Фотография – өміршең өнер. Өткенімізді дәл сол қалпында көз алдымызға әкелетін де, бүгінімізді таспалап тарих бедерінде қалдыратын да – фотографияның жемісі.
Асылхан  Әбдірайымұлы: Бір суретпен өлең шығаруға, тіпті роман жазуға болады
2,175
оқылды

Нағыз кәсіби фотограф үшін адамның сыртқы келбетін ғана емес, ішкі болмысын «сөйлете» білу маңыздырақ. Осы уақытқа дейін ұлттық болмысымыз бен салт-санамыздан сыр шертетін құнды мұрағаттар сақталып келді. Сол тарихты жасаушылар – ардагер фотографтарымыз еді. Халыққа елеулі еңбегі сіңген тұлғалардың бірегейі фотопублицист, ұстаз – Асылхан Әбдірайымұлы. Ол ғұмырының жиырма бес жылдан астам уақытын фотография саласына арнаған. Әлі де арнап келеді.

– Фотография – шығармашылық көз­қарасты талап ететін сала. Осы кәсіпте жыл­дар бойы қызмет атқарып келе жатқан маман­дардың бірі – өзіңізсіз. Әңгімемізді қазіргі шығармашылық тынысыңыздан бастасақ. 

– Қазір фотография саласымен айналысатындар өте көп. Әлемде 8 миллиард халық бар десек, оның 6 миллиарды күнде­лікті суретке түсірумен айналысады. Кейбірі  түсірген суретін әлеуметтік желіге жария­лайды. Фотография – қоғамға, әлемге ықпалы зор, адамдар көп қолданатын өнер түрі. Кәсіби тұрғыда қарастырсақ, фото­графия өнері үш жанрға бөлінеді. Олар: техникалық, көркемдік және деректі фото өнері. Мәселен, көлік немесе ұялы телефон сынды техникалық құралдар түсірілген суреттер – техникалық фото түріне жатады. Көркемдік фото түріне табиғаттың сұлулығы, сәнді киімдер көрінісін қарастыруға болады. Ал деректі фотоға ақпараттық бағыттағы суреттер кіреді, яғни фотожурналистика. Деректі суреттің басты міндеті – қоғамда орын алып жатқан оқиғаларды сол қалпында беру. Осы аталғандардың ішінде менің негізгі бағытым – деректі фото жанры. Фотожурналистика саласына 1990 жылы келдім. БАҚ саласында жиырма бес жыл көлемінде фотожурналист болып қызмет атқардым. Қоғамға қажетті және өзіндік сұранысы бар газеттерде жан-жақты тақы­рыптарды түсірумен айналыстық. Жиырма бес жыл аралығында жинаған тәжірибем мен көрген-білгенімді жастарға үйретсем, оқулықтар арқылы қазақ қоғамын өзекті ақпаратпен қамтамасыз етсем деген әуелгі мақсатыммен қазір осы салада қызмет етіп келемін. Ұстаздық қызметте жүргеніме он жылдан аса уақыт өтіпті.

– Фотография әлеміне қандай мақсатпен келдіңіз?

