Әлемде қанша халық болса, сонша түсінік пен таным, дәстүр мен салт, мереке мен мейрам бар. Мерекелер мемлекеттік, ұлттық, кәсіби сынды түрлерге бөлінгенімен, көзге таңсық көрініп, құлаққа оғаш естілетін мейрамдар да баршылық.
Мейрамда да мейрам бар, тойлануы бір бөлек
999
оқылды

Жалпы, әлемде  тәуелсіз елдердің нөмірі бірінші мерекесі – ол Республика және тәуелсіздік күндері. Себебі кез келген мемлекет үшін сол елдің азаттығынан, тәуелсіздігінен асқан құндылық жоқ. Ендеше біз де Республика мерекесі қарсаңында мерекелер туралы аз-кем толғап көрсек дейміз. 

Еліміз жалпы халық тойлайтын мерекелерден кенде емес. Соның ішінде мемлекеттік және ұлттық мере­келердің жөні бір басқа. Былтыр «Қазақстан Республикасындағы мере­­келер туралы» заңға 25 қазан – Рес­­­публика күні ұлттық мереке және 16 жел­­­тоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болып белгіленетін өзгерістер енгізілді. Өткен жылғы мамыр айында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің тарихи жадын жаңғырту үшін үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды екенін айта келе, ел дамуының жаңа ба­­­сым­дықтарын белгілеп алу керек екенін атап өтті.

«Ұлттық мерекелер мен атаулы күн­­­­дер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақ­­­­стан­­ның Егемендігі туралы декларация қа­­­былданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мем­лекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деді  Президент.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1990 жылдың 25 қазаны мем­ле­­кетіміз дәуіріндегі ерекше дата бол­ғаны сөзсіз. Бұл күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен тарихи құжат – «Қазақ Кеңестік Социалистік Респуб­­­ликасының мемлекеттік егемендігі тура­­лы» декларация қабылданды. Бұл құжат Қазақстанның нағыз тәуелсіздігіне апа­ратын құқықтық бастама болды. Қазақ­­­станның толық мемлекеттік тәуелсіздігін ресімдеудің жаршысы болған бұл құ­жатты дайындау кеңестік империяның кеңістігінде белең алған экономикалық және саяси құлдырау жағдайында жүр­гізілді. Осы ретте бұл құжаттың оңай­­лықпен қабылданбағанын да айта кет­кен жөн. КСРО Жоғарғы Кеңесі бас­­­­­­шы­­­­лығы Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылдануын үнемі тежеп отырғаны белгілі. Сондық­­тан Қазақстанның тағдырын шешкен осы саяси-құқықтық құжатты әзірлеу әрі қабылдау азаматтық батылдықтың көрінісі болды. Себебі сол сәттен бастап-ақ егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде әлемге таныла бастады. Осы­лайша, қабылданған декларация Қазақ­­станның болашақ тәуелсіздігінің ірге­­тасын қалады. Бұл декларацияның қабылдануымен дербес­­тігін мәлім ететін жеке террито­­риясы, азаматтығы, мем­лекеттік бюд­жеті, ха­­лық­­­аралық қаты­настардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Қазақ­станның егемендігі және террито­­рия­­сының тұтастығы саяси, құқықтық және эконо­микалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгеріс енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем карта­­сындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Рес­публикасының негізі қаланды. 

Басқа елдер Республика күнін қалай тойлайды?

Әлемнің көптеген елінде осы Рес­­­публика күнін өз деңгейінде атап өте­­ді. Мәселен, 11 қаңтарда Албанияда «Албания Республикасы күні» той­­ланады. Мереке 1946 жылдан бастап фа­шистердің орнына келген комму­нистік режим Албания Халық Респуб­­ликасы болып жарияланған  кезден атап өтіледі екен. Әзербайжанның респуб­­лика күні 28 мамырда тойла­­нады. Себебі 1918 жыл­дың 28 мамырында Әзербайжан Демо­­­кра­­­тиялық Республикасы құрыл­ған. Арме­­­ния да республика күнін тура осы күні атап өтіп келеді. Ал Пә­­кістан Ислам Республикасының күні 23 нау­рызға бел­гіленген, бұл мейрам 1940 жылы Лахор қарарының қабыл­­­дануымен тіке­­­лей байланысты. 1950 жыл­­­ғы 26 қаң­­­тардан Үндістанда «Үн­­­дістан Республикасының күні» тойланса, 31 мамыр – Оңтүстік Африка күні елде 1910 жылы Ұлыбри­­­таниядан тәуелсіздік алған күнге бай­­­ланысты атап өтіледі. Оған қоса, 1961 жы­­­лы сол күні Оңтүстік Африка Респуб­­ликасының Мемлекеттік пре­­зиденті лауазымы енгізілді. «Италия Рес­­публикасы күні» (Festa della Repubblica italiana) – 2000 жылғы 20 қарашада Ита­лия пре­зиденті қол қойған заңға сәйкес бел­гіленген мемлекеттік мереке. Бұл датаны тойлау 1946 жылғы 2 мау­­­сымда өткен рефе­­рендумда қабылданған тари­­хи шешім­дерге негізделген.

