұнмен толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті болады. Экспорттық мүмкіндіктер де сақталады.
Елдос СЕНБАЙ