– Бала кезде адамда шексіз армандар болатыны рас. Жастық шағымда әртүрлі бағытқа қызығып өстім. Мектеп қабырға­сында 7-сыныпта оқып жүрген кезімде көр­ші баланың фотоаппаратына қызы­ғатынмын. Оқу бітіретін тұста анам маған фотоаппарат сатып әперді. Сол фотоаппарат­пен айналамдағы көріністерді суретке түсіріп жүрдім. Мектепті тәмамдаған соң басқа салаға оқуға қабылдандым. Мәскеу қала­сында орналасқан Су шаруашылығы ин­ститутына оқуға түстім. Содан кейін Мәскеу қаласынан қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ауысып келдім. 1990 жылы География факультеті, соның ішінде Су инженері мамандығы бойынша ҚазҰУ-ды (КазГУ) тәмамдадым. Су бар жерде – өмір бар дейді. Сол заманда Мәс­кеу­ге пойыз үш күн бойы жүретін. Үш күн пойызбен барар жолда, ұшақпен келгенде іштей арманым болды. Туған жерім Түркістан қаласынан әрі қарай Қызылорда, Ақтөбе қалалары арқылы Ресейге жол жүріп бара жатқан сәтте шөл далаларды көріп, ішімнен: «Әттең, осы даланы көгалдандырып, көркейтсек екен», – деп ойлайтынмын. Алдыма осындай мақсаттар қойып жүріп  дипломымды алып, оқуды да аяқтадым. 1988 жылы университетті бітірген соң жас маман ретінде ҚазҰУ-да қалдым. Ғылыми бағыттағы университетте екі жыл қатарынан Іле-Балқаш проблемасы бойынша ғылыми жұмыспен айналыстым. Ал 1990 жылы ғылыми жұмысымды қорғау үшін Мәскеуге кетуім тиіс еді. Себебі Кеңес өкіметі тұсында диссертацияны қорғау орталық қала Мәскеуде жүзеге асырылатын. Алайда осы кезеңдерде Кеңес өкіметі ыдырай бастады. Әрі қарай жағдай өршіп төңкерістер басталды. Сол жылдары таныстарым маған Мәскеу қаласына бару қажет емес екенін ескертті. Міне, содан бері алған дипломым мен кандидаттық диссертациямды шетке ысырып қойып, фототілші қызметіне аяқ бастым. Өзіме экология бағыты жақын болғандықтан «Атамекен» атты апталық газетке қызметке орналастым. Мұнда бір жыл қызмет еткеннен кейін «Қазақстан әйелдері» республикалық журналынан шақырту келіп түсті. Одан кейін «Парасат», «Заң» журналдары қызмет бабы бойынша шақырды. Кейін он жеті жыл көлемінде «Жас алаш» газетінде жұмыс істедім. 

– Күн өткен сайын технологияның қарқыны өсіп барады. Қазір қалтадағы ұялы телефонмен-ақ оқиғадан дереу ақпарат тарататын әуесқой фотографтар көбейді. Кәсіби деңгейдегі фотограф пен әуесқой фотографтың айырмашылығы қандай? Суретті кәсіби маман түсіргенін несіне қарап тани аламыз?

– Фотография саласында кәсіби және әуесқой мамандар жұмыс істейді. Бұл саланы өзінің күнделікті тұрмысына жарататындар бар. Қазіргі заманда қалтадағы ұялы телефон кез келген адамның сурет түсіруі үшін ыңғайлы құралға айналды. Тіпті, телефон арқылы фильмдер мен бейнебаяндар түсіріп жатады. Негізі кәсіби фотограф қашанда атына сай маман ретінде бағаланады. Оның әлемде өзіндік орны бар. Кәсіби деңгейі мықты фотографтар «Біз суретті түсірмейміз, суретті жасаймыз», – деп айтады екен. Фотограф бір шүріппені баса салумен шектелмейді ғой. Кәсіби маманның әуесқой фотографтан айырмашылығы сол – шын маман әрбір түсірген суретіне шығарма деп қарайды. Бір суретпен өлең шығаруға, тіпті роман жазуға болады. Әуесқой фотограф түсірген суреті арқылы терең ойын жеткізгісі келе ме, көпшілікке жариялай ма, жарияламай ма еркі өзінде. Әуесқой фотографтар – аты айтып тұрғандай-ақ әуестенген дүниесін түсіруге бағытталған. Сол себепті кәсіби маманның аты қашан да – кәсіби. Фотограф тек композиция, сюжет сынды терминдермен шектелмей, қоғамда болған оқиғаларға жан-жақты көзқараспен қарап, әлемдік жаңалықтардан хабары болуға тиіс. География, саясат пен мәдениет  саласында ашық болуы маңызды. Осы – нағыз кәсіби­лік. Ол суретке түсірер алдында барлығын ой елегінен өткізіп, композициялық құ­рылы­мы мен техника сапасына мән береді. Экспозициясын сол сәтте құрастырады. Ал тетікті басу – соңғы қадам. Кәсіби ма­ман­ның суретінен айтылар ой көзге анық көрінеді. Суреттің өзі сөйлеп тұрады. Тіпті, көрген адам суретті өздігінен оқи алады. 

– Журналист – әмбебап мамандық иесі ғой. Бүгінде журналист қандай аймаққа барса да, оқиғаны өз бетінше таспалауға бейімделген. Осы тұста фотожурналист үшін фотоаппараттың қай түрін таңдау маңызды? Қандай режимді пайдаланған дұрыс?

