Елімізде жыл сайын шамамен 5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық түзіледі.
«AMANAT»: Қоқысты қайта өңдеп, кәдеге жарататын ұсыныс айтты
894
оқылды

Қазақстанда қоқыс мәселесі ең өткір экологиялық проблемалардың бірі саналады. Елімізде жыл сайын шамамен 5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық түзіледі. Алдағы жылдары оның көлемі бұдан да ұлғая түсуі мүмкін. Алайда мәселенің шешімі әлі табылған жоқ. Керісінше, тек қарқын алып барады. Көп полигонда санитарлық нормалар сақталмайды. Жиі өрт тұтанады. Ал тұрғындар арасында сұрыптау мәдениеті әлі де қалыптаса қоймады. Ел аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды іріктеу және өңдеу үлесі шамамен небәрі 25%-ды құрайды.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату мәселесі партияның Сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі саналады. Соған сәйкес, ҚТҚ-ны қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесін 2027 жылға дейін 36%-ға, ал экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келетін полигондар үлесін 30%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл мәселе ҚР Парламенті Мәжілісінің Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың ерекше бақылауында. Мәселенің өзектілігін ескере отырып, партия жанындағы Республикалық экологиялық кеңес ҚТҚ мәселелері, атап айтқанда әкімдіктердің Коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын (бұдан әрі – бағдарлама) әзірлеуі және өңірлерде саланы дамыту шаралары бойынша екінші мәрте отырыс өткізді.

Алайда бұл басқосудың дәстүрлі талқылаудан ерекшелігі сол, әкімдіктер ҚТҚ-ны басқару аясында нақты шараларды жүзеге асыру бойынша тәжірибелік білім мен дағдыға ие болды. Кездесу барысында Бағдарлама әзірлеу, мемлекет қолдауына ие болу, сондай-ақ МЖӘ тетігі шеңберінде саланы дамыту бойынша ұсыныстар берілді. Республикалық экологиялық кеңестің төрағасы Бауыржан Смағұлов дәл қазір әкімдіктерге осындай орталықтандырылған түсіндіру жұмысы қажет екенін атап өтті.

«Заңнама талаптарына қарамастан, жергілікті жерлерде ҚТҚ-ны басқаруға қатысты мемлекет саясатын жүзеге асыруға жауапты әкімдіктер осы уақытқа дейін коммуналдық қалдықтарды басқару туралы бағдарлама қабылдаған жоқ. Бұл аталған саладағы шараларды тиімді жүзеге асыруға кедергі келтіреді. Жергілікті атқарушы органдарда бірыңғай тәсіл жоқ. Сондықтан өңірлердегі ахуалға шұғыл тексеру жүргізу қажет. Бүгінде тек Ақтөбе қаласында ғана бағдарлама қабылданды. Өзге қалалар мен аудандар да жұмысты жандандырып, әріптестерінің тәжірибесімен танысып, оны қабылдап алуы қажет», – деді Бауыржан Смағұлов.

Өз кезегінде, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Динара Ажигалиева коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы саясатты жүзеге асырудағы 3 негізгі проблеманы атады. Олар: саланы дамытуға қатысты стратегиялық пайымның болмауы, коммуналдық қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау, қайта өңдеу және көму инфрақұрылымының дамымауы, сондай-ақ халыққа тұрақты түрде түсіндіру жұмысының жүргізілмеуі. Коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасы осы мәселені шешудің іргелі стратегиялық құжаты болуы тиіс.

«Экологиялық кодексте елорда, республикалық және облыстық маңызы бар қалалар, сондай-ақ аудандар деңгейінде бағдарламалар әзірлеу жөніндегі норма көзделген. Бұл әр аймақтың ерекшелігін ескеруге мүмкіндік береді. Бағдарлама әкімдіктер үшін ҚТҚ-ны басқару саласындағы мемлекет саясатын жүзеге асыруға қажет әдістеме болмақ. Біз бейінді ведомство ретінде әкімдіктер бағдарламаларды сапалы әзірлеуі үшін әдістемелік ұсыныс әзірледік. Мәселен, ең алдымен, әрбір жекелеген өңірде қалдықтардың пайда болу және жинақталу нормаларын, ҚТҚ-ны жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму тарифтерін, сондай-ақ қалдықтардың мемлекеттік кадастрын және осы саладағы кәсіпкерлік субъектілердің тізілімін ескерген жөн», – деді бейінді ведомство өкілі.

