19 қазан - Құтқарушылар күні.
ТЖМ министрі Сырым Шәріпханов құтқарушыларды төл мерекесімен құттықтады
1,011
оқылды

Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов құтқарушыларды кәсіби мерекемен құттықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құрметті Төтенше жағдайлар министрлігінің ардагерлері, өрт сөндірушілері, құтқарушылары, әскери қызметшілері, курсанттары, оқытушылары, барлық қызметкерлері мен мамандары, сіздерді Құтқарушы күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Ең алдымен, барлықтарыңызға бізге жүктелген міндеттерді, оның қиындықтары мен қауіптілігіне қарамастан, абыроймен, адал атқарып жатқан қызметтеріңіз үшін алғыс айтамын.

Соңғы уақытта тек біздің елімізде ғана емес, көрші мемлекеттерде де болып жатқан төтенше жағдайлар біздің жүйе үшін үлкен сынақ болды.

Біздің құтқарушыларымыз гуманитарлық миссия атқару аясында Түркия мен Ауғанстанда авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізгенін ерекше атап өткім келеді. Кәсіби біліктілік деңгейі, жылдар бойы жинаған тәжірибесі, ең күрделі міндеттерді пысықтау жылдамдығы мен шапшаңдығы жағынан біздің құтқарушыларымыз үздіктердің қатарында болды.  

Сондықтан біздің азаматтарымыз ТЖМ қызметкерлерінің кез-келген уақытта күні-түні көмекке келуге дайын екенін, әрбір адамды құтқару  үшін зілзаламен күресіп, тіпті өз өмірін қиятынын біледі.

Өз міндеттерін атқару кезінде, басқаның өмірін құтқару жолында қайтыс болған әріптестеріміз мәңгі есте қалады.

Өз ісіне адал қызмет етіп, құрметке ие болған және бүгінде өздерінің мол тәжірибесін жас құтқарушыларға үйретіп жүрген ведомствоның ардагерлеріне алғыс білдіргім келеді.

Бүгінде Құтқарушы күні төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою ісіне тікелей қатысатын мамандардың барлығын біріктіретін шын мәніндегі жалпыхалықтық күн болды.

Баршаңызды Құтқарушы күнімен тағы бір мәрте  құттықтаймын.

Адалдық, батылдық пен батырлық таныта отырып, қызметтік міндеттеріңізді абыроймен орындаңыздар.

Сіздерге денсаулық, бақыт, сәттілік және төтенше жағдайлардың аз болуын тілеймін!