– Заман талабына сай журналист өз кәсібінде әмбебап болуы маңызды. Кез келген жағдайда халыққа жеткізер ақпаратын сапалы, мағыналы етіп ұсынуы  тиіс. Болып жатқан оқиға қас-қағым сәтте жылдам өзгеріске ұшырауы мүмкін. Сондықтан журналист фотоаппаратын оқиға қарқынына лайықтап ыңғайластырып алғаны дұрыс. Оқиғаға жақындауға болатын, кейде алыстан қарайтын кездер болады. Осы маңыздылықты ескере отырып, фотожурналист оқиға мазмұнына сай құрал-саймандарын сайлап жүргені тиімді. Тағы бір айтарым, фотожурналист ешқашан болып жатқан оқиғаға араласпауы керек. Егер ол оқиғаға өздігінен араласып, суреттерді қолдан жасаса, ақпарат жасанды болып қалады. Сондай-ақ фотоаппаратта «жылдамдық артықшылығы» деген режим бар. Осы тұста оқиғадағы сәттерді сапалы түсіріп алу үшін жылдамдық режимін қою керек. Маман­дығын шынымен қалап келген адамның бойында мұндай тәжірибелер уақыт өте келе қалыптасады. 

– Осы тұста әуесқой фотографтардың көбеюі – кәсіби фотографтың жолын орап кетеді деп ойламайсыз ба?

– Жоғарыда әлемде 6 миллиардқа жуық суретке түсірумен айналысатын адам бар екенін атап өттім. Түптің түбінде кәсіби маманның үздік шыққан туындыларын халық міндетті түрде іздейді. Қазіргі жастар тілімен айтқанда, «лайк басады». Оны кей­бірі өзіне сақтап қояды. Сондықтан кәсіби мамандарға жұмыс жеткілікті. Себебі фотография өнерінің білім мен ғылымға, мәдениетке, денсаулыққа, қысқасы, барлық салаға ортақ қатысы бар. Елімізде қазір кәсіби маман тапшы деп айтсақ та болады. Мықты, шын маманға ұсынылар жұмыс көп. Осы орайда «әттеген-ай» дейтін тұстарымыз да жоқ емес. Бүгінде ақын-жазушыларға, мәдениет саласына еңбегі сіңген әншілерге жыл сайын марапат табысталады. Меніңше, фотографтардың да еңбегі бағалануы керек. Өйткені фотография мамандары қоғамға жұмыс істейді. Әлемде Нобель сыйлығын ең көп иемденген – Польша мемлекеті екен. Қарап тұрсаңыз, Польша жер көлемі бойынша біздің бір облысымызбен теңесетін мемлекет қой. Польшада 23 адам Нобель сыйлығын алған. Ал Қазақстанда Нобель сыйлығын алған бірде-бір тұлға жоқ. Фотография тұрғысынан зер салып қарасақ, Балтық елдерінде мемлекет тарапынан фотография саласындағы еңбегі үшін 12 адамға Мем­лекеттік сыйлық берілген. Қоғамға қосқан үлесі бар шығармашылық иелері мемлекет тарапынан бағаланғаны дұрыс. 

– Қазір түсірген суретімізді сол сәтте шығарып беретін фотоаппаратар трендте (instax және т.б). Қалай ойлайсыз, мұндай суреттердің сапасы ұзақ сақтала ма?

– Кезінде Polaroid деген фотоаппарат түрі болған. Бұл фотоаппарат арқылы кез келген көріністі суретке түсіріп, сол сәтте шығарып аласыз.  Шындығында, жылдам жасалған заттың сапасы да сын көтере бермеуі мүмкін. Мұндай фотаппарат түрлері саяхатшылар үшін қолайлы болуы мүмкін. Ал кәсіби деңгейдегі суретшілер арнайы фотоаппарат қолданады. Біздің кезімізде суреттерді химиялық әдістермен шығарды. Қазір технологияның дамуымен принтер арқылы шығарылып жүр. Одан өзге де жеңілдетілген әдістері бар. Өкінішке қарай суреттің сақталу сапасының ғұмыры қысқа. Әртүрлі бояу мен ұнтақты қолданудың нә­ти­же­сінде сурет жылтырап, көзге әдемі көрінгенімен, біршама уақыт өткеннен кейін бояуы ұша бастайды. Ал сапалы дүниелер арнайы типографияда басып шығарылады. 

