Биыл «Қарызсыз қоғам» бағдарламасы арқылы 60 мың адамды оқыту жоспарланған.
«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 52 мың адам білім алды – Эльдар Жұмағазиев
789
оқылды

Мәжілісте «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауаттылығын арттыру туралы» тақырыбында тыңдау өтті. Жиын барысында «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев «Қарызсыз қоғам» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған шаралар жөнінде ақпарат берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Партия хатшысының айтуынша, негізінен қазақстандықтар несиені той, тұрмыстық техника сияқты қажеттіліктер үшін, сондай-ақ көп көпбалалы отбасылар оқу жылы басталар алдында балаларды киіндіру мақсатында алады.

«Балаларды киіндіру үшін алады екен. Мешіт, партия, әкімдік көмектескенімен, «жетпейді» дейді. Қыс жақындағанда көмір алу үшін несие алады. Балалардың саны көбейген сайын, үйдің ауқымы да өседі. Үйдің жанына құрылыс қосамыз, тағысын тағы. Той-салтанат, тағы басқа шығындар бар. Тағы да қосымша айтатын нәрсе, азық-түлік мәселесі, күніне он дана нан басамыз, сөйтіп, балаларымызды асырап отырмыз дейді», – деді Эльдар Жұмағазиев.

Биыл «Қарызсыз қоғам» бағдарламасы арқылы 60 мың адамды оқыту жоспарланған. Бүгінге дейін 52 мың адам білім алған. Қатысқан адамдардың 64,1% – әйел адам, 56,9% – көпбалалы отбасы өкілі, 10,7% – жұмыссыздар, 13% – 60-тан асқан зейнеткерлер.

«Қарызсыз қоғам» бағдарламасы бойынша оқыту мақсатында 60 сарапшы, 18 юрист жұмыс істеп жатыр. Сарапшылар 45 адамға банкроттыққа өтуге көмектескен және 1 181 адам реструктуризация жасап, 2 551 депозит ашылған.

«Үнемдеу мәдениетін қалыптастырып жатырмыз. Кола, шемішке, чипсы алғанша, керексіз шығынды депозитке салыңыз деп айтып жатырмыз. Екі мыңнан көп адамға жеке кәсіпкерлік ашуға көмектестік. Нағыз сұранысқа ие болған – отбасының бюджетін қалыптастыру мәселесі. 15 908 тегін бизнес жоспар жасауға көмектестік.

Мәселен, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйдібек ауылының тұрғыны, көпбалалы ана, жасы 37-де. Күйеуі жұмыс істейді, жалақысы – 128 мың тг. Мойындарында жеті кредит бар. Оның төртеуін шамасы келіп төлеп отыр. Үшеуін төлеп отырған жоқ. Қазір біздің күшімізбен өзі шағын наубайхана ашып, табысын көбейтіп отыр.

Ең ауыр мысалдардың бірі зейнеткерлерге байланысты. Олардың мойнына балалары мен немерелері алған. БҚО, Теректі ауданы. Зейнет жасындағы ата мен апа. 72, 69 жаста. Ортақ табысы – 150 700 теңге. Бұлардың кіші қызы ақсақалдың атынан несие алған. Қазір зейнетақысының 85 пайызы несиені жабуға кетіп отыр.

Тағы бір мысал, БҚО, Бөрілі ауданы. 22 жастағы студент қыз. Әке-шешесіне айтпай, 2,5 млн қарыз алған. Оқуға төлеймін деп, бірақ оқудан шығып кеткен. Айлық төлемі – 285 мың тг. Ал өзінің тауып отырғаны, бар болғаны – 70 мың тг. Соған байланысты банктермен келісіп, төлемақысын 80 мыңға келістік.

Сонымен қатар көпке үлгі боларлық кейс жайлы айтып өтсем. Бір отбасы баласы 1-сыныпқа барғанда, ата-анасы депозит ашқан. Күйеуі құрылысшы, әйелі еден жуушы. Екеуі бірігіп, артық ақшасының бәрін депозитке жинай берген. Қазір бала сегізінші сынып оқиды, шотында 15 млн тг бар. Осы отбасыны мысал етіп, бәріне айтып жүрміз», – деп атап өтті партия хатшысы.

ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен жиынға Түркістан облысы, Түлкібас ауданының тумасы, төрт баланың анасы Мөлдір Тұрысбекова арнайы келіп, қатысты. Ол өзінің басынан өткен оқиғаны бөлісіп, «Қарызсыз қоғам» жобасының өзіне пайдасы зор болғанын айтты. Көпбалалы ананың төрт несиесі бар екен.

«Бұл бағдарламаға сенімсіз болып келгенмін. Өйткені, бұл бағдарлама бойынша оқу өзімнің жұмыс орнымда өтті. Жергілікті әкімдіктен естіп, келдім. Қатысып көрген соң, бір аптадан кейін, қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша білім алғанымды сезіндім. Яғни, өзім кредит алғанда, оның пайыздарына қарамай, түсінбей алған екенмін. Оқу барысында көптеген мәселелерімді шешім алдым десем де болады. Балаларымды өзім қарыз алып жүрген соң, қарызға өте бейім. Дүкеннен қарыз алсам, олар да «анашым, мен де қарыз ала салайын» деп бастайды. Қазіргі таңда балаларға ондай дұрыс емес екенін айтып жүрмін. Қазіргі таңда айлығым – 131 мың тг. Жәрдемақым – 55 мың теңге. Ал кредитім – 250 мың теңге. Ол кредитті мен қазіргі уақытта төлеп жатқан жоқпын. Банк менің шоттарымды бұғаттап тастады. Қаржылық сарапшылармен кеңесе отырып, шоттарымның біреуін ғана аштым. Қалған шоттарым ашылуы үшін жұмыс үстінде. Мен көпбалалы аналар атынан келіп отырмын. Себепсіз кредит алмауға шақырамын.

Бүгінгі күні екі мәселемен келіп отырмын. Кредит алмас бұрын, бірінші, қаржылық сауаттылығымызды арттырып, оның пайыздарын түсініп барып алу керек. Екінші, айлық табысты көбейсе деген ойда, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу. «Ауыл аманаты» жобасына қатысып көрдім. Маған мақұлданбады. Бюджеттік қызметкерлерге 2,5%-бен несие алуға мүмкіндік берсе деген ұсынысым бар. «Қарызсыз қоғам» жобасын оқып, дамытып, жалғасын тапса деген ойдамын. Бұл жоба өте қажет. Ауыл тұрғындарына осы жоба бойынша білім алуға кеңес беремін», – деді Мөлдір Тұрысбекова.

Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, елімізде жастардың 85%-ы смартфон, басқа да гаджеттерге әуес. Осыған байланысты жиі несиеге ұрынады.

«Басты тұжырымдама, осы классқа келген халықтың 80 пайызы табысты қалай көтеру керек жолдарын айтсаңыздар дейді. Соған байланысты «Ауыл аманаты» бағдарламасының мәртебесі өсіп жатыр. Дұрыс емес дағдылар адамдардың табысын көтеруге кедергі болып тұр. Әке-шешесінің көргенін қайталайды. Одан нәтиже жоқ. Халықты жаппай сауаттандыру үшін қаражат бөлінуі тиіс деп есептейміз.

Партия хатшысының сөзінше, жобаға қатысқандар 63,1% банк несиесі жайлы ақпарат білмейді. 69 пайызының ертеңге күнелтетін ақшасы жоқ. Жалақысын алғашқы аптада жойып тастайды. Сондай-ақ азаматтардың 38 пайызының мойнында екі-үш кредиті бар. 13 пайызының 10-нан аса несиесі бар.

«Шығатын қорытынды: үнемдеу мәдениеті жоқ, қаржылық сауаттылық деңгейі төмен.

Биыл алпыс мың, келесі жылдан бастап 750 мың адамды оқыта бастаймыз. Оның ішінде мектеп, колледж, университет оқушылары және 200 мыңнан аса ауыл тұрғыны бар. «AMANAT» партиясының жанынан колл-центр ашылады. Бүкіл халыққа қызмет ететін онлайн платформаны іске қосамыз», – деді Эльдар Жұмағазиев.