Мерекені ел тарихынан ерекше орын алатын тұлғаларға бай­­­ланысты да бекіткен елдер де бар. Мә­­селен, 17 маусым – «Исландия Респуб­­­ликасының күні» Исландияның тәуел­­­сіз­­­дік қозғалысына үлес қосқан ел­­дің ұлттық батыры Йон Сигурдс­сонның туған күнінде атап өтіледі.

Ал 1 қазандағы Қытай Халық Республикасының құрылу күні елде бес күн бойы атап өтіледі. Бұл күн­дері Қытай астананың басты көше­­­лері мен алаңдары сан мыңдаған гүл ком­­­по­зициясымен безендіріледі, одан бөлек әскери шерулер, концерттер, вик­­­тори­налар, шерулер, үлкен салюттер – мұның бәрі Республика күнінің ажы­рамас ат­рибутына айналған.

Ал Түркияда 1923 жылғы 29 қа­занда мемлекет консти­туция­сына түзетулер енгізіліп, ел республика деп жарияланды. Бұл оқиға Осман им­периясының түп­кілікті ыдырауына әкел­ді. Рес­пуб­лика күнінде мұнда да түрлі түсті феери­калық шоулар ұйым­дасты­рылады, әс­кери шерулер өтеді.

Солтүстік көршіміз Ресейде бұл мерекені әр республика әртүрлі уақытта тойлайды және басты мереке са­налады. 3 шілде Беларусь Респуб­ликасының күні, бұл сондай-ақ «Бела­русьті азат ету күні», «Тәуелсіздік кү­ні» деп те аталады. Бұл дата Екінші дү­ниежүзілік соғыс кезінде ел аумағының неміс басқыншыларынан азат етілген уақыты ретінде тарихқа енген. Мерекені осы күні  тойлау туралы шешім 1996 жыл­ғы референдумда қабылданған.

Ұлттық және мемлекеттік мерекенің айырмашылығы

Ұлттық мереке  Қазақстан мем­­­ле­кеттілігінің дамуына елеулі ықпал еткен, ерекше тарихи маңызы бар оқи­­­ғалардың құрметіне Қазақстанда белгі­ленген ме­реке болса, мемлекеттік мерекелер – қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған, сондай-ақ Қазақстанның аза­маттары дәстүрлі түрде атап өтетін ме­рекелер. Ұлттық мерекелерді атап өту кезінде орталық және жергілікті мем­ле­кеттік органдарда ресми іс-шаралар өткізілетін болса,  мемлекеттік мереке­лерді мейрамдау кезінде ресми іс-ша­­ралар өткізілуі мүмкін делінген.    

Мемлекеттік мерекелерге мына төмендегі атаулы күндер жа­­­­тады: 1-2 қаң­тар – Жаңа жыл; 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні; 21, 22, 23 наурыз – Наурыз мейрамы; 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні; 7 ма­мыр – Отан қорғаушылар күні; 9 мамыр –  Жеңіс  күні; 6  шілде –  Ас­тана күні; 30 тамыз – Конституция күні. Ал 25 қазан – Қазақстан Республикасы күні. Ол – ұлттық мереке.

Соңғы уақытта Жеңіс күні деп ата­латын  9  мамырды тойлаудан алыс-жақын біршама ел ресми түрде бас тарт­ты. Көптеген әлеуметтанушы мен саясаттанушы бұл шын  мәнінде жеңісті емес, соғысты насихаттайды деген пі­кірде екен.

Ел билігінің бастамасымен елі­міздегі мерекелер саны соңғы кез­де  тағы  екі  мерекемен толықты.  Олар: 1 наурыз – Алғыс айту күні  (2016 ж.)  деп белгіленсе, 1  шілде –  Ұлт­тық домбыра күні (2018 ж.) болып бе­кітілді. Бұл атаулы күндер мемлекеттік мереке ретінде белгіленбесе де, идеяны барлық қазақстандық зор  қуанышпен қарсы алғанын атап өту керек. Алғыс айту күнінің мақсаты – қазақ халқына, жақын адамдарына, ұстаздарға, жалпы қайырымды жандарға алғыс айту арқылы бірігуге, тұтасуға шақыру  болса, Ұлттық домбыра мейрамының мақса­ты – «нағыз қазақ –  қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп ақын Қ.Мырза Әлі айтпақшы, ұлттық дәстүрге тағзым ету, қастерлеу арқылы ұлттық өнерді ұлықтау.

Сонымен қатар  елімізде ма­ман­дыққа байланысты кәсіби мере­­келерді атап өту үрдісі қалыптасқан. Әртүрлі еңбек ұжымында тойланатын, аза­мат­тардың жекелеген санаттары атап өтетін 40 шақты кәсіби мереке күні бар екен. Мысалы, Теміржолшылар күні, Ұстаздар күні, Орманшылар күні, Отан қор­ғаушылар күні, Өрттен қорғаушылар күні, Медицина қызметкерлері күні, Полицейлер күні... тағысын тағылар. Осы кәсіби мерекелердің ішінде Отан қорғаушылар күні (7 мамыр), Мем­­лекеттік рәміздер күні (4  маусым), Бас­пасөз күні (28 маусым), Қазақстан Халқы тілдерінің күні (22 қыркүйек), Ұлттық валюта күні (15 қа­раша)  ресми мереке күні ретінде аталып өтіп жүр. 

