Бүгінде Жамбыл облысындағы жол-көлік оқиғаларын жиі естиміз. Статистикаға көз салсаң, сана сан-саққа кетеді.
Жамбылдағы жол апаттары жаға ұстатады
1,258
оқылды

Мәселен, ресми мәлі­мет бойынша, Әулиеата өңірінде 1380 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, республика көлемінде үшінші орын­ды көрсеткен. Бұл – әрине, төбе ша­шыңды тік тұрғызатын көрсеткіш. Сонда жол апаттарының жиілеуіне не себеп? Олардың алдын алу бағы­тында қандай жұмыстар жүргізілуде?

148 адам қаза болған

Жамбыл облыстық Полиция департа­менті берген ақпаратқа сүйенсек, биыл тоғыз айда тіркелген жол-көлік оқиғалары 40 пайызға төмендеген. Сондай-ақ зардап шеккендердің саны 40 пайызға, ал қаза тапқандардың саны 20 пайызға азайған. Яғни, былтыр жол апатынан зардап шек­кендердің саны 1 781 болса, ол 1 057-ге, ал қаза тапқандар саны 184 адам­нан 148-ге кеміген. 

Полиция департаменті тарапынан жүргізген талдау нәтижелері жол-көлік оқиғаларының дені жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жеке тәртіпсіздігі сал­дарынан болатынын анықтаған. Нақтырақ айтсақ, жол апаттарының 97%-ы немесе 695 оқиғаның 677-сі жүргізушілердің кінә­сінен болған. Ал ең алаңдатарлығы, әрбір үшінші жол-көлік оқиғасы балала­рдың қатысуымен болатынын тіркеген. Нәтиже­сінде, бүгінге дейін жол апаттары салдары­нан 22 баланың өмірі қиылған. 

Жаяу жүргіншілерді қағу жиілеген

Жаяу жүргіншілерді қағып кету фактілері де жиілеуде. Олардың саны бүгінде 208 деректі құраса, онда 25 адам қаза тауып, 199 азамат түрлі дене жарақатын алған. 

Күн сайын полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін анық­тайды. Жыл басынан бері 495 мың тұрғынның жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері тіркелсе, оның ішінде көлікті мас күйінде басқарғаны үшін 588 құқық бұзу­шы ұсталған.

Жоспар жұмыр, нәтиже қандай?

Міне, осындай жантүршігерлік көрсеткіштердің тіркелуіне байланысты облыстық Полиция департаменті жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыс­тарын күшейтуде. Мәселен, осы таңға дейін 30-дан аса іс-шара ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралында және әлеуметтік желіде жарияланған бейне-аудиороликтер арқылы жүргізушілердің арасында үгіт-насихат жұмыстары жүр­гізілуде. Сондай-ақ балалардың қауіпсіз­дігіне де ерекше назар аударылуда.

Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы орган өкілдерінің қатысуымен, ата-аналар комитеттері мен  мектеп директорларымен кездесулер өткізілуде. Басқосулар бары­сында жол қозғалысы қауіпсіздігіне, бала­ларды көлік салонын тасымалдау кезінде қауіпсіздік белдігі мен ұстағыш құрылғы­ларды пайдалану қажеттілігіне басымдық беріліп, түсіндірілуде.  Сонымен қатар  жол қозғалысы ережелерін сақтау туралы билбордтар мен паннолар орна­тылған.

Тағы бір ерекше айта кетерлігі, 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап Полиция департаменті  патрульдік полиция баталь­онының қызметкерлері жол-көлік оқиға­ларының алдын алу және жолын кесу мақсатында Алматы облысының шекара­сынан Түркістан облысына дейінгі ара­қашықтығы 450 шақырым республикалық «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» трасса­сының учаскесінде екі бағытта да авто­мобильдер колоннасымен ілесіп жүруді жүзеге асыруда. Жол қауіпсіздігін бақылау үшін жол қозғалысы ережесін бұзушы­ларды тіркейтін 420 камера пайда­ланылуда.

Көлік басқару құқығы жоқ 12 520 адам ұсталған

Облыстық Полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзиннің айтуын­ша, жүргізіліп жатқан шаралардың арқа­сында жол-көлік оқиғаларының санын 2 есеге дейін азайтуға қол жет­кізіліпті. 