– Мұрағатыңызды ақтарып отырып, Дінмұхаммед Қонаев атамызды таспалаған суретіңізді байқап қалдық. Қонаевпен қалай кездестіңіз? Сол бір тарихи сәттен қандай естеліктерді бөлісер едіңіз?

– Жиырма бес жыл қызметімде көптеген тарихи тұлғалармен кездестім. 1992 жылы Дінмұхаммед Қоневтың «Өтті дәурен осылай» атты кітабы жарық көрген еді («О моем времени»). Кітапты бізге ұстаздық еткен, қоғамға танымал, шебер журналист Серік Әбдірайымов ағамыз аударған. Журналға Дінмұхаммед Қонаевтың суретін беру керек болды. Осы мақсатта журналиспен Қонаевтың үйіне бардық. Қазір бұл үй мұражайға айналған. Біз үйге келген бойда есікті  Д.Қонаев атамыздың өзі ашып, қол алысып ішке кіргізді. «Ұлық болсаң, кішік бол» дегендей ол өте қарапайым, келген адамды ізгі ниетімен қарсы алатын тұлға болды. Материалға қатысты сұрақтарға жауап берді. Бір кезде Д.Қонаев маған: «Інім, қарсы бөлмеде бір суретке түсіріп жіберсеңіз», – деп өтініш айтты. Сосын қарсы бөлмеде суретке түсірмекші болдым. Бөлмеге кірсем, қабырғада ағамыздың жұбайымен түскен суреттері ілінген екен. Ағамызды суретке түсіріп болған соң бөлмесінен шыққаннан кейін ол маған кітабын тарту етті. Кітаптың ішінде орысша жазылған тілегі мен қолтаңбасы, кездескен күніміздің мерзімі көрсетілген. Қазақ тіліне аударғанда кітапта «Ізгі ниетпен Дінмұхаммед Қонаев» деп жазылған. Қонаевтан қалған сол бір кітап әлі күнге дейін үйде сақтаулы тұр.  Кейін оның сұхбаттарын оқып қарасам, жұбайымен елу жылдан аса уақыт бақытты өмір сүріпті. Берген сұхбаттарын оқи отырып, тектілігі мен тазалығын, жұбайына деген адалдығын байқадым. Біз үйіне барып суретке түсірерден біраз уақыт бұрын жұбайы қайтыс болған екен. Сол кездері жұбайын сағынып жүрген екен ғой. Диме­кеңнің шаңырағында екі рет болдым. Екі кездесуде де дәрежесіне қарамастан адаммен адам деңгейінде санасатын, өзгенің айтқан сөзін мұқият тыңдай білетін қарапайым болмысын танытты. Қонаевпен амандасқан сәтте қолы өте жұмсақ болды. Алақаны арқылы Димекеңнің жан-дүниесінің тазалығы мен адалдығын сезінуге болады.

– Кезінде сіз түсірген сурет Халық қаһар­маны Қасым Қайсеновтің көңілінен шығып, соңында қас батырдың шаңы­рағынан бір-ақ шыққан екенсіз… 

– Газетте қызметте болған жылдары соғыс ардагерлерін суретке түсіріп жүре­тінмін. Сол кездері тұңғыш президент Н.Назарбаевтың тұсында өнер тарлан­дарына стипендия берілетін. Сондай бір шаралардың біріне жолым түсіп, оқиғаны дереу таспалауға кірістім. Қасым Қайсенов ағамыздың орындықта таяғына сүйеніп отырған сәті. Бірде қасына Н.Назарбаев келіп, Қасым Қайсеновтың айтқан сөздеріне құлақ қойып тыңдап тұрды. Тарихи сәтті жіберіп алмай, екеуін суретке түсіріп алдым. Бұл сурет кейін газетке жарияланды. Ра­сын­да түсірген суретім Қасым Қайсенов ағамызға ұнаған екен. Журналистер арқылы суретті шығарып беруімді айтып, өтінішін білдіріпті. Бір күні суретті қағазға шығарып, Қасым ағамыздың үйіне алып бардым. Туындыны өзіне табыстағанымда ағамыз риза болып, жастығының астынан бір зат алып жатыр. Бастапқыда кітап шығар деп ойладым. Бірақ олай емес. Жақында ағамыз зейнетақы алыпты. Содан ол менің қаламақымды төлегісі келген екен. Бірақ қолын қайтарып, бұл менің жұмысым екенін, ағамыздың қан майданда көрсеткен ерлігімен ұрпаққа бәрін беріп қойғанын айттым. Ризашылығын жеткізіп, батасын беріп шығарып салды. Батырдың өзімен шынайы кездескен сәтте оның бойында нағыз халық батырына лайық қасиеттердің барын, адамгершілік тұрғысынан биік адам екенін ұғындым. 