Отбасы құндылықтарын наси­хаттау мақсатында атаулы күндер қатары толыққанын айта кетке­німіз жөн.  «Отан отбасынан басталады» деген қағидаға сүйенсек, шаңырақ бірлігін нығайтатын себептердің бірі – әулет адамдарының бірге уақыт өткеруі,  ортақ қуанышты бірге бөлісуі екені айқын. Осы ретте еліміздегі мерекелік күн­дер санатына қос мейрам қосылып, мамыр айының екінші жексенбісінде Аналар күні,   маусымның үшінші жек­сенбісінде Әкелер күні аталып өті­леді. Бұл даталар  халықаралық бекітілген күн­дерге сәйкес тойланады. 

Мереке деген – идеология

Мереке деген жай той тойлатып, думандатып, қарын тойғызып, шеру жасау емес. Әлемдегі әрбір мемлекет өз­дерінің таным-түсініктеріне сай мере­келерін де идеологиялық құралға айнал­­дыра білді. Сол мерекелер арқылы отан­­­сүйгіштікті, елжандылықты, мейі­рімділікті насихаттайды, жақсылыққа үн­дейді. Осы ретте «Қазақ елінде қандай мерекелер мен атаулы күндерді атап өт­­кен жөн» деген сұрақ туындауы заңды. Бұл  сұраққа ақын, мәдениеттанушы Болат  Шарахымбай былай деп жауап береді.

«Біздіңше, ең алдымен қазақ хал­­қының тарихы мен рухына сай келетін мерекелер болмағы ләзім. Ол атаулы күн­дер жастардың бойында ұлттық рух пен ұлттық намыс рухын егу парыз. Мәселен, «Жоңғар құрсауынан азат бол­­ған күн», «Абылайдың ақ туы көтерілген күн», «Қазақ хандығы құрылған күн», «1916 жылғы  ұлт-азаттық көтерілісі күні», «Түркістандықтардың бірлігі  күні», «Желтоқсан ұлт-азаттық көте­рілісі күні», тағы басқа. Осы атаулы күн­дердің қай-қайсысы да мемлекеттік тұрғы­дан кеңінен атап өтуге тұрарлық, елімізде жал­пыхалықтық мәнде қас­терленуге әбден сұранып тұр», – дей­ді ақын. 

Сонымен қатар кезінде   «Әулие Валентин күні» («Ғашықтар күні» деп аталып жүр), Хеллоуин  деген батыстық мерекелер де біздің елімізде кеңінен етек алып тойланып кеткені белгілі. Бірақ қазақ жастары атап өтетін махаббат күніне ұлттық рухтағы мағы­на беру үшін  15 сәуірді «Қозы Көр­пеш – Баян сұлу күні» деп балама күнді ұсын­ған. Бұл өз кезегінде жақсы бастама бол­­­ға­ны рас. Себебі жастар әрі қазақ мифологиясындағы ғашықтық кейіп­керлермен танысса, әрі мерекенің жал­­пы мағынасы да құдіретті махаб­баттың мәң­гілік екеніне үндейді. Бірақ бұл күн­дер ресми мерекелер қатарына кірмейді. Тек қоғам тез қабылдаған құбылыстар ғана. Ал өзбек билігі  Әу­лие Валентин күнін атап өтуге ресми түрде қатаң ты­йым салып, оны  «Бабыр­дың күні» де­ген атаумен алмастырған екен. Осы күні өзбек жастары ұлы Ба­быр­дың поэзия­сына, әсіресе Шығыс шайыр­ларының ғашықтық ғазалдары мен жыр­­ларына үңіліп, өздерінің сүйіс­пен­шілік, адам­гершілік, тазалық, адал­дық жайлы ой-түсініктерін тереңдей түседі екен. 

 

ТҮЙІН:

Әлемнің кейбір елінде шошқалар фестивалі, маймылдар күні, майшабақтар күні секілді жануарларға арналған күндер де бар. Сонымен қатар бір-біріне бояу шашатын немесе апельсин-қызанақ атысатын мерекелер де бар. Дегенмен бұл мерекелердің біздің таным-түсінігімізден тым алшақ екенін байқаймыз. Алғыс айту күні, домбыра күні секілді атаулы күндер асты ысырап етпейтін, мейірімділік пен жақсылыққа, қазақтың салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына аса мән бергізіп, насихаттайтын мерекелер қатарында десек аса артық айтпағанымыз. Бұл орайда ұлттық және мемлекеттік идеяны ұлықтауда мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндердің рөлі зор екені мәлім. Ұлттық, қоғамдық маңыздағы мерекелер елдің мәдениетін дамытумен қатар халықтың рухани құндылықтарын да жаңғырта түседі.

Наурызбек САРША