Алаяқтар жәбірленушіге оның шетелде тұратын әпкесі жол-көлік оқиғасына тап болғанын және оған 7 млн теңге шамасында шығынды өтеу қажет екенін айтқан.
Көкшетауда алаяқтар зейнеткердің 16 миллион теңгесін алдап алған
1,219
оқылды

Көкшетауда зейнеткерді алдап, 16 миллион теңгеге жуық ақшасын алған екі алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Алаяқтардың алғашқы құрбаны 71 жастағы қала тұрғыны болды, ол белгісіз адамдарға сеніп, 9 млн теңге, 11 400 АҚШ доллары және 1000 еуродан астам ақша берген. Бұл ақшаны зейнеткер әйел 40 жыл бойы жинаған екен.

Зейнеткерге 5 қазан күні кешкі уақытта қоңырау түскен. Алаяқтар жәбірленушіге оның шетелде тұратын әпкесі жол-көлік оқиғасына тап болғанын және оған 7 млн теңге шамасында шығынды өтеу қажет екенін айтқан. Сонымен қатар, қоңырау шалған алаяқтың дауысы жиенінің дауысына ұқсас болғандықтан, әйел бұл ақпаратқа толықтай сенген. 

Бірнеше сағаттан кейін алаяқтардың бірі қала тұрғынының үйіне келіп, бастапқы сомасы 7 млн теңгені алып кеткен.

Зейнеткерді алдау оңай екенін түсінген алаяқтар ота жасау үшін 2 млн теңге, АҚШ доллары және еуро беруге көндірген. Алаяқтар ақшаның қалған бөлігін алып, “әпкеңізге ота жасалып жатыр, қоңырау шалмаңыз” деп ескертеді. Зейнеткердің әпкесі өзі қоңырау шалғаннан кейін ғана алаяқтардың құрбаны болғанын түсінді.

14 қазанда тағы бір көкшетаулық зейнеткер дәл осындай өтірікке сеніп, алаяқтарға 870 мың теңге ақшасын беріп жіберген.

“Екі факті бойынша да полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері жәбірленушілерден ақша алған Солтүстік Қазақстан облысының екі тұрғынын анықтап, ұстады. Күдіктілердің айғақтарына сәйкес, олар белгілі бір пайызды өздеріне қалдырып, дереу аталған шоттарға ақша аударған. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр”, – делінген полиция хабарламасында.