– Тарих қойнауына көз жүгіртсек, Рысқали Дүйсенғалиев, Нұрғожа Жұбанов, Сайлау Пернебаев, Қайрат Мұстафин, Съезд Бәсібеков, Рахымбай Ханалы сынды аға буын өкілдері фотография саласында біршама іс атқарып, артынан із қалдырып кетті. Осындай тұлғалардың күні бүгінге дейін жеткен, маңызын жоймаған қандай еңбектерін атап өтер едіңіз?

– Алдымыздағы ардагер ағаларымыздың барлығын өмірде толық көрмесем де біршамасымен кездестім. Сол кісілердің мұрағаттарымен таныстым. Әсіресе, жасы тоқсаннан асса да қолынан фотоаппараты түспеген ағаларымыздың бірі – Рысқали Дүйсенғалиев ағамыз еді. Рысқали ағамның шаңырағында болып, батасын алдым. Ол фотография өнерін ерте бастаған нағыз маман еді. Рысқали Дүйсенғалиевтің мұрағатында тарихи тұлғалардың көптігін байқадым. Әттең,  ағамыздың артында мұ­ра­ға­тын жинап, сақтайтын адам болмаған­дықтан біразы шашылып кетті. Қазір қолымнан келгенше біразын жинақтадым. Жазушылар одағының төрағасы болған Ғабиден Мұстафиннің ұлы – Қайрат Мұс­тафин ағамыз еді. Ол Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов сияқты тұлғаларды суретке түсірген классикалық туындылардың авторы. Дендірбай Егізов төрт олимпиадаға барып, өмір бойы бір ғана «Спорт» газетінде жұмыс істеген. Олимпиадада мықтылығымен көзге түскен чемпиондарды таспалаумен айналысты. Тарихта қалған қайталанбас суреттердің осы күнге дейін сақталып қалғанына басымды иемін. Жүрген жерімде ардагер ағаларымыз жайлы жастарға айтып отырамын. Сондай-ақ жақында ұстазым Сайлау Пернебаевтың «Ақ пен қара» деп аталатын фотоальбомы жарық көрді. Сайлау ағамыздың фотосурет түсіруден өзге керемет айтқыштығы, сөзді тауып айтатын қасиеті бар еді. Ол өзін Төле бидің жетінші ұрпағы­мын деп айтып жүретін. Сөзге шебер, шын­дықты тура бетке айтатын тұлға болды. Бізге дейін  қоғамға қызмет еткен, суреттері баға жетпес құнды дүниеге айналған аға­ларымыз өмір сүрді. Біз – сол кісілердің ізін жалғаушы ұрпақпыз.

– Қазір қазақ фотография өнерінің мектебі қалыптасты деп айта аласыз ба?

– Иә, қазір фотография мектебі қалып­тасты деп айтуға болады. Өйткені қазір әр­түрлі жанрда фотосурет түсірумен айна­лыса­тын жастар көбейді. Қуанарлық жаңа­лық, осы жылы Алматы полиграфия колледжінде 100 бала Фото ісі мамандығы бойынша грант иегері атанды. Оның ішінде 50 бала – қазақ бөліміне, 50 бала – орыс бөліміне оқуға қабылданған. 

– Студенттерге өткен сабағыңызда қа­зақ сән өнеріндегі ерекше құнды дүние­лер­дің бірі – шапан туралы айтқаныңыз есі­мізде. Тіпті, кезінде өзіңіз де сол шапанды көпшілік алдында киіп шыққан екенсіз. «Көпті көрген» шапанның тарихи маңызы қандай?

– Бір қызығы, жақында немеремді Орталық мемлекеттік мұражайына алып бардым. Мен айтып жүрген шапан мұражайда осы күнге дейін сақтаулы болатын. Қазір мұражайдың ішіне біраз өзгеріс енгізіпті. 90-жылдары «Қазақстан әйелдері» газетінде жұмыс істеп жүрген кезімде Мақсат Дүйсмағанбетов екеуміз Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласына іссапарға бардық. Жаңаөзенде Тайжан Досанов есімді халық шебері тұрады. Сол кісімен әңгімелесіп, сұхбат құрдық. Тайжан Досанов өз үйінде шапан тігумен айналысады. Сосын ол бізге Маңғыстаудағы Каспий теңізінің жағалауында орналасқан Форт-Шевченко ауданында ақындар айтысы болатынын хабарлады. Айтыс «Қырымның қырық батырын» алты ай жырлаған Мұрын жырау­дың 150 жылдығы аясында ұйымдастырылған екен. Біз сұхбат алған кейіпкердің шапандары шараға қойылды. Форт-Шевченкоға барғаннан кейін: «Асылхан, мына шапанды сен киші. Ал әйелдің киімін жұбайым киеді», – деп қолқа салды. Шынымды айтсам, өмірімде киіп көрмегем. Шапан тау­текенің оюымен көмкерілген. Сол шапанды ақындар айтысында киіп шықтым. 

– Сіз құрған «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі кезінде мемлекеттің қаражатынсыз жеті экспедиция жасаған екен. Қазір фото­графтар арасында мұндай үрдіс сақталған ба?

 – «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі – коммерциялық емес, фотожурналистерден құралған еркін шығармашылық ұйым. Фотография саласында жастарға практика­лық дәріс беру, мамандардан тәжірибе алмасу – басты мақсатымыз. Үш буыннан тұратын қатысушыларды біріктіріп, арнайы экспедиция ұйымдастырдық. Бізге алдын ала мемлекеттен ешқандай қаражат беріл­меген. Алғаш бірлестік құрылған жылы «Шалкөде – елдің жайлауы» атты экспедиция ұйымдастырып, Хан Тәңірі баурайына шықтық. Үш күн бойы сонда түсірілім жұмыстарымен айналыстық. Экспедицияға Алматы облысының әкімшілігі қолдау көр­сетті. Одан кейін Ұлытауға, Қазақ хан­дығының 550 жылдығына орай Қозыбасыға экспедиция жасадық. Түркістан, Арыстан баб, Алтай мекендеріне шықтық. Соңғы экспедициямызда Маңғыстауда орналасқан Бекет атаның басына бардық. Тағы бір көздегеніміз – барған өңірлеріміздің табиғатын таспалау арқылы туризмді дамытуға үлес қосу еді. Экспедиция  аясында тек табиғат көріністерін ғана емес, тарихи маңызы бар ескерткіштер орналасқан аймақтарды да қамтуға тырыстық. Соңғы жеті экспедициядан кейін пандемия жағдайына байланысты жоспарларымыз әлі жүзеге аспады. Дегенмен кейде жақын аймақтарға шағын экспедиция ұйымдас­тырып отырамыз.

– Өзіңіз жайлы мынадай бір қызықты деректі көзіміз шалды. Аталарыңыз кезінде Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулат­ұлының тәлімін көрген, туыстық жақындығы бар жандар болған екен. Сонау репрессия жылдары Торғай өңірінен қоныс аударып, Түркістан өлкесін мекендеген көрінеді...

– Әкем қырық бес жасында дүниеден озды. Ол кезде мен жеті жаста едім. Аталарымды көрген жоқпын. Анам – Түркістанның қызы. Есімі – Шәрбан. Әкем – Әбдірайым, атам – Жүсіп, бабам – Байсалбай.  Анам маған осы тақырып төңірегінде әңгімелеп беретін. Анамның айтуынша, кезінде бабаларымыз Қаратауды асып, Торғай өңірінен Түркістанға қарай қоныс аударған. Байсалбай бабамыз, Жүсіп атам, Торғай өңірінде Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовтар, қазақтың руына салғанда Арғын, оның ішінде Сарыжетім, Шақшақ елінен. Ата-бабаларымыз Түркістанға келген соң мұнда 1920 жылы Түрксіб теміржолы салынып жатқан еді. Ата-бабаларым теміржолдың салынуына демеушілік ретінде екі жүздей жылқы берген екен. Алайда артынша олар кәмпескеге ұшырап, Сібірге айдауға жіберілген.

– Сіз үшін фотография деген не? Бір ауыз сөзбен қалай түйіндер едіңіз?

– Фотография бұл – тарих, дерек, өнер.

– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