Өз кезегінде, ӨКМ операторының функциялары берілген «Жасыл Даму» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Қабдолданов коммуналдық қалдықтарды басқару саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып берді.

«Бүгінде қалдықтарды жинауды, тасымалдауды және қайта өңдеуді жүзеге асыратын кәсіпорындардың материалдық базасын қаржыландырудың екі тетігі бар. Оның бірі – коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі Бағдарламалар шеңберінде қаржыландыру. Әр әкімдік оған материалдық-техникалық базаны жарақтандыру, инфрақұрылым нысандары және т.б. бойынша өз қажеттілігін енгізеді. «Жасыл Даму» бейінді министрліктің келісімін алғаннан кейін екінші деңгейдегі банктермен келісім, әкімдіктермен меморандум жасау арқылы қаражат бөледі. Екінші тетік – оператордан қаражат алатын және өңдеуші саладағы жобаларды одан әрі қаржыландыру, жүзеге асыру жұмысын жүргізетін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы қаржыландыру», – деді «Жасыл даму» өкілі.

Сонымен қатар, осы салада МЖӘ тетігі аясында жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі бар. Бұл туралы «Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығының» басқарушы директоры Айдос Көбетов толығырақ айтып берді.

«Бүгінде МЖӘ тетігі шеңберінде 2,6 трлн теңгеге жасалған 1100 келісімшарттың тек үшеуі ғана ҚТҚ саласына тиесілі. Осы орайда, МЖӘ арқылы ҚТҚ жобаларын жүзеге асырудың үш нұсқасына тоқталайын. Мәселен, мемлекет сервистік келісімшарт шеңберінде жеке әріптесінен ҚТҚ басқару қызметтерін сатып ала алады. Сондай-ақ, жеке инвесторлар қолданыстағы мемлекеттік кәсіпорынды жаңғыртып, одан әрі пайдалануына мүмкіндік жасалды. МЖӘ-нің тағы бір нұсқасы – жеке инвестор жаңа нысан салып, кейін оны мемлекет меншігіне беру, ҚТҚ-ны басқару қызметін пайдалану және қызмет көрсету», – деп түсіндірді спикер.

Кездесу барысында Бағдарлама қабылдаған Ақтөбе қаласының әкімдігі ҚТҚ-ны басқару саласын дамыту бойынша өз тәжірибесімен және көзқарасымен бөлісті.

«Бағдарламаны әзірлеу үшін қала әкімдігі конкурстық негізде жеке әзірлеушіні таңдады. Құжатты дайындау барысында қаладағы коммуналдық қалдықтарды басқарудың қазіргі жағдайына талдау жүргізілді, секторды дамытудың проблемалары мен перспективалары анықталды, сондай-ақ экологиялық заңнаманың талаптарына сәйкес, коммуналдық қалдықтарды басқару жүйесін жақсарту үшін кешенді шаралар әзірленді. Осы жұмыстың нәтижесінде, 2023-2027 жылдарға арналған сапалы стратегиялық құжат дайындалды. 2023 жылы 20 маусымда әзірленген бағдарлама Ақтөбе қаласы мәслихатының шешімімен бекітілді», – деді Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басқармасының орынбасары Жомарт Бақыткелді. 

Еске сала кетейік, биыл 19 қыркүйекте Экологиялық кеңес отырысының қорытындысы бойынша әкімдіктерге қалдықтарды басқару бағдарламаларын бекіту жұмысын жеделдету жөнінде тиісті ұсыныстар берді. Биыл 26 қыркүйекте Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов 1 қарашаға дейін өңірлерде коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын бекітуді және жыл соңына дейін рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің санын 2 есе қысқартуды тапсырды.