– Жыл ішінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Жүргізушілермен де, тұрғын­дармен де жіті түсіндіру жұмыстары жүр­гізілді. Полиция қызметкерлері күн-түн  демей, кірпік қақпай қызмет етуде. Соның арқасында жол апаттарын екі есеге дейін азайттық. Алайда бұл қуанарлық көрсеткіш емес. Сондықтан жол-көлік оқиғалараның алдын алу шараларын бұдан әрі күшейту керек. Бұл бағыттағы жұмыстар менің тікелей бақылауымда болады, – дейді Ар­ман­бек  Хакимбекұлы. 

Жалпы, жол қателікті кешірмейтіні белгілі. Сондықтан жүргізушілерге барын­ша сақ болған абзал. Алайда «сақтансаң, сақтайды» деген қағидатты көп адам ескере бермейтіні жасырын емес. Оған қоса, көлік жүргізу құжаты жоқ азаматтар да темір тұлпарды басқаруға отырып, заңсыздыққа жол беріп жатқанына не дерсің? Мәселе биылғы тоғыз айда көлік басқару құқығы жоқ 12 520 адам ұсталып,  ҚР ӘҚБтК 612-бабы бойынша іс қозғалған. 

Жүргізушілердің өздері не дейді?

Осы орайда Жамбылда жол-көлік оқи­ға­ларының жиілеу себебін жүргізу­шілердің өздерінен де сұраған едік. 

– Негізі, бар кінә жүргізушілердің өзінде. Жол ережелерін сақтамайды. Оған қоса, жылдамдықты асырып, жүйткіп айдайды. Әйтпесе, бұрынғыдай бағдар­шамдардың істен шығуы немесе жолдың тар болуы сынды келеңсіздіктер қазір жоқ. Тараз қаласының көшелеріне қарайтын болсаң, бұрылыс қалташасы, айналып өту жолағы сынды барлық жағдай жасалған. Тек ереже сақтау керек. Тағы бір айта кетер­лігі, көлікті қазір жас балалардың басқарып келе жатқанын көп байқайсың. Қарапайым жол ережелерін сақтамай, алдыңды кесіп өткенін көріп, «бір нәрсеге ұрынып қалмаса екен» деп тілеп отыратын болдық. Сондай-ақ үлкен тас жолда жылдамдық көрсеткіші 110-ды көрсетіп тұрса, сағатына 150-160 шақырым  жылдам­дықпен жүретіндер көп. Соның салдарынан жол апаттары жиі болады. Сондықтан мен жүргізушілерді асықпауға, жол ережелерін сақтауға  шақырамын, – дейді 20 жылдық жүргізушілік тәжірибесі бар Тараз қаласы­ның тұрғыны Нұрхан Нұрланбек. 

Ал Серік Қалдыбектің айтуынша, жол апаттарының болуына жастардың әлеумет­тік желіде көп отыруы себеп. 

–  Қазір жастар жүргізуші куәлігін алған бойда үлкен тас жолға шығып кетеді. Бұл дұрыс емес. Көлікті қала ішінде айдау бөлек те, үлкен жолда басқару бөлек. Өзіндік ережелері мен қауіпі бар. Көп жас соны ескере бермей, үлкен жолға бірден шығып кетіп, арты қайғылы оқиғалармен аяқталып жатыр. Одан бөлек, жастардың көлік басқарып келе жатып әлеуметтік желілерде тікелей эфирде отыруы әдетке айналып барады. Тіпті, «сторис» түсіреміз деп қаншасы жол апатына ұшырауда. Сондай-ақ көлік басқарып келе жатып телефонмен сөйлесу де қауіпті. Себебі сен көлігіңді басып озып келе жатқан жүргізу­шіні не­ме­се қарсы бағытқа шыққан темір тұлпарды байқамай қалуың мүмкін. Сон­дық­тан жолда тек жолға қараған жөн. Бәл­кім Үкі­мет үйіндегілер «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» сияқты халықаралық дәліз­дерде әлеуметтік желілерді мүлде қосыл­май­тын қылып қойса, жол апаттары­ның саны азаяр ма еді деген ой келеді. Ол енді билік мінберіндегі азаматтардың құзы­ретіндегі дүние, – дейді Серік. 

 

P.S.

Міне, осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін, ең бірінші, жүргізушілер мен жолаушыларға барынша сақ болған абзал. Жол ережелерін сақтап, ескертпелерге атүсті қарамау қажет. Сонда ғана бауырымыз бүтін, жақынымыз аман қалмақ. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы